Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Данадан қалған асыл сөз

Данадан қалған асыл сөз


«... «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.»
Н.Ә.Назарбаев
Данагөй қария ел аралап келе жатып, бір ауылға түсіп, бірнеше күннен кейін алға қарай жүрерінде жанына жолсерікке жас жігітті қосып берсе керек. Қария жігітті көргеннен парықсыздау екенін сезіп, алда қалай болар екен деген күмәнмен келе жатқанда жігіт: – Ақсақал, жол қысқарсын әңгіме айта отырсаңыз – деп қолқа салса қария: – Шырағым, жүздің жүзін білгенше, бірдің есімін білгейсің,– деп қысқа қайырады.
Жігіт сөздің мәні мен мәнісіне өресі жетпей, өз ойымен өзі болып, бір шама уақыттан кейін, қайта тіл қатып: – Оу, ақсақал, – деп әлгі сұрағын қайта қойғанда: – Ретті жерде отырған орныңды өзгеге бермессің, – деп­ті.
Бұл жолы да, жігіт қария сөзіне түсінбей, қалтасынан әдемі жа­сал­­ған кездігімен болып жүре береді.
Әбден іші пысқан жігіт үшінші мәрте, – Ой, ақсақал, бұрынғы өткен- кеткеннен әңгіме қозғай отырсаңыз, әні-міне дегенше бір елді-мекенге де жетеміз, – деп сұрағын қайта қойса керек. Қария тағы: – Есті жігіт көпшілік ортада, кездігін көрсетпес болар, – деп тағы әңгімені шолақ қайырыпты.
Осыған дейін айтылған сөзге мән бермеген аңғырт жігіт, ешнәрсе түсінбеген бойы, бір ауылға келіп қалғанын біліп, түсер үй дайындайын деп, аттың басын ауылға бұрады. Бірнеше үйдің алдынан бос қайтады. Бос қайту себебі үй иелері «жаныңдағы кісінің аты-жөні кім?», – деп сұраса, «білмедім» десе керек. – Жаныңдағы кісінің кім екенін білмесең рұқсат жоқ, – деп түсірмепті. Әрең дегенде ауылдың шетіндегі тұрмысы орталау үйден рұқсат алып, биді әкеліп түсірсе керек.
Үй иесі бұл кісінің атақты кісі екенін біліп, малын сойып, сый-құрметін көрсету үшін ауылдың игі жақсыларын шақырып, құрметпен күте бастағанда, би жанында жайғасқан жігіт келген кісілерге орын бере-бере есік алдынан шығады.
Үлкен ас келіп, жоғарғы жақтағы, табаққа пышақ жетіспей: – Оу, кімде пышақ бар дегенде, есік алдында отырған әлгі жігіт, көрген адам қызығатындай көркем орындалған кездігін ұсынады.
Ас желініп, дастархан жинала бергенде жігіт, пышағын сұрағанда пышаққа қызыққан кісі пышақ менікі еді, сен оны қайдан алдың, – деп пышақ иесіне бәле жауып, ұры етіп, шу шығарғанда, төрде отырған би: – Шырағым, пышақ шынымен сенікі ме, біздің елде бір кісінің өлімі осы пышақтан болған еді. Қылмыс қайдан келгенін білмей жүр едік, – депті.
– Жақсы болды, қылмысты істе­ген кісі табылды, осы үшін айыбын төлеуің керек дегенде, дүниеге қызыққан пендеміз, ат-тонын ала қашып, пышағын иесіне кешірім сұрап, қайтарса керек.
Ертеңіне би жанындағы жігітті еліне қайтарып тұрып, былай деген екен: – Шырағым, шамалы уақыт бірге жол жүрдік. Кеше сен маған үш мәрте жол қысқарсын, әңгіме айт деп қолқа салдың. Мен сені жаныма қосқанда, сенің іс-әрекетіңнен қандай жан екенін байқадым да. Әлдеқалай болар екен деп, үш ескерту жасадым. Үшеуінен еш нәтиже шықпады. Бірінші рет айтқанымда.
Есті жігіт, жүздің жүзін білгенше,
бірдің есімін білер, – дегенім, сен менің кім екенімді біл дегенім еді. Олай болмады. Оны осы ауылға түсер үй іздегенде «жанындағы кісі кім?» дегенде айта алмадың да, бірнеше үйге бардың. Бұл бірінші қателігің болды. Алғашқы сөзіңді екінші рет қайталағанда мен саған: Ретті жерде орныңды өзгеге бермес болар дедім. Сен алғаш менімен бірге отырған жеріңнен қайта-қайта қозғала, ақыры есіктен шықтың.
Есіңде сақта, қазақта «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт келіп сәлем берер» деген сөз бар. Сен бұл елге қонақ едің, орның төр еді. Бұл сенің екінші қателігің.
Үшінші мәрте алғашқы сөзіңді қайталағанда, көпшілік ортасында пышағыңды көрсетпе дедім. Себебі, сен жолда әдемі пышағыңды қайта-қайта көрсете бердің. Бұл ескертуден де сабақ алмадың. Ақыры басың дауға қала жаздады, егер мен араласпағанда ұры атанып, абыройыңнан айырылар едің. Бұл үшінші қателігің болды. – Шырағым, қателігін түзей алмаған азаматты, елі ақылды демейді, – деген екен қария.

Ж.Маханбет,
Қазақстан суретшілер одағының мүшесі.
С.Қуандықова,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері



30 қараша 2018 ж. 1 746 0