Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ең қысқа әңгіме

Ең қысқа әңгіме

Ардан безінген әке
Базардан дәрет алатын құман сатып алған бала әкесіне:
– Әке, намаз оқышы, тіліңді кәлимаға келтірші.
– Ақыл айтатын сен емес. Әй, қатын тиын-тебен бар ма? Басым сынып барады. Мына баланы дүкенге жұмсап,шөлмек алдырт.
Баласы еңсесі түскен бойда үйден шығып кете барды.
Тәбәрік
Тоқсан тоғызға келген кейуана өмірден өтіпті. «Өмірін берсін» дегендер тәбәрікке жетіпті, күншілдер күңкілдеп, қайғысын бөлісе алмай кетіпті.
Қарашаңырақ
Бұрын бұл үйде буы бұрқырап қазан қайнайтын. Қазір тас қамалға айналды адам тұрмайтын.
Тойымсыздық
Жер-Ана қасиетті болғанымен, адамды өзіне көзсіз жұтып жатыр. Оның құлқыны еш уақытта тоймайды. Өмірге келгендер мәңгілікке жер бетінде қалмайды.
Қиял әлемінде
«Лашықтан шыққан миллионер» киносын көрген бала түсінде зәулім сарай алдынан ата-анасын күтіп тұрды.
Сағыныш
Ана құрсағында шетінеген сәбиін сағынған еді. Көзінен бір моншақ жас
жерге түсті.
Екі жастың өмірі
Тағдыр. Үміт. Сенім. Бедеу келіншек ерінің болашағын ойлайды.
КүнәҺар
Ол жұмақты ойлап жатты. Бірақ жер оны қабылдамапты.
Арбаға таңылған әке
Тоғыз қыз туған ананың көз жасы жібермеді...
Кезбе
Самайын ақ қырау шалған анна алыстағы баласын аңсайды. Кезбеліктің қамытын киіп, адасқан перзент өзі туған үйге қайтпайды.
Киіктің киесі
Жас күнінде саятшылық құрып, киіктің киесіне қалған жігітті бұл дүниеде жалғыз қалады деп кім ойлаған?! Алдымен әкесі мен анасын, артынша әйелі мен баласын ажал құшты.
Мал қырылған түн
Бөлтірігін атқан аңшыны қасқыр үйіне іздеп келді. Енді жаны жаралы аң кек қайтармай кетпеуге бекінді.
Қыңырлық
Өмірінде ешнәрсеге көңілі толмайтын адамның жүрегінен мейірім емес, заһар төгіледі. Жазықсыз адамды кінәлі еткен оның іс-әрекетін Тәңірі де жақтамас.
«Зуылдақ жеңге»
Күнде үй жағалап өсек айтатын, самаурынның шайынсыз пәті қайтпайтын келіншектің ауылда «Зуылдақ жеңге» деген аты бар.
Қанағатшылдық
Үнемі таразыдан жейтін сатушы дәрігер алдында отыр. Оның диагнозы – өңештің қатерлігі ісігі.
Бай аңсаған бақыт
Байлығының есебін білмейтін бір байдан әлдекім «бақыттысың ба?» деп сұрапты.
«Әлі күнге байлықтың түбіне жете алмай, ағайын-туыспен араласудан қалып, түнде мезгілімен ұйықтай алмай жүрмін. Уайымы бар адам еш уақытта бақытты бола алмас.»

Фото: abai.kz

21 шілде 2024 ж. 126 0