Елімізде МИКС зерттеуі басталды
Елімізде Халықаралық Мультииндикаторлық кластерлік зерттеуі басталды. Бұл зерттеу балалар мен әйелдердің ахуалын бағалау үшін пайдаланылатын негізгі көрсеткіштерді жинау мақсатында өткізіледі. Қазақстанның 20 өңірін қамтитын сауалнама 29 қарашаға дейін жүргізілмек. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Иманбаева мәлімдеді.
– ЮНИСЕФ әзірлеген Халықаралық Мультииндикаторлық кластерлік зерттеуі (MICS) 2 қыркүйекте басталды. Қазақстанда MICS зерттеуі төртінші рет жүргізіліп отыр. Бұған дейін 2006, 2010 және 2015 жылдары өткізілген еді. Бұл іс-шараның маңызы өте үлкен. Өйткені MICS-тен алынған мәліметтер бізге базалық көрсеткіштер мен мақсатын салыстырмалы анықтауға, ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындаудағы прогресті бақылауға мүмкіндік береді. Біздің зерттеу Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесе отырып, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) және Азия даму банкінің қолдауымен жүргізіледі. Биылғы Қазақстандағы MICS әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйін бағалауды мақсат етеді. Сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат алуды көздейді. Бұл олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және ұлттық саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сауалнама денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа да көптеген аспектіні қамтитын сұрақтардан тұрады. Сауалнамаға қатысу-қатыспау азаматтардың өз еркінде. Айта кету керек, MICS 2024 аясында бес негізгі сауалнама парақтары болады. Әр сауалнама тұрмыс пен денсаулықтың түрлі аспектілерін қамтиды. Зерттеу еліміздегі 24 мың үй шаруашылығында жүргізілсе, біздің өңір бойынша 4 572 үйге сауалнама жасалатын болады,- деді Гүлмира Жеткергенқызы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі