Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазыбай ағаның қолжазбасы немесе төрағаның маңызды тапсырмасы

Қазыбай ағаның қолжазбасы немесе төрағаның маңызды тапсырмасы

Бірде жұмыс аяғына таман аудандық мәслихат аппаратының басшысы Гүлназ Божан хабарласты. Айтуынша, мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов шұғыл шақырып жатыр екен. Мәслихат төрағасының жолы да үлкен, жасы да үлкен, сондықтан дереу мәслихатқа қарай тарттым. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін «Маңызды бір тапсырма бар» деді мәслихат төрағасы.

...Бұл 2022 жыл еді. Наурыз айының басы болатын. Шуақты көктемнің шұғылалы күні сол жылы кешігіп келетіндей сезілді. Сыр­дың қарасуығының әлі беті қайтпаған кез. Ақпанның орта тұсында ауданға сыйлы ардақты ана атанған анасы Камал Айыпқызынан айырылып, құлазып жүрген Ержан Ертарғынұлының да көңіл-күйі жады­раңқы емес. Әрине, анадан асқан қымбат жан бар ма, сірә... Бірақ елдің құндылығын, ердің қадірін бағамдай білетін терең ойлы азамат бұл жолы тағы да азаматтық танытты.

– Мәслихатқа шақыру билеті келіпті. Өзің жақсы танитын Қазыбай Құдайбергенұлы ағамыз 80 жасқа толып жатыр екен. Бұл кісі бізге сабақ берген ұстазымыз ғой. Бірақ мен мерейтойына бара алмаймын. Себебі әлі анам­ның қырық күндік құдайы асы берілген жоқ. Бірақ ұстаз қашан да ұстаз, мен бара алмасам да құттықтауымды алып, шапанымды жауып, құрмет көрсетіп қайтсаң деймін. Құттықтауды өзім­нің атымнан ғана емес аудандық мәслихат де­путаттарының барлығының атынан дайын­дадық, – деді Ержан Ертарғынұлы бірден іске көшіп.

Аудандық мәслихат төрағасы мерейтойды ұйымдастырып жатқан университет басшылығына хабарласып, арнайы құттықтау жолдап жатқанын, белгіленген іс-шараға менің қатысатынымды, аты-жөнімді айтып, бәрін нақтылап берді. Алғашында төрағаның тапсырмасының маңызын тереңі­рек сезінбегенім рас. Себебі мұндай міндетті арқалап бірер күн бұрын ғана ақын Махмұтбай Әміреұлын Қызылорда қалалық мәдениет үйінде өткен шығармашылық кешіне барып құттықтап келгенмін. Ақынға ауданымыздың сол кездегі әкімі Мұрат Нәлхожаұлының құттықтауын табыс­тап, шапанын жауып қайтқаным есімде. «Бұл да сондай тапсырма ғой» деп келісіп, орындайтынымды айттым. Сөйтіп мәслихаттан құттықтау жазылған адресат пен қазақы шапанды алып, жұмысыма қайттым. Ал 15 наурыз күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қазыбай Құдайбергенұлының 80 жасқа толуы­на орай ұйымдастырылған ғылыми кеңесте тапсырманың маңызын терең сезіндім. Себебі ғылыми кеңес – жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу институттарындағы ғылыми-зерттеу, әдістемелік және оқу-тәрбие жұмыстарының негізгі бағыттарын қарастырып, басшылық жасайтын алқалық орган екен. Сондықтан ғылыми кеңесті университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова ашып, жүргізіп отырды.

Мен ә дегеннен-ақ бұл жиынның, ғылыми кеңестің маңызын түсіндім. Себебі мұнда алдын ала жазылып, тіркеліп, рұқсат алған азаматтар ғана сөйлейді екен. Төтеннен келіп, «ой-пікірім бар еді» деген мұнда қарастырылмайтынын сонда ұқтым. Сондықтан атағынан ат үркетін айтулы ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің ішінен тек санаулы адам ғана сөз сөйледі. Кезінде қала, аудан басқарған қайраткерлердің, елге белгілі ғалымдардың өзі сөйлеуге сұранғанымен ғылыми кеңестің бекітілген регламентіне сәйкес оларға сөз тимеді. Сөйлеген азаматтарға қарап, олардың сөз саптауына, бірін-бірі қайталамайтын ой оралымдарына тәнті болып әрі іштей қобалжып отырдым. Осы ретте аудандық мәслихат төрағасы Ержан Ертарғынұлының апта бұрын мерейтойды ұйымдастырып жатқан университет басшылығына хабарласып, арнайы құттықтау жолдап жатқанын, белгіленген іс-шараға менің қатысатынымды, аты-жөнімді айтып, бәрін нақтылап бергенінің арқасында ғана маған сөз бұйырғанын айта кетейін.

