Ұлы ақынды ұлықтаған ұрпақ
Аудандық «Достық» үйінде облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі Сырдария аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен республикалық «Мың бала» жобасы аясында этнос оқушыларының арасында «Абай оқулары» байқауы өткізілді.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысына 6-9 сынып аралығындағы өзге этнос өкілдерінің оқушылары қатысып, өнерлерін көрсетті. Аталған байқауды өткізудегі басты мақсат – қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын, Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген этнос өкілдерінің ықыласын арттыру әрі еліміздің рухани бірлігін нығайту. Қатысушылар сайыста қазақтың ұлттық киім үлгісімен ерекшеленді. Әр оқушы ұлы ақынның шығармаларын нақышына келтіріп, жатқа мәнерлеп оқыды. Байқауға барлығы 8 оқушы қатысты.
Сайыста халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Ажар Оразымбетова және БАҚ өкілі төрелік етіп, қатысушыларға бағаларын берді.
Байқауға қатысушылардың тілді меңгеру деңгейін, қазақ тілінде таза сөйлеуін бағалаған қазылардың шешімімен жүлделі l орынды №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Ярослав Лавров қанжығасына байлады. Жүлделі ll орынға №37 мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы Анзор Хаджиев лайық деп танылса, lll орынға №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы Ақерке Азатқызы ие болды.
Байқауға қатысушылар арнайы алғыс хат және дипломмен марапатталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлық табысталды.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