Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстық байқаудан олжалы оралды

Облыстық байқаудан олжалы оралды

Құқық қорғау органдарында қызмет ететін тәртіп сақшылары арасында «Парасатты полицей» байқауы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл жолы Сырдария аудандық полиция бөлімінің «Сыр сақшылары» тобы облыстық байқауда топ жарып, І орын иеленді.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өзін таныстырса, кейінгі кезеңдерде өз өнерлерін көрсетіп, сахналық қойы­лым қойды. Сондай-ақ кәсіби дағды­ларын паш ететін арнайы видеоролик әзірлеп, ел дамуындағы полиция қызмет­керлерінің орны мен үлесін көрсет­ті.

Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша Сырдария аудандық полиция бөлімінің «Сыр сақшылары» командасы жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Екінші орын Жалағаш аудандық полиция бөлімінің «Алмағанбетов арландары» командасына бұйырды. Ал Қазалы аудандық полиция бөлімінің «Жалын» командасы жүлделі үшінші орын тұғырынан көрiндi.

– Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір қызметшінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Президент заң­сыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығатынын айтқан болатын. Біз қылмыспен күреске бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениет­ті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, бере­ке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Осы ретте полицейлер жан-жақты болуы керек. Сондықтан «Парасатты полицей» байқауына қаты­­су, жоғары деңгейде өнер көрсету зор жауапкершілік жүктейді. Жүлделі бірінші орынды қанжығамызға байлап, Сырдария ауданының абыройын асқақтатқанымызға ризамыз, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Асхат Төлеуов.

Айта кету керек, бұл байқауда аудан намысын Қ.Еспанов, Н.Ғаниұлы, А.Әмірбек, Н.Кеукенов, Н.Жұмабек қорғады. Сондай-ақ байқаудың қазы­лар алқасы ерекше өнер көрсеткен қатысу­шыларды мара­пат­тады. «Ұйым­­шыл команда» номи­­нациясын Қар­мақшы аудан­дық полиция бөлі­мінің «Қорқыт қыран­­дары» коман­дасы жеңіп алса, «Үздік сахналық көрініс» номинация­сын Қы­зы­лор­да қала­лық полиция басқар­масының «Айбар» командасы иеленді. Ал Шиелі аудан­дық полиция бөлімінің «Міндет. Абырой. Ерлік» коман­дасы мемлекеттік тілдің мерей-мәрте­бесін арттырған команда ретінде жақ­сы қырынан танылды. «Өнерлі коман­да» номинациясы Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің «Аманат тобы» командасына және «Көрермен көзайы­мы» номи­нациясын Арал аудан­дық полиция бөлімінің «Теңіз тамшылары» командасына берілді. Жеңімпаз коман­даларға Алғыс хаттар мен кубоктар табысталды.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
13 тамыз 2024 ж. 201 0