Әлі есімде ғылыми кеңесті жүргізіп отырған университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова көзінің қиығымен қарап: «Ақтөре Ибрагимұлы, сіз жастаусыз, сондықтан сізге үш минут жетеді деп ойлаймын» деді мінбеге шығып жатқанымда. Сол кезде Қазыбай Құдайбергенұлы «Бұл жігіт менің туған жерім – Сырдария ауданынан келіп тұр, қанша сөйлесе де рұқсат берейік» деді өзіне тән сыпайы да салмақты болмысымен.

Мен уақыттың тапшы екенін түсініп, «атқан оқтай, шапқан аттай» тез әрі нық сөйлеуім қажеттігін қаперге алдым.

– Аса қадірлі Қазыбай Құдайбергенұлы, ата-бабаңыздың атақонысы, өзіңіздің туып-өскен қасиетті туған жеріңіз Сырдария ауданынан келіп жеткен құттықтауды қабыл алыңыз. Шәкіртіңіз Ержан Ертарғынұлы бастаған аудандық мәслихат депутаттары мерей­­тойыңызбен шын жүректен құттықтайды. Мәс­лихат төрағасы құттықтауымды оқып берме, айтып бер деп тапсырған еді. Сондықтан қағазға қарамай Тәңір тарту еткен талантыңыз бен тектілігіңіз, азаматтық болмыс-бітіміңіз бен елге үлгі болған еңбек жолыңыз, Сыр өңірінің қоғамдық-саяси дамуына айрықша үлес қосқаныңыз туралы кеңінен айтуға рұқсат етіңіз, – деп бастадым сөзімді.

Сөйтіп өмір жолында да, еңбек жолында да адамгершілік, парасаттылық, тазалық жолын ұстанып, мыңдаған шәкіртті тәрбиелеп, өмірден өз орнын табуына жол ашқан тағдыры тағылымға толы тұлға туралы тебірене айт­қандай болдым. Ардагерлік кезеңге зор абыроймен жеткен Қазыбай Құдайбергенұлының ғибратты ғұмырын үлгі-өнеге етіп, ұстаз санайтынымызды, ел үшін жасаған еңбегін жоғары бағалап, ір­гелі ізденіске толы тағдыр жолын құрмет тұтатынымызды жеткізіп, иығына шапан жауып, құттықтауымды табыстап, мойнымнан үлкен жүк түскендей орныма отырдым. Сол кезде «Маңызды бір тапсырма бар» деген Ержан Ертарғынұлының сөзінің салмағын түсініп, маңдайымнан ыстық тер ыршып шықты. Іштей сөзден сүріндірмеген Аллаға шүкір еттім.

Ғылыми кеңестен кейін Қазыбай Құдайбергенұлы алғысын айтты. Сонда ардақты ғалым «Қанша шапан жабылды, бұған дейін де жабылып жүр ғой, бәрін ырымдап жолымды берсін деген ниетте өзімнен кейінгі жастарға беретінмін, ал сен әкелген шапанды ешкімге бермеймін, туған жерімнің тартуы деп өзім киетін боламын» деген еді. Айтуындай-ақ ардақты азаматтың үстінен сол қазақы шапанды бірнеше рет көрдім. Бұл екі жыл бұрын ғана болған оқиға болғанымен қазір өткен шақта айтылады. Себебі Қазыбай ағаның да өмірден өткеніне бірнеше ай болды. Жақында жұмыс бөлмемдегі қағаздардың арасынан Қазыбай ағаның қолжазбасын тауып алдым. Көзіме оттай басылды. Ол кісі біздің аудандық басылымға жиі-жиі мақала жолдайтын. Қолымдағы қолжазба Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш Әмірханқызы туралы жазылыпты. Тағы бір мәрте оқып шықтым. Бұл мақала бұрын республикалық газеттерде жарияланған еді. Ойлана келе Қазыбай ағаның қолжазбасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.

«Қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновке 1987 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында ескерткіш қойылатын болып, соған Алматыдан халық мұраларының жанашыры Мардан Байділдаев, сол кезде қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясында халық әні кафедрасының меңгерушісі мен және Т.Жүргеновтің зайыбы Дәмеш Әмірханқызы Ермекова апай – үшеуміз жолға шықтық, – деп бастады әңгімесін Алмас.

Мамандығы дәрігер болғандықтан ба, апай көп сөйлемей, көбірек тыңдағанды жақсы көреді екен. Десе-дағы сапарымыздың мақсаты Т.Жүргенов есіміне байланысты болғандықтан және қысқа өмірінде қазақтың болашағы үшін қыруар тірлік жасап кеткен тарихи тұлғаны оның зайыбынан артық ешкім білмейтінін алға тарта отырып, апайды екеулеп әңгімеге тарттық. Зулап келе жатқан жүйрік пойыздың терезесіне қадалып отырған апай дала айшықтарын Темірбек ағамен аз уақыт болса да бірге өткізген мәнді өмірінің көзді ашып-жұмғанша қас-қағым сәтте өтіп кеткенімен салыстырып отырғандай сезіндік. Ойын әруақытта тез жеткізуге асығып отыратын Мардан ағаның шыдамы таусылған болуы керек: Дәмеш жеңгей, Темірбек аға жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Жазыла да бермек. Ол кісімен бірге өткізген жұбайлық өміріңізден мына кейінгі жастарға үлгі болатындай бір сәттерді еске ала отырсаңыз, – деді.

– Ол кісінің (Дәмеш апай Темірбек ағаның атын атамай, әр кезде «ол кісі» дейді екен) басшы ретінде атқарған қызметіне ешқашан араласқан емеспін. Өйткені, дәрігер ретінде менің өз шаруам өзіме жетіп жатты. Себебі, сол жылдары жоғары білімді дәрігерлер Қазақстанда саусақпен санарлықтай еді ғой. Содан да біздің де атқарған, арқалаған жүгіміз жеңіл болған жоқ. Ал оның зайыбы ретінде осы уақытқа дейін өзімді өзім кешірмейтін, өксікке толы үш өкінішім алдымды кескестей береді. Ұмыта алмаймын, бұл имандай сырым, шырағым. Бірақ, тіс жарып ешкімге айтқан да емеспін, – деп әңгімесін бастап кетті.

Мардан аға екеумізді үнсіздік басып, бар назарымызды Дәмеш апаға аудардық. Дәмеш апай толқыды.

– Адам жас кезінде көп нәрселерді бағ­дарлап, бағамдай бермейді ғой. Ол кісімен қосылғаным, сөз жоқ, өмірімнің бақытты бас­тауы болды. Жаңа айтқандай, екеуміздің де тыныс-тірлігіміз бірыңғай өз қызметтерімізге бағыш­талды. Сөйтіп жүріп Шора атты ұлы­мызды өмірге әкелдім. Бұған Темірбек балаша қуанып, бұл есім үш түрлі мағына береді деп отыратын. Қолы қалт еткенде үйге жетуге асығатын. Тіптен жұмыста отырып, телефонмен оның жағдайын жиі сұрап тұратын. Бірақ, тұңғышымыздың өмірі өте қысқа болып, 1933 жылы Ташкентте қайтыс болды. Бір күні Темірбек жұмыстан келіп күндегідей дастархан басында отырғанымызда: «Дәмеш, Құдай өзі бергенін өзі алды. Алла күпірлікке жазбасын. Біздің өмірімізді жалғастыратын перзенттің бол­ғанын қалар едім, аржағын өз қалауыңа салдым» дегені есімде. Бұл мәселеге кейін оралған да жоқ. Мен бір жағы дәрігермін. Өмірге перзент әкелудің қуанышы мен қиындығын жақсы білемін. Енді айтып отырмын ғой. Темірбектің ұлым болса деген қалауын орындауға менің жастық сезімімнің жібермегеніне, өзімнің тәндік сұлулығымды сақтап қалсам ғана деген қате пайымдауыма өкінемін. Өмірінің қысқа болатынын сезгендей, маған қиыла айтқан өтінішін орындай алмағаныма осы уақытқа дейін қиналамын.

Болашақ аналарға табиғаттың өзі сыйлаған ана болу мүмкіндігін ешқашан тежемей, барынша пайдаланса деген тілегім бар. Бұл менің бірінші өкінішім.

