Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлтты ұлы ету – ауылды түлетуден басталады

Ұлтты ұлы ету – ауылды түлетуден басталады

Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің есімі атал­ғанда ағартушы деген теңеу қоса айтылып, қоса жазылады. Өйткені қайраткер-тұлға білім берумен қатар жұртшылықтың қоғамдық-саяси, руха­ни-мәдени дамуына жол сілтеп, саналы ғұмырын­да өркениет көшіне сай өнегелі істерді барынша дәріптеді. Осы тұста Берік Жәнібеков басқаратын аудандық білім бөлімінің бастамасымен өткізіл­ген тағылымы мол іс-шарадан ауданның білім саласының тізгінін ұстаған азаматтардың ағартушылық қарым-қабілеті анық аңғарылды. Олай дейтін себебіміз, педагогтар қауымы тағылымы мол іс-шара ұйымдастырып, білім берумен қатар қоғамның рухани-мәдени дамуына өз үлестерін қосты.

Сәрсенбінің сәтті күнінде шы­ғармашылық жұмыстармен айналысып отыр едім жұмыс телефоным шы­рылдады. Хабарласып жатқан ау­дандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков ағамыз екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін бөлім бас­шысы құт қонып, бақ дарыған Шір­кейлі ауылында ауқымды іс-шара ұйым­дастырылғалы жатқанын айтып, ой бөлісіп, сол іс-шараға қатысуға ша­­қырды. Шақыруды зор құрметпен қа­был алып, жұма күні білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің ұйытқы болуы­­мен өткізілгелі жатқан іс-шараға қатысу үшін берекелі ауылға бағыт ал­дық.

Біз мінген көлікті білім және ғылым қызметкерлері аудандық кәсіподақ ко­митетінің төрағасы Алмас Есназар тізгіндеді. Ауданның «Құрметті азаматтары» Сандыбай Сәдуақасов пен Ұлмекен Жаналиева үшеуміз мінген көлік Шіркейліге жетемін дегенше ау­данның білім саласының өткені мен бүгіні туралы орнықты ойлар, пайымды пікірлер әңгіме арқауы болды. Ардагер С.Сәдуақасов ағамыз білім саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен, қазір құрметті еңбек демалысында бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты ардагерлердің басын қосып, батасын алғалы жатқан білім бөлімінің бастамасын жоғары бағаласа, Ұ.Жаналиева кезінде өзі ұзақ жылдар басқарған білім бөлімінің әр жетістігіне шынайы қуанатынын, тілектес екенін айтты. Ал А.Есназар ауданның білім беру саласының жа­ңалықтары жөнінде ақпарат беріп, бізді ұлағатты ұстаздар мен озат оқу­шылардың жетістігінен хабардар етті. Осылайша, біз түс ауа ырысты ауылға табан тіреп, ауыл мектебіне келдік. Мұнда аудандағы әр ауылдан елуге жуық ардагер ұстаз бен мек­теп директорлары жиналыпты. Біз­ді аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков пен Шіркейлі ауы­лындағы №129 Ә.Жәмішев атын­дағы мектеп-лицейінің директоры Ж.На­за­ров қарсы алды. Ерекше айтып өту қажет, әлемді әбігерге салып, бізді де айналып өтпеген қауіпті індет талаптарынан бірнеше жыл еркін кездесе алмаған аға буын өкілдерінің бір-бірін көріп, арқа-жарқа болған ұзақ жылдардан кейінгі жылы жүздесуінен іс-шараның идеологиялық маңызы анық аңғарылып тұрды.
Бірнеше бағыт бойынша ұйымдас­тырылған іс-шара мектеп ауласынан басталды. Ең алдымен «Атадан мал қалғанша, тал талсын» деген та­қырыпта «Ардагерлер аллеясының» ашылуы өтті. Аллеяның ашылуында аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жә­нібеков сөз сөйлеп, іс-шараның түп­кілікті мақсаты мен мазмұны туралы айтып өтті.

– Ауыл – қазақтың алтын бесігі, ұлт мақтаныштарының темірқазығы. Сон­дықтан да «Ұлтты ұлы ету – ауылды түлетуден басталады» деп бекер айтылмаған. Бүгінгі іс-шараны аудан орталығында емес, Шіркейлі ауылында ұйымдастырғанды жөн көрдік, – деп бастады бөлім басшысы.

