Сырдариялық жас Студенттік декан атанды
Білім мен ізденісті тұмар еткен сырдариялық жас Жансая Әлтаева – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 3-курс студенті. Биология және биотехнология факультетінде білім алып, болашақ мамандығының іргесін қалап жатқан студенттің жетістігін жерлестері мақтаныш етеді.
Жансая – жақында университет қабырғасында өткен студенттік декан сайлауында оза шығып, осы жауапты миссияға лайық деп танылды.
Ізденімпаз, білімге құштар, қоғамдық жұмыста белсенділігімен танылған талантты жас бірінші курста оқып жүргенде-ақ студенттік бюро жетекшісінің орынбасары ретінде білім беру жүйесінің дамуына үлес қосты. Қатарынан екі жыл бойы жауапты жұмыстың алға жылжуына жәрдемдесті. Нақты айтқанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының бастамасымен Болон үдерісі бойынша құрылған студенттік бюроның негізі осыдан бірнеше жыл бұрын қаланған. Болон үдерісі бойынша студенттік бюро студенттер мен университет әкімшілігі арасында олардың бірлесіп қызмет атқаруы үшін алтын көпірге айналды. Студенттердің академиялық мәселелері бойынша мүдделері мен қызығушылықтарын қорғау және қолдау көрсету мақсатында құрылған ұйымға мүше болу нағыз абырой.
– Осы ұйымға мүше болу арқылы біз университетімізідің білім беру саясатының ашықтығы мен сапасын жоғарлатуға ұсыныстар айтамыз. Әсіресе емтихандардың дұрыс жолмен тапсырылуын қадағалаймыз. Болон үдерісі бойынша студенттік бюроның мақтанышы "Advice" студенттерді қолдау орталығы. Орталық бүгінде әкімшілік пен студенттердің сұхбат алаңына айналды. Әртүрлі сұрақтар бойынша студенттер анонимді түрде немесе жеке түрде келіп кеңес ала алады. Орталықта студенттердің өзі жұмыс жасайды. Олар жоғары курстың, университеттің академиялық саясатын меңгерген, басқа да нормативті-құқықтық құжаттарын білетін студенттер. Мұндай тәжірибелер әкімшіліктің студенттермен байланысын реттейді. Орталықтың басты мақсаты да студенттердің сенімін және конфиденциалдығын сақтау болып табылады, – дейді белсенді жас Жансая Еркінқызы.
Университеттің мақтанышына айналған Жансая Әлтаева енді Студенттік декан ретінде факультеттегі студенттер мен деканат арасын байланыстырып, олардың академиялық және әлеуметтік өміріне үлес қосатын болады. Көшбасшы сайлау арқылы студенттердің ең көп дауысына ие болып, осы абыройлы қызметті атқаратын болады.
Ғылым жолында еліміздегі ең таңдаулы университетінде білім алып жатқан Жансая Әлтаева аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Жансаяның әкесі Еркін – мәдениет саласында, ал анасы Гүлзат – жеке кәсіпкер. Жерлестер мақтанышына айналған түлек болашақ еліміздің бейнесі. Алдыңғы толқын аға буынның орнын басатын, ізін жалғастыратын білімге құштар, ізденімпаз, белсенді Жансаяға асқақ арманының орындалуына тілектеспіз!
Бибісара ЖАНӘЛІ