Ата кәсіпті меңгеру – басты мақсат
«Әкесі бардың жебесі тастан өтеді» деген даналық сөздің жаны бар. Буыны қатаймаған бала кезімнен әкем үй шаруасына икемдеді. Әрбір істің орнықты, тиянақты жасалу жолын көрсетіп, үнемі бағыт-бағдар беріп отырды. Кез келген ер азамат қолынан келетін жұмысқа ынта-жігерін арнағаны абзал. Сонда алға қойған мақсаты, ойлаған жоспары оңтайлы жүзеге асады.
Қашанда әке ғибратын тереңнен сезіне білген мен үшін өмірлік ұстанымды қалыптастыру қиындыққа соқпады. Кішкентайымнан мал шаруашылығы саласына қызығып, төрт түліктің төресі – жылқының бабын табуға машықтандым. Бүгінде жылқы малының тектілігіне, тұрпатына тереңнен қанығып, отбасылық кәсіпті жүргізуге дағдылана алдым. Тегеуріні мықты әкемнің қаталдығы өмірде шыңдалуыма септігін тигізді. Шын мәнінде, мал шаруашылығы саласында таза еңбекпен табысқа қол жеткізуге болады. Күні-түні күтімді қажет ететін жылқының асаулығы өз алдына бөлек әңгіме.
Асауға бас білдіріп, адам ырқына көндіруде сақтыққа көңіл бөлген дұрыс. Бір орнында тыпыршып тұра алмайтын асау жылқыны білектің күшімен, айла-амалмен өз еркіне көндіру де өнер. Көбіне біз асау айғырларды жуасытып, үйірге қосамыз. Сонда әкем: «Жылқы төліне ешқашан шаппайды, үйірдегі бірнеше байталды алыстан бақылап жүреді» деп айтып отырады. Қазақтың құс қанатына айналған жылқының қасиеті ерекше.
Алдағы уақытта отбасылық бизнесті жандандырып, мал шаруашылығын дамытсам деген ниетім зор. Жылқының саумалын, қымызын сатуға шығарып, көпшілік арасында сұранысты арттыруға ниеттімін. Негізінен, кез келген адам бизнесті бастамас бұрын халыққа өтімділігін, тиімділігін зерттегені дұрыс. Мұндайда әкемнің ақыл-кеңесі жол бастайтынына сенімім мол.
Мадияр ӘШІМОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1-курс студенті