Бригада қатарындағы жігерлі жастар
Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны. Ал тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы – бүгінгі және келешек жалынды жастардың қолында. Еліміздің ендігі дамуы мен өсіп-өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Жастар қоғамға пайдасын тигізіп, еліміздің өркендеуі мен дамуына үлес қосса, онда келешегіміздің кемел болары сөзсіз.
Елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Соның бірі ауыл жастарын көтеру мақсатында Айдарлы ауылдық округінен құрылған жастар бригадасының қоғам үшін атқарар рөлі мен маңызы айрықша. Айдарлы ауылдық округінен құрылған жастар бригадасы бүгінде ауданның аграрлық саласына айтарлықтай үлес қосуда.
Аталған бригаданы құрудың басты мақсаты – аудандағы жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету. Аудан әкімінің қолдауымен Сырдария ауданына қарасты кенттер мен ауылдық округтерде жастар бригадалары құрылды. Аталмыш бригада қатарында жұмыссыз, NЕЕТ санатындағы және пробация есебінде тұратын жастар жұмыс жасауда.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында жыл сайын бақшалық дақылдарды егуге мүмкіндік жасалуда. Ауданда жер көлемі ұлғайып, тұрғындар бақша дақылдарын егуде. Бұл жұмыстарда жастар белсенді. Олардың қатарында Айдарлы ауылының жастар бригадасы бар. Еңбек бригадасы 2019 жылы 15 жастың бірігуімен республикада алғашқылардың бірі болып құрылған. Ауыл жастарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Мәселен, тегін уақытша жер беріліп, демеушілік есебінен жер жырту, егін алқабын қоршау және жанар-жағармай отынымен толыққанды қамтамасыз етілген. Ауданның еңбекқор жастары өткен жылы 35 гектар картоп дақылын және 25 гектар жерге бақша дақылдарын егу жұмыстары жүргізген. Ерте көктемде бақшалық жерді дайындап, алажаздай егін еккен жастар диқаншылық кәсіптің қыр-сырына қаныққан.
– Бүгінде белсенді жастарымыз ауқымды жоба аясында елді мекенге берілген «СНП-500/10» насосын пайдаланып, «Қызылтам» шаруа қожалығы жанынан 20 гектар жер ашып, оның 7 гектарына картоп егілсе, қалғанына бау-бақша дақылдарын екті. Одан бөлек, шаруа қожалық 5 гектарға бақша дақылдарын және 10 гектар жерге жоңышқа егілген болатын. Қазіргі кезде егіс алқабындағы қауын, қарбыз өнімдері пісіп, сатылымға шығарыла бастады. Өнімдер елдің өзге де облыстарына жіберіледі. Бұдан бөлек алдағы уақытта 6 аз қамтылған отбасыға көмек көрсету жоспарда бар. Жұмысымызға әркез қолдау көрсетіп, нәтижелі жұмыс жасауға мүмкіндік берген аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлына алғысымызды білдіргіміз келеді. Ауыл жастарының басын бір арнаға тоғыстырған бригаданың қызметін өз алдына үйлестіріп келеміз. Елді мекендегі әрбір жастың егін егуге, еңбек етуге өз мүмкіндігі бар. Ата-бабамыздан келе жатқан бақша егу кәсібін жандыру – күн тәртібінен түспейді. Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін халыққа ұсынуға дайынбыз. Маусым соңында егінді бітік жинап, аудан қамбасын астыққа толтыру ойда бар. Әрине, жасалған істің еш кетпегені жақсы , – деді «Айдарлы жастары» еңбек бригадасының жетекшісі Өмірзақ Есболатов.
Тағы бір айта кететін жайт жастар бригадасы жастарының аудан халқы үшін жасап жатқан қолдауын атап айту қажет. Мәселен, Айдарлы ауылындағы жастар бригадасы елді мекенде тұрғын үй салып беруді жүзеге асырып, халық алғысын алып, қайырымдылыққа үлес қосты.
Нәтижелі жұмыс жасаған еңбек жастары жыл соңында лайықты марапатқа ие болады. Атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Бүгінде егін шаруашылығын одан әрі ілгері ету мақсатында жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Кәсіптің көзін егіннен тапқан ауыл жастары табысын одан әрі арттыра бермек. Бірлесіп атқарған қыруар шаруаның арқасында ауданның өндеу саласында өсім бар. Жастар тың кәсіпті игеріп, егінге бет бұрған жағдайда аудан халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейі жоғарылай түспек. Бизнестің бастауын егін егу деп білетін аудан жастарына алдағы уақытта тек сәттілік тілейміз.
Алтынай Қайратқызы