Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық семинар

Республикалық семинар

Газетіміздің 6 тамыздағы 62-інші нөмірінде «Республикалық семинар өтеді» деген тақырыпта ақпараттық мақала жарияланған еді. Мақалада облыс әкімінің семинарды ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіруді тапсырғаны, соған сәйкес арнайы іс-шаралар жоспары әзірленетіні жазылған. Міне, содан бері аудан әкімінен бастап ауданның атқарушы билік өкілдері Нағи Ілиясов пен Бесарық ауылында болып, республикалық іс-шараға тыңғылықты дайындалды. Нәтижесінде «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» атты республикалық семинар ойдағыдай өтті.

Қаладан кем емес ауыл

Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданы­мызға жұмыс сапарымен келіп, «Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі – ауылды дамытудың негізі» атты республикалық семи­нарға қатысты. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары, ведомство басшылары, барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары, ауылшаруашылығы басқармаларының басшылары, қала және аудан әкімдері және ірі шаруашылық құрылымдарының төрағалары арнайы келді.

Алдымен аймақ басшысы делегация өкілдерімен бірге Нағи Ілиясов ауылына барып, елді мекендегі көркейту, абаттандыру жұмыстарын көрді. Ауылдық округ орталығында «Абзал және К» толық серіктестігінің демеу­шілігімен бірқатар әлеуметтік нысан салынған, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жыл сайын жүр­гізілуде. Тұрғын­дардың пікі­рінше, ауыл қаладан кем емес. Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серік­тес­тігінің директоры Абзал Ералиев делегация мүшелеріне ауылда салынған әлеуметтік нысандарды таныстырды. Мәселен, «Еңбек аллея­сында» тұрғындардың дема­луына барлық жағдай жасалған. Брусчатка төселіп, темір шарбақтармен қоршалған. Орындықтар, беседкалар, төр жағына далалық сахна және жарықшамдар, субұрқақтар ор­натылған, гүлдер, газон отырғызылған. Аллея ортасына күріш бейнесіндегі орнамент тұрғызылған. Мұнан бөлек, компания елді мекеннің орталық алаңын көркейтіп-көгалдандырып, канн, петуния, авалон, катарантус, пеларгония гүлдерін еккен. Сонымен қатар, 12 көше бойындағы ағаштар күтімге алынған. Гүл егу, тал отырғызу және тазалық жұ­мыст­арын ауылдың 30 тұр­ғыны атқарады. Серіктестіктің демеушілігімен ауылдық округ әкімдігінің ғимараты пай­да­лануға беріліп, мәдениет үйі қайта жаңғыртылды. №132 орта мектеп және «Балдырған» бөбекжай-балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Сондай-ақ, компания мешіт тұрғызып, сауда орталығын ашты. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында 2015 жылы 1000 орындық спорт кешені пайдалануға берілді.


Заманауи, көрікті ауыл тұрмысын қонақтар жоғары бағалады. Әрі қарай «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады. Аймақ кәсіпкерлері Сыр өңірінде шығарылатын тамақ өнімдері мен өзге де тауарларын ұсынды. Оның ішінде қақталған балық, тартылған ет және шұжық, қаз, үйрек, бөдене еті, сүт өнімдері, бал, жеміс-жидек пен көкөністер, нан-тоқаш, жартылай дайын өнімдер бар. Сонымен қатар, попкорн, жүгері сусыны секілді ерекше өнімдер таныстырылды. Өңірде пластик шөлмек, құрылыс материалдары, ұлттық киімдер, көрпе-жастық, қолөнер бұйымдары, дәретхана қағазы секілді заттар да шығарылуда.

Берері мол басқосу

Республиканың түкпір-түкпірінен ауданымызға келіп, қаладан кем емес ауылдың тынысымен танысқан делегация мүшелері мұнан соң «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» атты республика­лық семинарға қатысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев төрағалық еткен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арнайы қатысқан семинарға агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко шақырылды.

Аймақ басшысы өз баяндамасында өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге тоқталып, семинарда озық тәжірибелер мен өзекті мәселелер талқыланатынына сенім білдірді.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кіріскеннен кейін ең бірінші кезекте «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлық аясында елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дип­ломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында аймағымызда серпінді жобалар қарқын алды. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болса, бүгінде 733 млрд теңгеге жетті. Осы жылдың 7 айының қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Кәсіпкерлікті қолдауға соңғы 2 жылда 127 млрд 500 млн теңге тартылып, 12 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Оның 25 млрд 100 млн теңгесі мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапты. Жеке кәсіпкерлікті қолдауға барлық қаржы көзінен 34 млрд 500 млн теңге қарастырылды. Екінші деңгейлі банк­тер мен қаржы ұйымдары арқылы 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылуда. Ауыл шаруашылығы саласына соңғы 2 жылда 20 млрд 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылды. Өткен 6 айда саладағы негізгі капиталға 3 млрд 300 млн теңге инвестиция салынды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.


Айта кетейік, елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қам­тамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды жобалар қолға алынды. Елді мекендердің әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тірек және спутник елді мекендер айқындалды. 5 жыл ішінде облыста 31 млрд 200 млн теңгеден астам қаржыға 435 жоба жүзеге асты. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаң­ғыртуға, әлеуметтік нысандар салу мен жөндеуге, мамандарды әлеу­меттік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды. 2027 жылға дейін жалғасатын жоба аясында жыл сайын қаржы көлемі ұлғайтылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, тұрғындар қолайлы ортада өмір сүруі үшін ойын алаңдары салынып, аулалар абаттандырылды, парктер мен аллеялардың құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар үлес қосуда. Бүгінде өңірде демеушілікпен 45 млрд 200 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Оның ішінде, аймағымыздың ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі «Най-Мир» кәсіпорны «Анаға тағзым» орталығын, «Абзал және К» кәсіпорны «Еңбеккерлер аллеясын», «Таң ЛТД» шаруа­шылығы ауылды абаттандыру жоба­сын, «Жаңажол» шаруашылығы орта­­­­лық алаңды абаттандыруды, «Абай-Дәулет» шаруашылығы Бес­арық ауылын көркейтуді демеу­шілік­пен жүзеге асырды.