– Біз ауқымды іс-шараны бірлігі бекем, тірлігі көркем Шіркейліде ұйым­дастыру арқылы өзге ауылдарда да осындай іс-шаралар өткізуге бастамашы болғымыз келді. Сондай-ақ бұл іс-шараның Шіркейлі ауылында өткізілуінің де өзіндік мәні бар. Бұл ауылдағы мектеп білім саласына қойылып отырған талаптарға сай жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Білім ордасының ұстаздары – үлгілі, оқушылар – озат. Сол үлгілі істермен өзге мектептер танысып, тәжірибеге енгізсе деген мақсатымыз бар. Мұнан бөлек біз қасиетті Рамазан айында ардагерлердің басын қосып, ақ ба­тасын алып, мектептің оң жақ қап­талынан жаңадан «Ардагерлер аллея­­сын» ашамыз. Бұл – жас ұр­пақ үшін өнеге аларлық үлгілі іс бол­мақ. Саналы ғұмырын ел балаларын оқытуға арнаған, бүгінде бізге ақылшы, арқасүйер, жанашыр болып жүрген ардагерлердің еккен кө­шеттері болашақта жасыл желекке айналып, саясында ауыл балалары білім алады деп сенеміз. Біздің ша­қыруымызды қабыл алып, бүгін игі істің басы-қасынан табылып, қолдау білдірген баршаңызға алғыс айтамын, – деді Берік Съездұлы.

Мұнан соң ауданның білім саласы ардагерлер кеңесінің төрайымы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Күлбарам Әбілова, ауылдағы «Мәді-Қажы» серіктестігінің директоры Сейткамал Сұлтанов, ауыл әкімі Талғат Құламқадіров сөз сөйледі. Олар «Ардагерлер аллеясын» ашу идеясын қолдайтындарын айтып, игі бастаманың тағылымдық мәні зор екенін жеткізді. Сондай-ақ 9 сынып оқушылары Ақжүніс Қожанша мен Инабат Төребек ақын Ә.Жәмішев пен Ф.Оңғар­сынованың өлеңін жатқа оқыса, жоғары сынып оқушылары би биледі. Ал аллеяның ашылуында ауданның дамуына сүбелі үлес қос­қан ардагер-ұстаздар «Жас ұлан» ұйы­мының мүшелерімен бірге 50-ден астам көшет отырғызды. Көшеттер ма­ңына арнайы тақтайшалар орнатылып, талды еккен ардагерлердің аты-жөндері жазылды. Бұл іс бір жағынан мектеп ауласының жасыл желекке айналуына септігін тигізсе, екінші жа­ғынан жастар үшін зор үлгі-өнеге болды. Осылайша, «Ұлтты ұлы ету – ауылды түлетуден басталады» деген сөздің іс жүзінде іске асқанына жи­налған қауым ризашылықпен жоғары баға берді. Болашақта бұл маң жасыл желекті мекенге айналатынына сенім мол.

Ұстаздары – үлгілі, оқушылар – озат

Ауылдағы іс-шара ұстаздары үл­гілі, оқушылары озат білім орда­сының жетістіктерімен танысуға ұлас­ты. Көпшілік аллеяның ашылуы­­нан кейін мектеп-лицейдің екінші қаба­­тындағы «Рухани жаңғыру» дә­лі­зіне көтеріледі. Мұнда облыстық ғылы­ми жоба бай­қауының 6 жүлдегер оқу­шының жо­басын тамашалады. Рес­публикаға жолдама ал­ған 10 сынып оқушысы Жанбота Тәңір­берген шіркейлілік ақын, «Сырдария ауданының Құрметті аза­маты» Н.Әбілқасымовтың өмірі мен шы­ғар­машылығына арналған «Өмір­ден алып кетем үлесімді» атты ғы­лыми жобаны таныс­тырды.

Оқушы ақынның өмірі мен шығар­машылығы туралы кеңінен мағлұмат берді. Өмір сынына қайыспаған, қай­ратты, рухты ақынның өлең­деріндегі қазақы мінез, болмыс таза­лығын те­реңірек суреттеді. Сонымен қатар жігерін жырмен жаныған ақынның өмір­ге деген құштарлығын аңғартатын бірқатар мысал келтірді.

