Түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Пилоттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге дайындық аясында Сырдария ауданынан таңдалған А.Тоқмағамбетов ауылдық елді мекенінде аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Нұрсейіттің тұрғындармен кездесуі ұйымдастырылып, жобаға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жоба аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары С.М.Жұманғаринның пилоттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге дайындық мәселесіне қатысты жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырмалар берілген болатын. Осы ретте ең алдымен халық арасында пилоттық санақ жүргізудің мақсаттары мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жолға қойылған. Одан бөлек өңірлердің полиция департаменттерімен бірлесіп пилоттық санақ жүргізу кезінде санақ персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жосықсыз адамдар тарапынан ықтимал алаяқтық әрекеттердің жолын кесу тапсырылған. Сонымен қоса пилоттық ауыл шаруашылығы санағын дайындау мен өткізуде Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелеріне жәрдемдесу тапсырмалары берілген болатын.
Санақ жүргізу кезінде «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» АЖ, жер бойынша Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүліктің кадастры (ЖМБМК), ауыл шаруашылығы техникасы бойынша «Ауыл шаруашылығы техникасының мемлекеттік тізілімі» АЖ (АТМТ), субсидиялау бойынша «Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі» АЖ (СБМАЖ) әкімшілік деректерін пайдалану жоспарланып отыр.
Санақ сауалнамаларын, әдіснаманы, ақпараттық жүйелерді сынақтан өткізу, даладағы жұмыстарды жүргізу, бюджетті, интернетпен қамту сапасын бағалау және ақпараттық жүйелердің интернетсіз жұмыс істеуі үшін 2024 жылғы тамызда барлық өңірде пилоттық зерттеу жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша әкімшілік деректердің сапасын, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің дайындығын және санақтың негізгі кезеңінде әкімшілік деректерді пайдалану мүмкіндігін бағалауды қоса алғанда, анықталған проблемалар туралы есеп жасалады.
Алтынай Жүнісова