Әрі қарай іс-шараны жүргізген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзінде аграрлық сала­­­ның негізгі мәселелері мен жос­пар­лар туралы айтты. Семинарда рес­публикалық ардагерлер ұйымы төраға­сының бірінші орынбасары, про­фес­сор Өмірзақ Озғанбаев, ҚР Ұлт­тық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, АӨК-ні дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Геннадий Зенченко, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов баяндама жасады. Мұнан бөлек, Ақтөбе облысы «Степное» ЖШС басшысы Аманқос Төлеуов, Абай облысы «Өрнек» ЖШС басшысы Ержан Қойгельдин өз тәжірибелерін ортаға салды. Жиын соңында ауыл шаруашылығы саласының үздіктері­не ведомстволық наградалар табыс­талды.

Тереңөзек пен Айдарлы – үздіктер қатарында

Республикалық семинар барысын­да облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдар­бек Сапаровпен бірге «Үлгілі елді ме­кен» байқауының жеңімпаздарын мара­­­­пат­­­тады. Аймақ басшысы ауылды дамыту мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсат­тары­ның бірі екенін атап өтті.

– Өздеріңізге белгілі, елімізде Прези­дентіміздің бастамасымен «Та­­за Қазақстан» республикалық эко­логия­лық акциясы өтуде. Акцияға сыр­бойылықтар да белсенді атсалысып, туған жеріміздің көркейіп-гүлденуіне үлес қосуда. Елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін жақсарту, көркейту-көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында былтырдан бері «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсын қолға алдық. Өткен жылы конкурс 2 мәрте өткізілді. Жеңімпаздарға облыс­тық бюджеттен бөлінген 1 млрд теңгеге күнделікті тұрмысқа қажетті 29 арнайы техника табысталды. Ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуге бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсы аудан орталықтары мен ауылдар арасында дәстүрге айнала бермек, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, осы жолғы байқауға облыстық бюджеттен 564 млн тең­ге қаржы бөлінді. Зиялы қауым өкіл­дерінен, облыстық мәслихат депутаттарынан, қоғам белсенділерінен құралған тәуелсіз сарапшылық комиссия жеңімпаздарды анықтап, әділ бағасын берді.

«Үлгілі аудан» номинациясы бойынша Сырдария ауданының Тереңөзек кенті ІІІ орын, Шиелі кенті ІІ орын, Жосалы кенті ІІ орын алды. «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Арал ауданының Аманөткел ауылы ІІІ орын, Жаңақорған ауданының Қожакент ауылы ІІ орын, Жалағаш ауданының Еңбек ауылы І орынды иеленді. Жеңімпаздарға 436 млн теңгенің 19 арнайы техникасы табысталды. Мұнан бөлек, «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін үлгілі ауылдардағы абаттандыру жобаларын қаржыландыруға 15 млн теңгенің сертификаттары берілді. Марапат Айдарлы, Қосжар, Өркендеу, Қармақшы, Аққыр, Ортақшыл, Өзгент ауылының әкімдеріне табысталды.

Бесарықтағы бастамалармен танысты

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бастаған делегация Таң ауылындағы егінге орақ салу рәсі­мі­нен кейін Бесарық ауылының әлеу­мет­тік-экономикалық даму барысымен және қолға алынған жобалармен таныс­ты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Бесарықтың өңірдегі алдың­ғы қатарлы ауылдардың бірі, «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпазы екенін атап өтті.


«Абай Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев ауылды көгал­дандыру, көркейту, әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарына 734,8 млн теңгеден астам қаржы бөлген. Сондай-ақ қонақтарға аталған серіктестік бастамасымен басталған құрылыстар таныстырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Алдағы уақытта «Бесарықтың» өз фри өндірісі болады. Мұнан бөлек, серіктестік ауыл тұрғындары үшін заманауи сауда үйін салуда.

Делегация ауылдық мәдениет үйін­де атқарылған жұмыстарды да көрді. Бұрынғы мәдениет үйінің ғима­раты 1979 жылы салынған. Қайта жаң­ғыртуға аудандық бюджеттен 25 млн теңге қаражат қаралды. Көрер­мендер залы­ның төбесі, сахна­лық төсеніші, пер­десі, орындығы жаңартылып, музы­калық аппаратура, ЛЭД экран алы­нады. Жаңа үлгі­дегі жарықшамдар орнатылып, көрермендер залы то­лық жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, ғимараттағы кітап­хана қайта жаб­дықталады. Жөндеу жұмыстары «Абай-Дәулет» ЖШС демеушілігімен жүргізілуде. Қазір мекемеде 6 үйірме, 1 шығармашылық ұжым жұмыс жасайды, оған 114 мүше тартылған.


Әрі қарай қонақтар ауылдың орталық алаңына барды. Демалыс аймағына «Абай Дәулет» ЖШС 65 млн теңге қаражат бөлді. Алаң ортасына субұрқақ, «Ана бақыты» мүсіні орнатылған. Алдағы уақытта мұндағы орталық көшелер жаңартылып, жол салынады. Ауыл шаруашылығы министрі ауылдардың өзекті мәселелерін шешуге агробизнес өкілдері оң бетбұрыс жасағанын айтып, жоғары баға берді.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
20 тамыз 2024 ж. 156 0