– Тіршілікте жұмыр басты пендеде жазмыштың жазғанына қарсы тұратын қайрат жоқ. Осындайда тіл ұшына «тағдыр» сөзі орала кетеді. Өлшеулі өмірде деннің саулығына жетер бай­лық бар ма? Оны ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың. Ал адам жаратылысынан өмір сүруге ғашық. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың жа­рық дүниеге деген құштарлығын тіл­мен айтып жеткізу қиын. Сырдың бойында осындай ерекше жан бар. Ол Шіркейлі ауылында өмір сүреді. Ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың қол-аяғы қозғалмайды. Ол бала жасынан осы дерттің азабын тартып келеді. Өмірге құштар азамат тағ­дырдың жазуына қарсы тұра білді. Өзі­нің жігерін қайрады. Жүрегінен жа­рып шыққан жыр шумақтарын алдымен ұялы телефонға жазып, сонда сақтап қойды. Аузына кішкене таяқ тістеп, телефонның тетіктерін ба­су арқылы көпшілікке өлеңдерін ұсын­ды. 2011 жылдың мамыр айында «Тағ­дырымның жанары» атты алғаш­қы кітабының тұсауы кесілді. Сол жылдың қараша айында поэзия номинациясы бойынша Алматыда өткен рес­публикалық «Самғау» сыйлығының ие­гері атанды. 2012 жылдың тамыз айында шахматтан облыс жеңімпазы болды. Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінде төрт аяғы тең басқан 92 ақынның арасынан алғашқы ондыққа еніп, халықтың ілтипатына бөленіп, дипломант атанды. Ал 2013 жылдың қазан айында Астанада өткен «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» ат­ты республикалық байқауда «Алтын қауырсын» номинациясының же­ңім­пазы атанды. «Тағдырымның жана­ры», «Тасжарған» атты жыр жинақ­та­рының авторы бүгінде оқырманның жоғары бағасына ие ақын, – деп ой түйіндеген Жанбота Тәңірберген ар­дагер ұстаздар мен жиналған қауымға ақынның өлеңдерінен үзінді оқып, талдап берді. Оқушының ізденісін, зе­ректігін жоғары бағалаған іс-шара қонақтары ғылыми жоба байқауына қатысушы оқушыға, ұстаздарына сәт­тілік тіледі.

Мұнан кейін мектеп-лицейдің мә­дени-көпшілік іс-шаралары ұйым­дас­тырылатын үлкен залында ардагер ұстаздар «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!» атты кездесуді тамашалады. Осы орайда төрт жоба таныстырылып, атқарылып жатқан жұ­мыстар баяндалғанын айтып өт­кеніміз жөн. Әуелі «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында 10 сынып оқушылары көр­некті жазушы Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» туындысын таныстырды. Көркем әде­биеттегі адалдық, мейірімділік, таза­лық секілді игі қасиеттер туралы ой қозғаған оқушылар көпшілікке кітап оқудың пайдалы тұстарын түсіндірді. «Парасат» дебат клубының мүшелері әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны турасында өз ойларын ортаға салса, «Театр» жобасы бойынша 9-сынып оқушылары көрініс көрсетті. Көріністе ата-ананы сыйлау, құрмет көрсету, қадірін білу секілді отбасылық қа­рым-қатынастың үлгілі ұғымдары на­си­хатталды. Сон­дай-ақ 11 сынып оқу­шылары «Өзін­-өзі басқару ұйы­мының» мектеп­те­гі рухани-мәдени, спорттық іс-­ша­­­­­ра­ларды же­тіл­діру ба­ғы­тында ат­­­­қар­­ған жұмыс­тарын та­ныс­тырды. Іс-­шарада ұстаздар мен оқушылар ән айтып, ардагер-ұстаз­дарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бір сағаттық уақытқа топтас­тырыл­ған, өте ұтымды ұйым­дасты­рылған іс-шаралар бір-бірімен үндесіп тұрды. Ардагер ұстаздар білім орда­сының да­йын­­­дығына жоғары баға беріп, білім шыңы­на жете берулеріне тілектестігін білдірді.

Ауызашардағы ақ бата

Тағылымы мол іс-шара соңында ардагер ұстаздарға арналған ауыз­ашар ұйымдастырылды. Білім бөлімі мен кәсіподақ комитеті бірлесе ұйым­дастырған ауызашарға ардагер ұс­таз­дардан бөлек ауыл имамы мен ауыз бекіткен білім саласының қызмет­кер­лері қатысты. Ауызашарда ата-ба­ба­лар рухына Құран бағышталып, дұға жасалды. Мұнан соң ардагер ұстаздар сөз сөйлеп, бір-біріне ақжарма тілек­терін білдірді.

