Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Донор бол – өмір сыйла!

Донор бол – өмір сыйла!

Қай кезде де өзгеге көмек көрсете білу – адамдық қасиеттің ең ізгісі. Ауырған жанның дертіне шипа бола білетін дәрігермен қатар сіз де өз септігіңізді тигізе аласыз. Мәселен, донор болу арқылы сіз өзге адамға өмір сыйлай аласыз. Осы орайда жақында ауданымызда «Донор бол – өмір сыйла» акциясы ұйымдастырылды. Ауқымды акцияның өткізілуіне облыстық қан орталығы ұйытқы болды.

Донор болуға 18 жасқа толған, салмағы 50 келі­ден жоғары және де денсаулығында кінәраты жоқ кез келген адам қатыса алады. Сонымен қатар, қан тап­сыратын адамның гемоглабин мөлшері 120 г/л төмен болмауы қажет. Бұл ретте тағы айта кететін жайт қан тапсыpатын адамның есіpткіге, темекі мен алкогольге тәуелді болмағаны да маңызды. Мұнан бөлек соңғы үш айда аспирин, анальгин сияқты ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы дәрілерді ішпеу керек және соңғы екі аптада антибио­тик қабылдамау қажет. Мұнан бөлек, соңғы айда тұмау, ангина, ЖРВИ-мен ауырмаған болуы керек.

Ізгілікті іс-шара барысында аудан бойынша дербес бөлім, мекемелер, құқық органдарының мамандары қан тапсыруға мүмкіндік алды. Мұндай ауқымды акциядан жастар да қалыс қалған жоқ. Облыстық қан орталығының дәрігері А.Құттықбаева бастаған сала мамандары қан тапсыруға келген тұрғындармен пікір алмасып, адам денсаулығына ұдайы қан тапсырып отырудың маңызы мен пайдасын түсіндірді.
– Акцияның жергілікті халыққа тиімді болуы үшін барлық жағдай қарастырылды. Қан орталығының біліктілігі жоғары мамандары 1 күнде 100 адамнан қан алып, ауданымыз жоғарғы көрсеткішке ие болды. Расында, тәулік бойы ұйымдастырылған іс-шараның маңыздылығы жоғары. Аудан тұрғындары қан тапсыру арқылы көптеген науқастың өмірін сақтап қалады, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсенов.

Денсаулықтың қадірін ауырып ем іздегенде ғана білмей, ауырмайтын жолды да іздеген абзал. Денсаулық – адамның басты байлығы.

– Тұрақты түрде қан тапсыруға тырысамын. Қан тапсыру арқылы бір немесе бірнеше адамға ең құнды сыйлық – өмір сыйлай аласың. Қан тапсыруға көп адам қорқып жатады. Керісінше донор болу арқылы дәpігеpдің алдынан өтіп, денсаулығыңыздың жай-күйін біліп жүpесіз, – дейді аудан тұрғыны Л.Ауминова.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
10 қыркүйек 2024 ж. 251 0