– Ол кісі министр кезінде біз көбіне қала шетіндегі саяжайда тұрдық. Кейде жұмысқа да сол жерден қатынайтынбыз. Бір күні, ұмытпасам 1937 жылдың тамыз айының 2-күні, «Эмка» мәшинесімен келген ол кісі маған тез жиналуымды өтінді. Неге, қайда баратынымызды сұрамайтын әдетіммен тез киініп сыртқа шықтым. Мәшинесінің артқы есігін ашып, маған отыруға ишарат білдірді. Ол кісі бұған дейін жүргізушімен қатар отыратын. Мен жайғасқаннан кейін артқы отырғышқа өзі де отырды. Мәшине қозғалғаннан кейін сол қолын менің иығыма салып, өзіне тарта түскенін сезінген мен жүргізушіден қысылып: Сізге не болған дегендей ыңғайсыздана қарадым. «Дәмеш, мен сені аяймын» деді де одан әрі ештеңе айтпады. Қаладағы Шевченко мен Фурманов көшесінің қиылысындағы Фурманов, 120-үйдегі 4 бөлмелі пәтеріміздің алдына келгеннен кейін, өзі есікті ашып мені мәшинеден түсіріп, қашан үйге кіргенше артымнан қиыла қарап тұрды. Сол күні-ақ ол кісіні НКВД-нің үш-төрт қызметкері кабинетінде тұтқындап, тінту жасағанда үстелінің суырмасынан Тұрмағамбет Ізтілеуовке «Шахнаманы» аударғаны үшін, айдаудан келген Ахмет Байтұрсыновқа қазақ тілі ғылымының тарихын жазғаны үшін, Петербург университетін бітірген Бақытжан Қаратаевқа Қазақстанның Ресейге қосылу тарихын жазғаны үшін төлеген ақшалардың чектері, түбіртектері табылыпты. Бұлардың барлығын сол кезде кеңседе кезекшілікте тұрған, тінту кезінде куә болған Рахым Момыновтан білдім.

Күнде бірге болып жүрген құдай қосқан қосағымның ұсталатын сол күнгі мінезіндегі өзгерісті – бір жаман­­дықты сезініп тұрған көз­қара­сын менің сезінбегенім, мені неге аяйтындығын сұрамағаным жүрегім­нің түкпірінен орын алған менің екінші өкінішім.

Қолдан ұйымдастырылған айғақтар негізін­де Темірбек Қараұлы Жүргенов КСРО прокуроры Вышинскийдің санкциясымен 1937 жылдың 3 тамызында қапасқа түседі. РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-статьясының 10-11-тармақтарымен айыпталып, оған Қазақстан­ды КСРО-дан бөлуге ұмтылған, дивер­сия­лық ұйымға басшылық етіп, оған мүшелер тартқан, Кеңес Одағына қарсы соғыс жариялануына мүмкіндік жасауға әрекет еткен деген ауыр айыптар тағылған. Оларды Т.Жүргенов мойындамағанмен, тергеу орындарының зор­лық-зомбылықтары оны мойындауға мәжбүр етеді. Сөйтіп, Темекең өзімен ұсталғандармен бірге (23 адам) 1938 жылдың 25 ақпанында Талғар ауданындағы «Жаңалық», Боралдай елді мекенінде (бұрынғы Диқан қыстауында) атылған деген дерек бар.

– Енді үшінші әңгімені бастайын, – деді Дәмеш апай.

– Ол кісі қамауға алынған күннен бастап, бүкіл ақпарат құралдары оның осы уақытқа дейінгі халқына жасаған елеулі еңбегін жоққа шығарып, оны қауіпті «халық жауы» ретінде суреттеп дабыра қақты, – деп сабақтады сөзін Дәмеш апай.

– «Халық жауының» әйелі атану маған оңай болған жоқ. Бұрын Наркомпрос Жүргеновтің зайыбы ретінде асқақтап жүрген көңіл шіркін құрдымға кетті. Несін жасырайын, бір жағынан, ел-жұрттың жамырай айтып жатқандарына қарағанда, кейде, япыр-ай, осы бір шудың ар жағында шыңыраудағы шындықтың лебі сезілмесе нетті деген дүдәмал ой да мазалайтындай сезімде жүрдім. Содан да бұрын кім едім, қазір кіммін деген пендешіліктің күрмеуінде болғаным да рас. Ол кісімен бірге түрмеге жабыл­ғандардың ішінде қазақтың біртуар азаматтары – Есқараев Сүлеймен мен Құлымбетов Ұзақбай болған-ды. Қамауға алынғаннан кейін біршама уақыт өткеннен соң жоғарыда аталған Алаш арыстарының әйелдерінің түрмедегі күйеу­лерімен кездесулеріне мүмкіндік туды. Бірақ әлде де болса екі жақты ой құрсауында жүрген, әрі «халық жауының әйелі» аталғаныма намыстанғаным соншалықты, мен сол кездесуге бармай қалдым. Түрмедегі кездесу бөлмесінде отырған Сүлеймен мен Ұзақбай ағалардың әйелдерінің айтуынша, ол кісі тор есіктің ар жағынан бірінші шығады. Менің жоқ екеніме көз жеткеннен кейін: «Е, Дәмештің де осылай ойлағаны ма?» депті де кедергі жасамайын дегендей уақытынан бұрын камерасына бұрылып кетіпті.

