Ұлттық санаққа дайындық қалай?
Биылғы жылы 1-30 қазан аралығында елімізде үшінші рет халық санағы өтеді. Бірінші рет санақ 1999 жылы өтсе, екінші рет 2009 жылы жүргізілген. Әрбір он жыл сайын өтетін санақтың биылғы ерекшелігі – санақ кезінде географиялық, демогрфиялық, экономикалық, білім, этномәдениет, көші-қон, денсаулық, кәсіп, жұмыс, табыс көзі сияқты мәліметтер ескерілетін болады. Науқандық жұмысқа еліміз бойынша 30 мың адам уақытша жұмысқа тартылады деп күтілуде. Олар нұсқаушы-бақылаушы мен сұхбат алушылардың қызметін атқарады.
Жалпы ұлттық санаққа дайындық қалай жүргізілуде және аудан бойынша атқарылған жұмыстар туралы аудандық статистика басқармасының басшысы Сейілхан Төлегенов айтып берді.
– Сырдария ауданының 2020 жылы Ұлттық халық санағына дайындық және өткізу бойынша аудан әкімінің 11 қазан 2019 жылғы №386 «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізуге жәрдемдесу жөнінде аудандық комиссия құру туралы» және 26 қараша 2019 жылғы №446 «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу жөніндегі Сырдария аудандық іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» өкімдері шықты, – деді басқарма басшысы С.Қалманұлы.
Осы күні аудан бойынша кенттегі және елді мекендердегі көшелердің атауларын, кварталдардың, үйлердің және пәтерлердің нөмірлерін ретке келтіру, тұрғын жайларды аншлагпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген.
Кенттегі жаңа 7 көшеге және атауы жоқ 8 көшеге атау берілсе, О.Мәлібаев мөлтек ауданындағы 2 көшеге жаңадан көше атауы берілді. Дайындық жұмыстардың барысында кент 4 дана, барлық ауылдық округ 3 данадан схемалық картографиямен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар өңірдегі кейіннен салынған үйлерге нөмір беру жұмыстары жүргізілу жалғасуда.
Халық санағына жауапты басқарма басшысының айтуынша, ауданға қарасты саяжайларды түгендеу А.Тоқмағамбетов ауылдық округінің әкіміндігіне тапсырылған. Ауыл әкімдігі тарапынан саяжай тұрғындарының есебі, ЖСН-і құжатқа түсіріліп, шекаралары нақтыланған саяжайлардың схемалық карталары жасалуда.
Басқарма берген мәліметке сәйкес, санақ жүргізетін кенттегі және ауылдық округтегі санақ бөлімінің меңгерушілері мен нұсқаушы-бақылаушы отыратын жайлар да нақтыланған. Барлық учаскілер телефон байланысымен, компьютермен, яғни интернетпен қамтамасыз етілген. Олар мемлекеттік органдардың бірыңғай транспорттық орталығына қосылған.
Ұлттық халық санағына дайындықтың негізгі жұмыстарының бірі – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізу екені белгілі. Осы ретте көшелерді билбордпен, кермемен, баннермен безендіру үшін жергілікті бюджеттен қаражат қаралған. Бөлінген қаржыға әрбір ауылдық округке 1 билборд пен 1 керме, кент орталығына 4 билборд пен 2 керме дайындалатын болады.
С.Төлегеновтің мәліметінше, жауапты науқанда санақтың дұрыс әрі сапалы жүргізілуі ауылшаруашылық кітабына байланысты. Сондықтан ауылдық округ әкімдеріне электронды шаруашылық кітабына жаңадан салынған үйлерді түгендеу, олардың нөмірлерінің дұрыстығын тағы бір мәрте тексеру тапсырылған. Әрбір мекен жай бойынша халық санын түгендеу, яғни жаңадан түскен келін, дүниеге келген сәбилерді тіркеу, дүниеден өткен кісілерді есептен шығару және басқа жақтан көшіп келген немесе көшіп кеткен тұрғындарды түгендеу түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Ұлттық санаққа дайындық жұмыстары ауданда қарқынды жүргізілуде. Санақ қорытындысы жыл соңында белгілі болады.
Бибісара ЖАНӘЛІ