Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық саяси тарихымыз туралы тұңғыш кітап қалай жазылды

Ұлттық саяси тарихымыз туралы тұңғыш кітап қалай жазылды

Ғалымдарымыздың пікірінше, Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» кітабы ұлттық саяси тарихымыз жөнінде жазылған тұңғыш еңбек. Ол 1924 жылы Мәскеудегі «КСРО халықтары кіндік баспасынан» жарық көрген.

Былтыр Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі үлкен рухани олжаға кенелді. Музей қызметкерлері ауыл-аудандарды аралап жүріп ХХ ғасырдың басында жарық көрген көне кітаптар мен мерзімді басылымдарды іздеп тапқан. Соның бірі — Қошке Кемеңгерұлы жазған «Қазақтың тарихы» кітабының түпнұсқасы. Жәдігер Ресеймен шекара түбіндегі ауылдарда бір ғасыр бойы сандық түбінде сақталып келген.

Бұл баға жетпес жәдігерлер отарлық саясаттың соққысына қатты ұшыраған солтүстік аймақтардың халқы кезінде Алаш ұлыларының шығармаларын жата-жастана оқып, ұлт руханиятымен сусындағанын әйгілеп тұрғандай.

Қазақ елінің тарихына зер салсақ, Ресейдің отаршылдық саясаты әбден күшейген ХХ ғасыр басында ұлтқа қызмет ету жолында өзін құрбандыққа шалып, езілген халықты сауатсыздық қапасынан алып шығуға талпынған зиялы қауымның ортақ мүддеге топтасқанын аңғарар едік.

Бұл оқсыз майданда ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханұлы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жол көрсетуімен қазақтың тарихы, мәдениеті мен өнері, шаруашылығы мен біліміне қатысты талай марғасқалардың кітаптары мен еңбектері, мерзімді басылымдар жарық көрді.
Сол руханият көшінен атақты «Алтын сақинасы» Қызылордадағы алғашқы қазақ театрының ашылуында сахналанған Қошке Кемеңгерұлының жұлдызы жарқырай көрінгені де мәлім. Ғалымдарымыздың пікірінше, алаш қайраткерінің 1924 жылы жарық көрген «Қазақтың тарихынан» кітабы ұлттық саяси тарихымыз жөнінде жазылған тұңғыш еңбек.

Қошке Кемеңгерұлының кітабы жайында Мұхтар Әуезов 1927 жылы мынадай баға берген: «Тарихтың дәл суреттерімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Халел Досмұхамедұлының „Исатай — Махамбет“ жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгерұлының „Қазақ тарихынан“ деген еңбектерін қарап өтсін дейміз».

Кезінде Мәскеуде Нәзір Төреқұлов шығарған «Темірқазық» журналының алғашқы санында (1923 жылы) Қошке Кемеңгерұлының жоғарыдағы еңбегі «Қазақтың саяси тарихи тұрмысынан» деген атаумен алғаш рет басылады.

Бұл туралы Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов айтып берді. Алаш қайраткерлерінің барлығы сол уақытта кітап шығарумен айналысқаны да мәлім.
Ахмет Байтұрсынов «Тіл-құрал», «Әдебиет танытқыш» еңбектерін шығарса, Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов «Психология», ал Қошке Кемеңгерұлы «Қазақтың тарихы» кітабы мен орыс сыныптарына арналған қазақ тілі оқулығын жазды.

Бұл сол уақыттағы алаш қайраткерлерінің ағартушылық бағытында қолға алған маңызды миссиясы-тұғын.

— Қошкенің кітабын ерекше жәдігерлер қатарына жатқызуға болады. Себебі оған дейін қазақтың саяси тарихынан сөз қозғаған қаламгер жоқ. Кітаптың титул беті сақталған. Орта тұсында «Қ. Кемеңгерұлы. Қазақ тарихынан» деп автор мен кітаптың атауы беріліп, төменгі жағына «КСРО халықтары кіндік баспасы. Мәскеу — 1924 жыл» деп басылған жері, мезгілі жайлы мағлұматталған. Күйі өте нашар, парақ шеттері мүжіліп тозған, қолға ұстап оқуға жарамсыз. Небәрі он бес беті сақталған. Мазұнына қарағанда 57 бет болуы керек. Мазмұнында «Басқармадан», «Меңгеру жайы», «Рамет жайы», «Әскерлік жайы», «Дін жайы», «Оқу жайы», «Жер жайы», «Ру жайы», «Қарсы қозғалыстар», «Қазақ хандарының мәдени мақсудтары», «Мәденилеу орыс қандай үлгі береді», «Мінез, хуқуқ жайы», «Ауыл шаруашылығының жайы», «Кәсіпшілдік жайы», «Денсаулық жайы» тақырып атаулары берілген. Кітапты оқыған адам мұның еш цензурасыз жазылғанын бірден аңғарар еді. Патша өкіметінің қалаларды орналастыру, форпостар салу саясаты жөнінде де талдап жазады. Кеңес дәуіріне дейінгі қазақтың өткеніне қысқаша шолу жасап, халқымыз «рулық коммунизмді» ұстанды деген түйін келтіреді, -деп қысқаша талдап берді кітап жайында ғалым.