– Бүгін біз үшін тарихи күн. Ұзақ жыл­дардан бері басымыз қосылып, арқа-жарқа болып, ақ дастархан басында бір-бірімізбен сұхбаттасудың сәті түсті. Бұл ұзақ жылдар ауданның білім беру саласында еңбек еткен ардагер ұстаздар үшін үлкен құрмет. Осындай құрмет көрсету іс-шарасын ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Ниет қабыл болсын, – деді ақ­жармалық ардагер ұстаз Жақсылық Әбіл­даев.

Осы тектес ақ тілектерді Ұлмекен Жаналиева, Сандыбай Сәдуақасов, Қанатбек Әбілқасым, Саракүл Төре­баева, Дана Омарова, Баян Сүюбаева бастаған ардагер ұстаздар да айтып, тілектестігін білдірді. Сала ардагерлері қасиетті айда ұйымдастырылған іс-шаралардың идеологиялық мәні мен мазмұнына тереңірек тоқталды. Олар ауылдың бірлігі мен тірлігіне ерекше назар аударып, мектеп жұ­мы­сына тұрақты түрде қолдау көр­сетіп келе жатқан Сейткамал Сұл­танов бас­қаратын «Мәді-Қажы» серік­тес­тігінің жұмысына жеміс тіледі.

Өз кезегінде ауыл әкімі Т.Құлам­қадіров пен серіктестік директоры С.Сұлтанов ауылдың тарихы және ауылдан шыққан тұлғалар туралы айтса, №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейінің директоры Ж.Наза­ров жер­­­гілікті азамат­тардың мектепке ба­ғыттап жатқан қолдаулары жөнін­де атап өтті. «Мәді-Қажы» серік­тес­­­­­тігі ауыл мек­тебіне шағын автобус сыйлаған, ҰБТ-да жоғары же­тіс­­­­­­тіктерге жеткен оқушылар мен ұс­­­таз­­дарға да тұрақты түрде қолдау көрсе­тілуде. Ал ауылдың қалада білім алатын тү­лектеріне арнап серіктестік жатақ­хана ашып, жұмысын жаңа заман талабына сай ретке келтірген. Бұл ауыл балаларының білімге, өнер­ге баулуға көп септігін тигізуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды аудандық бі­лім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков пен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар да жоғары баға­лап, Шіркейлі ауылындағы білім саласында атқарылған нәтижелі жұмыстар өзге ауылдарға үлгі екенін атап өтті.

– Мектеп – білім ошағы ғана емес, со­нымен бірге ақыл-ойдың алтын ұясы. Дана Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деген. Сондықтан да болашақ ұрпаққа алдымен рухани тәрбие берілуі тиіс, бұл – білім саласындағы бүгінгі күні ең үлкен мәселенің бірі. Ұл тәрбиелей отырып, жердің иесін, қыз тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейтінімізді ұмыт­­пауы­мыз керек. Осы орайда дана Абай­дың, басқа да кемеңгер қазақ даласының ойшылдарының, ақын-жа­зушыларының құнды мұраларын ұтымды пайдалауымыз қажет. Бү­гін ұйымдастырылған іс-шаралар ал­дағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз, – деді аудандық білім бө­лімі­нің басшысы.

Айта кету керек, іс-шара соңында ардагер ұстаздарға құрмет ретінде «Мәді-Қажы» серіктестігінің атынан бір қаптан күріш берілді. Ал ауыз бе­кіткен жандарға құрма таратылып, құрмет көрсетілді. Тағылымды іс-шара соңын­да ауыл имамы Досбол Ережепбаев өмірден өткен бабалар рухына Құран бағыштап, дұға жасады.ылымы мол іс-шарадан ауданның білім са­ласының тізгінін ұстаған азаматтардың ағарту­шы­лық қарым-қабілеті анық аңғарылды. Олай дейтін себебіміз, педагогтар қауымы тағылымы мол іс-шара ұйымдастырып, білім берумен қатар қо­ғамның рухани-мәдени дамуына өз үлестерін қос­ты.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

19 сәуір 2022 ж. 338 0