Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанболат сыйлаған шөген

Жанболат сыйлаған шөген

Шын мәнінде, шежіреге толы басылым бетінде жағымды жаңалықпен қатар, аудан тарихынан сыр шертететін танымдық мақала жариялауды дәстүрге айналдырған болатынбыз. Сондықтан қашанда аудандық тарихи-өлкетану музейімен байланыс орнатып, құндылығы жоғары қаншама жәдігердің анық-қанығын тереңнен ұғынып келеміз. Бұл жолы – асқарлық Жанболат Әлсейітов көненің көзі саналатын шөгенді музейге сый ретінде табыстапты.

Бүгінде берекесі тасығын ақиық ақын ауылында тұратын Жанболат Әлсейітов кішкентайынан тілі шығып, сөйлеуді арман еткен. Дегенмен, тағдыр ісіне мойымайтын белсенді жас үнемі қоғам өмірінде өзіндік көзқарасын айқындай алған. Жақында білікті басшы Салтанат Қуандықова жетекшілік ететін аудандық тарихи-өлкетану музейіне әжесінің құнды мұрасын әкеліп берген екен.

– Менің әжем Сәлима Нұрпейісова әулетімізге келін болып түскен сәттен тұрмыста қолданған шөгеннің тарихына бала кезімнен қанықпын. Әрине, құтты шаңырағымызда көптеген қонақты күткен әжем шөгенмен ас әзірлеген. Әлі күнге сыры кетпеген тұрмыстық біздің отбасымыз үшін алатын орны ерекше. Бұл ретте, құндылығы жоғары жәдігердің музейдің төрінен орын алғанына дән ризамыз, – деді Жанболат Әлсейітов.

Расында, «Тарих – өмір жетекшісі» екені даусыз. Жалпы, шөген –тамақ пісіруге арналған шойыннан немесе басқа металдан құйылып жасалған бұйым ретінде көпке аян. Аталған ыдыс XIX ғасырдын аяғы мен XX ғасырдын басында кең қолданыста болған. Шойын шөгеннің өлшемінің диаметрі – 35 см болса, биіктігі – 23 см құрайды. Алдағы уақытта, 11 мыңнан аса жәдігерді сақтай білген тарихи-өлкетану музейдің қоры әлі талай құнды жәдігермен толығатынына бек сенімдіміз.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
23 шілде 2024 ж. 463 0