Қошке Кемеңгерұлының 1923-1930 жылдар аралығында Орынбор, Мәскеу, Қызылорда, Алматы, Ташкент қалаларынан әдеби-көркем, тарихи, оқу-әдістемелік бағыттарында жазылған он кітабы жарық көріпті. Олар — бізге әзірше белгілі еңбектері ғана.

Бұл туралы алаш қайраткерінің тікелей ұрпағы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер жазады. «Қошке қалай ақталды?» деген мақаласынан ұлт ардақтысының қолына кісен салынған 1930 жылдан кейін 35 жыл бойы бірде-бір туындысы баспа бетінде жарияланбағанын оқып білдік.

Барлық кітаптары мен еңбектерін, қолжазбаларын НКВД органдары жойып жіберген.
«1965 жылы „Алтын сақина“ атты жинағы „Жазушы“ баспасынан жарық көрді. Таралымы он мың дана ол кітаптың баспа бетін көргені — Қошке ұрпағына көптен күткен қуаныш болса, сол уақыттағы қазақ қоғамында бұл жаңалық таңдану туғызды. Қаламгердің ұрпағы әкелері тіріліп келгендей күй кешсе, кейбір сыншылар алашордашыл жазушы „Кемеңгеров кемеңгерсіп кетті“ деп ескі сарынға салды. Ақыры билік басындағылар тарап үлгермеген басылымды оқырманға жеткізбей сатылымнан алдырды. Дәл осы аласапыран жылдары абзал азамат, көрнекті әдебиеттанушы Бейсенбай Кенжебаев қайраткер Смағұл Садуақасұлын өз мақаласында атағаны үшін қуғын көреді. Яғни, қанша жаңғыру кезеңі десек те, ақталған Мағжан, Смағұлдардың бай әдеби, ғылыми мұрасы жылы жабулы күйінде қала берді. Ал осы кезеңде Қошке еңбегінің кітап болып шыққаны — жаңалық, рухани өмірімізде айтулы оқиға болатын», -деп қалам тербейді Қайырбек Кемеңгер.

Ал «Алтын сақина» жинағының басылып шығуына сол тұста қазақ ғылымының таутұлғасы Қаныш Сәтбаев пен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов қолдау көрсеткені де мәлім болып отыр.

— «Қазақтың тарихынан» кітабы шын мәнінде халқымыздың саяси тарихы тұрғысынан алғашқы жазылған шығарма еді. Қошке Кемеңгерұлы өз еңбегінде 18-ғасырдан, яғни Абылайхан дәуірінен бергі кезеңді қамтиды. Абылайхан мен Кенесары ханға, сол замандағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлына тарихи тұрғыдан баға берген. Кенесары ханның соғысы, оның жеңілу себептері жайында сипаттап келіп, оны «Ұлт қаһарманы» деп атайды. Хан Кенеге қатысты мұндай мәртебелі атақты Қошке тарихшылардың ішінде тұңғыш болып қолданған. Яғни Отан тарихын алғаш рет тұлғалық принцип бойынша танытты. Кітап негізі 1922 жылы жазылған ғой, ол кезде ғалым небәрі 25 жаста, қылшылдап тұрған шағы еді. Бұл жылдарда Омбыдағы Батыс Сібір мемлекеттік медицина институтында оқып жүрген студенттік кезеңі. Кітаптың жазылу тарихына келсек, 1921 жылы Халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлы алаш қаламгерлеріне оқулықтар жазу жөнінде тапсырма берді. Ол жайында сол уақыттағы «Ақжол», «Бостандық туы» және өзге де басылымдарда мақалалар жарық көріп, Ахаңның тізіміне енген ұлт білімпаздарының есімдері жарияланады. Алғашқыда жаратылыстану ғылымы Қошкенің еншісіне бұйырса керек. Мағжан Жұмабаевқа қазақ-қырғыз тарихы жөнінде оқулық шығару тапсырмасы айтылғанымен, бұл міндетті Кемеңгерұлы атқарып шығады. Осылайша жастығына қарамастан Ақаңның тапсырмасын ойдағыдай орындап, терең білімділігін дәлелдеген, — дейді Қайырбек аға.

