Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бітімгершілік бірлік ұғымымен үндеседі

Бітімгершілік бірлік ұғымымен үндеседі

Ұлы қазақ даласының белгілі дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың аты бөлек болғанымен, қазақ халқы үшін жат дүние емес.

Ол ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан дауласушы тараптарды татуластырудың әді­сі, яғни, бұрынғы билер билігінің жаңа замандағы жаңғыруы ғана. Қауым болған соң адамдар арасында келіспеушіліктер туындамай тұр­май­ды. Осындай жағдайларда бол­­машы кейкілжіңдердің үлкен жан­­­жалға ұла­сып кетпеуі үшін дау­ласушы қос тараптың да қалауынқанағат­тан­дыратындай ортақ келісімге келтіру –  бітімгер-медиаторлардың  міндеті.

Бабалардан мұра болған бітім­гер­шілік дәстүрінің қоғамның сұраны­сын қанағаттандыруға қау­қарлы екендігін жете түсінген ел билігі 2011 жылдың қаңтарында «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдап, медиация институты, татуластыру рәсімдері сот жүйесінеқол­данысқа  енгізіле  бастады.

Аталған Заң Қазақстан Респуб­ликасындағы медиацияны ұйым­дас­­тыру шенберіндегі қоғамдық қаты­настарды реттейді. Медиацияны қол­дану шеңбері болып жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен аза­маттық, еңбек, отбасы, сонымен қатар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойын­ша қылмыстық сот іс жүргізуі барысында қаралып жатқан құқықтық қатынастардан пайда болатын даулар болып табылады.

Медиация туралы заңына сәйкес, медиацияның негізгі ұғымдарына тоқталсақ: дауды реттеу, келісім – тараптардың медиация нәтижесінде қол жеткізген жазбаша келісімі. Медиатор – осы заң талаптарына сәйкес, кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тарататын тәуелсіз жеке тұлға. Медиация – тараптардың еркін келісімі арқылы жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы келісімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәр­демдесуімен тараптар арасындағы  дауды реттеу тәсілі.

Медиацияны жүргізу қағидаттары ол – еріктілік, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық. Медиацияны жүргізу осы заң талаптарына қайшы келмейтін тараптар келіскен тәртіп бойынша жүргізіледі. Жоғарыдағы жағдайды ескерсек, яғни медиация азаматтар мен заңды тұл­ғалар арасындағы даулы жағдайды азайтатын, шешімнің ерікті түрде орындау деңгейін көтеруге ықпал етеді.

Осы медиация заңының талаптарына  қатысты соттармен көптеген жұмыстар атқарылып келеді, оның ішінде газет беттеріне мақалалар, түсіндірмелер жарияланып тұрады. Сонымен бірге, соттардың арнайы сайттарында да көптеген ақпарат ор­на­ластырылған.

Дархан Күзербаев,
Сырдария аудандық соты
әкімшісінің жетекші маманы
Фото: egemen.kz
24 тамыз 2024 ж. 83 0