Үш достың хикаясы
Бағзы заманда үш дос бақыт іздеп, сапарға аттанады. Ауылдан ұзап шыққан соң жол үшке айырылады. Бірінші жолдың жиегінде «Біреу», екіншісінде «Тілеу», үшіншісінде «Тіреу» деген сөз жазылған екен. Жігіттер қай жолмен жүруді білмей, бастары қатады. Ақыл-кеңес сұрамақ болып, бір талдың түбінде отырған ақсақалға барады.
Көпті көрген көнекөз қария: «Шырақтарым, жол таңдауды байыпқа барып, ақылға салып шешкендерің жөн. Бар білетінім, бұл жолдар үш зәулім сарайға апарады. Көбісі бірінші жолды таңдайды. Екіншісімен жүретіндер де бар. Ал үшіншісін таңдайтындар тым аз» дейді. Сонда үш достың бірі «Көппен көрген ұлы той» деп бірінші жолға түседі. Екінші жігіт «Адассаң, еліңмен адас» деп екінші жолға бет бұрады. Сөйтіп екеуі өз жөндерімен кете барады. Соңында жалғыз қалған жігіт те мақалдатып жіберейін десе, тыңдар құлақ жоқ. Содан соң үшінші жолға түсіп, үнсіз адымдай береді.
Бірінші жігіт жолым болды деп қатты қуанады. Себебі алдынан жадырап жеңге шықпаса да, сылдырлап теңге шығады. Ол бір талдың түбінде демалып отырып, ақша толы әмиян тауып алады. Бірақ бұл пақыр әмиянның иесін іздеп бас ауыртпайды. Жол бойы әлдекімнің тапқан-таянғанын оңды-солды шашады. Керуен-сарайларға тоқтап, көңіл көтереді. Армансыз ішіп-жеп, қызыққа батады. Қайыр-садақа сұрап келген кедей-кепшікке көп ақшадан көк тиын бермейді. Осылай біраз жыл сауық-сайран құрып, ақыры ақсақал айтқан сарайға да жетеді. Бірақ бұл ғимаратты зәулім сарай деп әспеттеуге ауыз бармайды. Бар болғаны – маңдайшасында «Жүрген біреу» деген жазуы бар құлайын деп тұрған үй.
Екінші жігіттің де асығы алшысынан түседі. Ол ұзақ сапар шегіп, қалың елге тап болады. Бұл ханы қатты науқастанып, қабырғасы қайысып жүрген жұрт екен. Емші-балгерлер қанша тырысса да, қағанның беті бері қарамапты. Халық емінен хабары бар жолаушы бір ай бойы ханды емдеп, аяғынан тік тұрғызады. Өлімнен аман қалған хан жігітті алтынмен аптап, күміспен күптейді. Сөйтіп әлгі мүсәпір (жолаушы) бір күнде байып шыға келеді. Ақшаның буымен бұл сабаз да біраз талтаңдайды. Бірақ досы секілді сараңдық танытпай, жоқ-жетімдерге қарайласады. Ел-жұртының тілеуін тілеп өмір сүреді. Сапарының соңында өзі бір көруге ынтызар болған зәулім сарайды іздеп табады. Бұл бірінші сарайдан әлдеқайда жақсы ғимарат еді. Маңдайшасына «Жақсылық тілеу» деген сөз жазылыпты.
Ал үшінші жігіттің жолы бұралаң болады. Ол апталап жүріп, әбден шаршап-шалдығып бір ауылға келеді. Бұл бір құдайы қонақты құдасындай күтетін көргенді жер екен, жолаушыны жас бағланның еті мен сары қымызға әбден тойдырады. Сөз арасында ауыл ақсақалы балаларға ұстаз таппай, қиналып отырғанын тілге тиек етеді. Білімсіз босып жүрген жеткіншектерге жаны ашыған жігіт, сол ауылда біраз жыл тұрақтап, жастардың сауатын ашып, сауабын алады. Тек білім бермей, бірқатар кәсіптің қыр-сырын үйретеді. Біраз жыл еңбек еткен соң елдің батасын алып, сапарын жалғастырады. Өмір атты даңғылда адасып кетпей, адалдықтан айнымайды. Талай адамға қамқорлық жасап, шапағаты тиеді. Ақыры, оған да арман болған сарайды көру бұйырады. Бұл адам айтса нанғысыз ғажайып ғимарат еді. Маңдайшасында «Елге тіреу» деген жазуы бар екен. Айтпақшы, жолаушыларды таныстыруды ұмытып барады екенмін. Бірінші жігіттің есімі – Пенде, екіншісі – Кісі, үшіншісі – Тұлға еді. Алла өмір жолында сүрініп кетіп, бүлініп жүруден сақтасын.
Руслан ЖҰМАНОВ
Фото: olubvi.club