Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қажырлы еңбекке – лайықты марапат

Қажырлы еңбекке – лайықты марапат

Ұлттық мереке қарсаңында облыс орталығынан сүйінші жаңалық келіп жеткен еді. Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен салтанатты іс-шарада саналы өмірін халқына, еліне қызмет етуге арнап, оның игілігі жолында беріле қызмет еткен абырой биігіндегі ана Алмагүл Бақтиярова «Құрмет» орденімен марапатталып, зор құрметке бөленді. Мемлекеттік награданы ардақты ардагерге облыс әкімі табыс етті.

Осы орайда аудан әкімі Берік Сәрменбаев еңбегін елге арнаған ардақты жанды құттықтап, шаңырағына арнайы сәлем бере барды. «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақ­тайық» жобасы аясындағы игі іс-шараға аудан­дық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыс­тық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы аудандық фи­­лиа­лы­­ның Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы қатысты. Аудан басшысы бастаған азамат­тар еңбек ардагерін Республика күні мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, мол бақыт тіледі. Сондай-ақ облыстың, ауданның қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, мемлекеттік наградамен марапат­талуымен құттықтады.

– Халқымызда «Өткенге – құрмет, бүгінге – өнеге» деген қанатты сөз бар. Осы айтылғандай, әр халықтың, әр елдің, әр жердің атын шығаратын тұлғалар болады. Бақтиярова Алмагүл Сайранқызы да – сондай жарқын тұлғалардың бірі. Сіз қандай салада болсын ел игілігі үшін жан аямай жұмыс істедіңіз. Халқымызда «Бидайдың басын көтергені – дәнінің жоқтығы, басшының кеудесін көтергені – ақылының жоқтығы» деген сөз бар. Қашан көрсең де сабырлы қалпынан таймаған Сіздің қарапайым да кішіпейіл мінезіңіз көпке үлгі. Алмагүл анамызды қалай мақтасақ та негіз бар. Қоғам мен отбасын қатар алып жүрген ер мінезді абзал жанның «Құрмет» орденімен наградталуы нағыз иесін тапқан лайықты марапат деп айта аламыз. Өзіңізге зор денсаулық, мол бақыт, амандық-саулық тілейміз, – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде Алмагүл Сайранқызы құрмет көрсет­кен азаматтарға алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

– «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» деген. Арнайы сәлем беріп, құттықтап келген өздеріңізге зор алғысымды білдіремін. Аналық ақ тілегімді арнап, амандық пен әрбір істеріңіздің сәтті болуын тілеймін. Өзім көзбен көрген, өзім жүріп өткен жолдарды кейінгі буын лайықты жалғап, кезеңі­не қарай жандандырып келеді. Әрқашан тілек­теспіз, керек жерде бағыт-бағдарымызды, ақылымыз­ды аямаймыз. Ақ ниет, адал қызметтің арқасында бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған жайым бар. Қандай награда алсам да, ел-халықпен бірге жасалған жұмыстың нәтижесі, – деді абзал ана.

Айта кетейік, саналы ғұмырын халыққа қыз­мет ету жолына арнаған абзал жан бұған дейін Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» атан­ған. Есімі «Алтын кітапқа» енген аяулы ана жетпіс бестен желдей есіп, жетпіс алтыны артқа тас­тап, мерейлі жетпістің жетеуіне зор құрмет­пен, лайықты наградамен қадам басқалы отыр. Ар­дақ­­ты ана бүгінгі күні де қоғам өмірінен бей-жай емес. Қысылтаяң сәтте аудандық басылым ар­қылы халыққа үндеу жариялап, қоғамдағы келе­лі мәселелерге қатысты көзқарасын білдіріп оты­рады. Ақылшы ана, абзал жанды біз де лайықты марапатымен құттықтап, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейміз!

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
29 қазан 2024 ж. 160 0