Темекеңнің сол сәттегі жан азабы мен тебіренісі есіме түссе өзегім өртенеді. Өзімді өзім өмір-бақи кеш­пей­тіндей күй кешемін. Бұл менің өксікке толы үшінші өкінішім.

Жоғарыда айтқанымдай, ол кісі тағылған айып­тауларды бірден мойындамаған. Бірақ шектен тыс зорлық-зомбылық пен азаптау темір комис­сардың сағын сындырды ғой. Біздің соңғы кездесуіміз осы уақытқа дәл келді. Кездесуге алып келгенде мен оны зорға таныдым. Зілді, ауыр соққыдан әбден жараланған, бет-аузы даладай болған, оның соңғы сөзі: «Ел-жұрт аман ба? Сталин орнында ма?» болды. Соған қарағанда ол кісі өзін өлімге кесіп отырған билікке құдайдай сенсе керек. Кеңес өкіметіне деген шүбәсіз сенімімді өзімнің ізіме түсе бастаған НКВД қызметкерлерінің іс-әрекеттері мен негізсіз қоқан-лоққылары жоғалттырды. Ақырында, 1938 жылы «Темір комиссарға» жар болғаным үшін 8 жылға сотталып, Қарағандыдан бір-ақ шықтым. Біреудің көрген жан азабы мен тозағы екінші біреуге керісінше болатындығы туралы тұжырымға осы жерде көзім жетті. Жазықсыздан жазықсыз жазаланып, жапа шегіп жатқандарға күн-түн демей қолымнан келген дәрігерлік көмегімді бердім. Ол өзінше бір бөлек хикая. Сотталған мерзімімді өтеп, 1946 жылы Алматыға келгенімде қуанышымда шек болған жоқ. Бірақ, бұл ұзаққа бармай, мені Көкшетауға жер аударып жіберді. Сірә, «Темір комиссардың» әйелінен әлде де қалтырап тұратындар «көмектессе» керек. Қойшы, кейін Алматыға келдік қой, – деп аяқтады сөзін Дәмеш апай.

Иә, Дәмеш апай құдай қосқан қосағы Т.Жүргеновтің заңды ақталғанын да, оның туған халқы алдында марапатталғанын да көріп кетті. Ал өзімен бірге ала кетуге тас түйіндей шешімге келген осы бір өксікке толы өкінішін де халыққа жеткізудің айыбы болмас деген оймен «Егеменге» жолдадық. Тәуелсіздікті аңсаған арыстардың алдында болған Т.Жүргеновтің туғанына биыл 110 жыл толғалы тұр. Осы тұлға жайлы мағлұматтарды толықтыруға аз да болса мына мақаланың септігі тиер деген сенімдемін» деп жазған екен Қазыбай Құдайбергенұлы.

Халқымызда «Жақсымен бірге жүрсең, жақ­сы-жақсы іс көресің» деген сөз бар. Ата-бабаларымыз «Ақылыңа сенсең де, Ақыл­даса жүргейсің, Жақсыларды жатсынбай, Жақын­даса жүргейсің» деп өсиет қалдырған. Біз білетін Қазыбай Құдайбергенұлы жақсы адам еді, жақсы мінез-құлықтың иесі еді. Қанша биікке көтерілсе де аспайтын, таспайтын, қарапайымдылық жолын ұстанатын. Нағыз ұстаз­дардың ұстазы, ғалымдардың ғалымы еді. Сондықтан шәкірттерінің, халықтың жүрегінің төрі­нен орын алды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!

Ақтөре Ибрагимұлы,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі
(сурет Қ.Құдайбергенұлының
құрметіне арналған ғылыми кеңесте
түсірілген, 2022 жылғы 15 наурыз)
17 қыркүйек 2024 ж. 264 0