Алаш қайраткерінің ұрпағы әңгімесін тағы жалғай түсті.

— Қазіргі күні ел бойынша бұл кітаптың санаулы ғана данасы сақталған. Алматы мен Мәскеудің академиялық кітапханаларында барын білемін. Көрнекті саяси қайраткер Барлыбек Сырттановтың ұрпақтарында бір данасы жақсы күйде сақталған екен, оны алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайұлы сұрап алып, маған табыс еткеніне ризамын. Кереку елі үлкен қазынаға кезіккен екен. Бұл ел ішінде ғайыптан сақталып қалған екінші кітап болып отыр. Жалпы атамның артында қалған мұралары 1995 жылдан бері бірнеше дүркін кітап болып жарық көрді. 2006 жылғы үштомдығында да бұл кітабы қамтылды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы кітаптың кейбір жеріне «ҚБ», яғни «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен түзетулер енгізіп, тарихи оқиғаларға өз ой-пікірін қосып отырған. Кеңес өкіметі салтанат құрған 70 жылда Қошкенің еңбектері жайында қарапайым халық білмей келгендігі де шын. Оның бай мұрасы жөнінде алғаш 1988 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде әдебиеттанушы Рәзия Рүстембекова көлемді мақала берді. Кейін жоғарыда айтқанымдай 1995 жылы алаш ардақтысының таңдамалы шығармаларын бастыртады. Сол жинақта «Қазақтың тарихынан» кітабы алғаш рет кириллица қарпінде оқырман қолына тиеді. Ол Қошкенің ұлы Нарманбеттің қолында сақталған нұсқадан алынған. Ал кейін «Қазақстан» баспасынан алаштанушы Дихан Қамзабекұлы аталған кітаптың және тұлғаның өзге де шығармаларының басын құрап, түсініктерімен үлкен жинақ етіп шығартады. Жазушылар мен тарихшылар тарапынан бұл еңбек енді-енді зерттеле бастағаны байқалады», — дейді Қайырбек Кемеңгер.

Қошке Кемеңгерұлы кәсіби тарихшы емес. Кітап жарық көргеннен арада біраз уақыт өткенде Смағұл Садуақасов баспасөзде «Қазақ тарихынан?..» деген атаумен үлкен сын мақала жариялайды.
Оған қарсы Қошкенің «Бұл кітапқа біз 1921 жылдың көзқарасымен қарауымыз керек» деген өз жауабы да бар. Алаш үкіметі большевиктермен ымыраға келіп, Қазақ автономиясы енді құрылып, астанасын Орынбор етіп бекітіп, шекарасын шегендеп, Әлихан, Ахмет бастаған ұлт қайраткерлері автономияны құрғандығы үлкен бір жетістік еді.

Қошке елдің өз алдына дербестікке ие болғанына қуанып, сол сезімін осы кітапта түйіндеген. Алайда қазақ даласына Голощекин басшы болып келген 1924 жылдан бастап қызылдардың саясаты күрт өзгеріп, елдегі ауан басқаша сипат ала бастағаны анық еді.

Сондықтан кітапқа енген кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы саяси үдерістердің кейін басқаша қырынан танылуы заңдылық.

«Қазақ тарихынан» кітабында алаш қайраткері: «Халық қаһарманы Кенесары мен Наурызбай өлген соң қазақ елі жылдың оны өткенде мүлде жуасыды. Одан кейінгі күн шығыс мұсылман елдерінің көршілестік әсерімен Кіші жүз ішінде бірен-саран толқыншылар болды: Есет Көтібар баласы, Байқадам би, Жоламан батыр, Жанқожа Нүрміште баласы сияқтылар… Хүкімет қазақ баласын оқытқанда білім алсын, елін ағартсын деп ойлаған жоқ. Қазақтың жас баласын елінен айырып, орыстың рухын сіңдіріп, қазаққа орыстың идеясын тарататын үндеуші қылу мақсұтында болды. Жалпақ қазақ елінің білім-өнерге бейіл бермей жиіркенуі, тарихи көзбен қарағанда табиғи. Алғаш оқыған қазақ басшыларының балалары французға еліктеп, күлкіні күйлеген. Князьдардың, генералдардың үйлерінде тұрып, ойын-сауық, билеуді ғана үйреніп, тәрбиелі білім ала алмай, біраз оқыған соң сахараның магниті тартып, тұрған жерлеріне қайтатын болды», деп Ресейдің отаршылдық саясаты мен қазақтың алғашқы оқығандарының бейқамдығын ашық сынайды.

17 қараша 2024 ж. 64 0