Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаныңа жақын қай досың?

Жаныңа жақын қай досың?

Баяғыда аса еңбекқор, мейлінше адал бір жігіт болыпты. Оның үш досы бар екен. Олардың екеуімен етене араласып, той-мерекелерден қалдырмай, үнемі жағдайларын біліп, хабарласып тұрса керек. Ал, үшіншісін есіне түскенде немесе қиындыққа тап болғанда ғана іздейді екен.

Күндердің күнінде әлгі жігіт алыс сапарға шықпақшы болады. Қасына серік қылып, ең жақын араласатын екі досының біреуін алып кетпекке ниеттеніп, солардың біреуінің үйіне келіп мән-жайды баяндайды. Бар жағдайға қанық болған досы: «Маған ренжіме, сапарың алыс екен. Мен ол сапарға сенімен бара алмаймын. Ауылдың сыртына дейін шығарып салайын, соған разы бол» депті.

Көңілі түсіп кеткен жігіт дос таңдауда қателескенін іштей ұққандай болып, енді жақын араласатын екінші досының есігін қағады. Оған да мән-жайды баян етіпті. Бар жағдайға қанық болған екінші досы да бірінші досының сөзін қайталайды.

Шарасыз күйге түскен жігіт үйіне қайтып келе жатып, жол қиылысындағы бір дөңнің үстіне шығып алып, қалың ойға шомыпты. Елдің бәрінен артық көрген екі досы да өтінішін орындамаған соң, үшінші аса араласпайтын досына өтініш айтуға дәті бармапты.

Есекпен отын алып келе жатқан алыстан сыйласатын үшінші досы мұны көріп қалып, жанына жүгіріп келіп, жағдайын сұрапты. «Неге көңіл-күйің жоқ, досыңмын ғой, айт, қандай көмек керек?» депті. «Мен сенімен жақын араласқан жоқпын, алыс сапарға кетіп бара жатқанда қатты сенген достарым қолұшын соза алмады, сенің көмектесуің екіталай ғой» дейді жігіт.

Сонда, үшінші досы «иә, сен менімен сондайлық жақын араласқан жоқсың, есіңе түскенде немесе қиналғанда ғана хабарласып тұрдың. Сапарың өте ұзақ екен. Үміт артқан екі досың бара алмаса, сенімен бұл сапарға мен барайын» депті. Сонда әлгі жігіт үшінші досын құшақтап өкіріп жіберіпті…

Әр аңыздың астарында бір ақиқат жатары сөзсіз. Кейіпкеріміз тап болған жағдай – әр жұмырбасты пенденің маңдайына жазылған тағдыр-тын. Яғни, әлгі жігіттің алыс сапары – ақтық демі таусылып, Жаратушының алдына қайтып бара жатқаны еді. Ал, өте жақын тұтатын екі досының бірі – жиған мал-мүлкі мен мансабы, атақ-абыройы да, екіншісі достары мен туған-туыстары екен. Аса көңіл бөлмейтін үшінші досы Алла разылығы үшін жасаған ізгі, сауапты істері мен Құдайды тану жолындағы құлшылығы екен.

Сонда, арғы дүниеге адамның өзімен бірге тек Алла разылығы үшін жасаған ізгі, сауапты істері мен Құдайды тану жолындағы құлшылығы ғана баратын болғаны ғой…

Алайда, бұл – жалған дүниедегі екі доспен қатынасты шорт кесіп, тек, ақыретті ойла деген сөз емес… Өйткені, туған-туыспен араласу, бала-шағаны асырау, өз басыңды дұрыс алып жүру – адамшылық парыз-дүр…

Әрқайсымыздың осындай үш досымыз бар. Ойланып көріңіз, сіз қай досыңызбен етене араласып, қайсысын көбірек еске алып жүрсіз?..

«Аяқ астынан әлгі жігіт сияқты сапарға шығатын болсам, не істемекпін?» деген сауал үнемі көкейімнен кетпейді…
23 тамыз 2020 ж. 395 0