Абырой биігіндегі ауыл мұғалімі
Дүниедегі мамандықтың ішіндегі жауһары, барлық мамандықтың анасы – мұғалім. Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» демекші, ұстаз – барлық мамандық иесін оқытып, тәрбиелейтін ұлылық иесі.
Саналы ғұмырын ауыл балаларын білім нәрімен сусындатуға арнап келе жатқан жоғарғы санатты мұғалім, педагог-зерттеуші – Гүлшат Махантаева. Білікті ұстаз Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ұстаздықтың ұлы жолына түсуді бала кезінен мақсат еткен білікті ұстаз М.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Осыдан 37 жыл бұрын Нағи Ілиясов ауылындағы білім ошағынан еңбек жолын бастаған ардақты ұстаз аянбай еңбек етіп, енді аз уақыт ішінде ардагерлікке құрметпен жеткелі тұр.
– Ұстаздық жолды таңдауыма әкем себепкер болды. Әкем Бүркітбай Диқанбаев өзі де талай жыл ұстаз болып, абыроймен зейнеткерлікке шыққан кісі. Ал анам Дәмелі Сейтмағанбетова 40 жыл кітапханашы болып жұмыс істеген. Әкем мен анам 8 бала тәрбиелеп, біздің жоғарғы білім алып, өмірден өз орнымызды табуымызға жол көрсетіп, өмірімізге сара жол салып берді. «Қыз баланың оқитын оқуы – мұғалімдік пен дәрігерлік. Қыз жат жұрттық болғандықтан, қай жерге, қай елге барсаң да мектеп пен аурухана бар. Бұл екі мамандық өлмейтін мамандық» деп әкем айтып отыратын. Шүкір, барлығымыз осы екі мамандықта аянбай қызмет істеп, биіктерден көрініп келеміз, – дейді әкесінің сара жолын жалғаған ұлағатты ұстаз.
Осынау жыл шәкірттерінің бойына біліммен қатар адамгершілікті, адалдықты сіңіре білген, өз пәнін жетік меңгерген педагог-зерттеушінің ұстаздық жолда жеткен жетістіктері жетерлік. «Жыл мұғалімі байқауларының» жүлдегері, «Озат тәжірибе» мектебінің жетекшісі, II республикалық понарамалық сабақ байқауының II дәрежелі диплом иегері, Ақтөбе каласында өткен «Шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдер» слетінің делегаты. Білікті ұстаз педагогикалық еңбек өтілінде ұзақ мерзімді нәтижелі жұмыстары үшін Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының «Мәртебелі маман» медалімен марапатталған. Мұнан бөлек, «Ізденіс жолы» республикалық педагогикалық журналының дипломын, облыс пен аудан әкімінің Алғыс хаты, облыстық білім басқармасы, облыстық білім мен ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасы, республикалық «EL QURMETI» қоғамдық қорының «Құрметті педагогы» медалін иеленді. Білім беру саласында ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында Алматы қаласы «Gylym-bilim.kz» ұстаздарға арналған ғылым-білім интернет ресурсының бірлесіп дайындаған «Дидактический материал по русскому языку» атты әдістемелік оқу құралы жарық көрді. Сонымен қатар, «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығының дайындаған әдістемелік жинаққа, республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналдарға сабақтары енген.
Ұстаз әрқашан ізденіс үстінде болуы тиіс деп санайтын Гүлшат Махантаева көптеген курсқа қатысып, білімін одан әрі жетілдіруге тырысады. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, бүгінде шәкірттері орыс тілі пәнінен республикалық, облыстық, аудандық олимпиаданың жеңімпазы. Қазіргі таңда ауданның білім саласының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан, қанша жыл сіңірген еңбегінің арқасында шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет етуде. Бұл өлшеусіз уақыт пен сынаптай ағып өтетін жылдардың жемісі, шәкіртінің өмірден өз жолын табуына жол сілтеген ұстаздың жеңісі.
– Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деп жатады ғой. Мен мамандық таңдауда да, жар таңдаудан да қателеспедім деп айта аламын. Біз институт тәмамдаған уақыт өтпелі кезенге дәл келді. Сол кездері көптеген замандастарым саудамен айналысып кетті, көптеген мекемелер жабылып, совхоздар тарап жатты. Сол кезде әкемнің айтқан ақылы, көрегендігі болар, қандай аласапыран заман болса да мұғалім мен дәрігерлік мамандығы қалады деп. Мен сол кезде мамандығыма құрметпен қарап, бүгінгі таңда ұстаздық жолда еңбек етіп, жемісін де көріп келе жатқаныма қуанамын. Мамандығым – мақтанышым деп те айта аламын. Әр оқушымның жеткен жетістігі, өмірден өз орнын жаңылмай тапқандығы – сол жолдағы ең үлкен жетістігім. Жолдасым Қуанышбек Бисембаев та ұстаздық ұлы жолда қызмет атқарып келеді. Өмірлік жолында түрлі қызметте жұмыс атқарды. Үлкен әулетке келін болдым. Ата-енемнің тәрбиесін көрдім Отағасы екеуіміз берекелі шаңырағымызда 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірдік. 6 немеренің ата-әжесіміз. Балаларым әр салада жұмыс істейді. Жұбайым екеуіміз балаларымыздың мамандық таңдауына ешқашан араласқан емеспіз. Өздерінің қалаған мамандықтары бойынша жұмыс істеп келеді. Балам әскери қызметкер, бір қызым мұғалім, бір қызым дәрігер, – дейді отбасында сүйікті жар, аяулы ана.
Жүрегі жұмсақ, жайдарлы мінезінің арқасында әріптестерінің ортасында беделді кейіпкерім жас ұстаздарға жол сілтеп, тәжірибесімен бөлісіп отырады.
– Ұстаздардың ұстазы атанған Гүлшат Бүркітбайқызы – білікті ұстаз. Сабақ берумен қатар мектептегі қоғамдық жұмыстарға атсалысып, өз тәжірибесімен де бөлісіп жүреді. 37 жыл еңбек жолында 20 жыл орыс тілі және ағылшын пәні әдіс бірлестігінің жетекшісі. Осы жылдардың ішінде көптеген іс-шаралар, апталықтар, фестиваль, ашық сабақтың жоғарғы деңгейде өтуіне үлесін қосып келеді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, әр атқарылған жұмыстың сапалы орындалғанына мән береді. Еліміздің өркендеуіне үлес қосып, жас жеткіншектерге оқыту және тәрбиелеу жолында еңбек етіп келеді. Ұстаздық ұлы жолда аянбай қызмет етіп жүрген ұстаздың еңбегі өлшеусіз, – дейді әріптесі С.Оразбай.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА