Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Таланттардың өлкесі атанған ауыл

Таланттардың өлкесі атанған ауыл

Ақжарма ауылындағы мәдениеттің ордасы саналатын ауылдық мәдениет үйінің іргесі қаланғанына 45 жылдай уақыт болды. Ауыл тұрғындарының игілігіне 1979 жылы пайдалануға берілген еңселі ғимарат осы жылдар ішінде ауыл өнерпаздарының киелі шаңырағына айналды.

Рухани-мәдени орда саналатын мәдениет үйінде бүгінде 6 үйірме жұмыс жасайды. «Таланттардың өлкесі» деп аталатын ауылдан Сыр елінің бас ақыны, айтыстың Тазша баласы атанған республикаға белгілі айтыскер ақын Заметдин Ибадуллаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Балашбек Шағырұлы, айтыскер ақын Мамыр Байдаулетов, ақын, сазгер Әсел Төребаева, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, мәде­ниет саласының үздігі Айдана Балапанова, тағы басқа бірқатар талант иелері шықты.

2014 жылдан бері ауылдық мәде­ниет үйі қазыналық кәсіпорын болып қайта құрылып, оны өнер жанашыры Айтмағанбет Темірханов басқарып келеді.

– Ауыл тарихында өзіндік орны бар мәдениет үйін әр жылдары Сапар Орынбаев, Құдайберген Шыманов, Зәуре Бектұрғанова, Зәуре Әбілмажанова, Асыл Рахманбердиев, Бүркітбай Мұстафаев басқарды. Қазіргі таңда ән, көркемсөз, драма, жазба ақындар, «Ақ әжелер» ансамблі, «Дала дауысы» мәдени үгіт бригадасы атты үйірмелер жұмыс жасай­ды. Үйірмелерді өз ісінің мамандары жүргізеді. Ауыл балаларын өнерге баулу, таланттарды іздеп табуда ізденіп, еңбек ететін іргелі ұжым жаңа­шылдыққа бет бұрып, жыл сайын түрлі байқауларға жаңа таланттарды шығаруда. Жыл басында бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес аудандық, об­лыстық байқаулар ұйымдастырып, өнер­паздардың жетістіктері еселене түсуде, – дейді мәдениет үйінің директоры Айтмағанбет Темірханов.

Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен соңғы жылдары өткен іс-шараларға тоқталсақ, қоғам және руханият қайраткері Садық ахун Қодарұлы атындағы «Сырдың сырлы тұлғасы» атты аймақтық ақындар айтысы, өтірік өлең шебері, айтыскер ақын Заметдин Ибадуллаев атындағы «Тұрам ба өтірікке сал дегенде» атты аудан­дық жазба ақындар мүшәйрасы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, озат күрішші, Батыр ана Балапан Арзымбетованың 80 жасқа толуына арналған «Ән қанатында» атты аудандық ән байқауы, «Еңбек Қызыл Ту», «Шапағат» медалінің иегері, әнші Роза Бағланованың 100 жылдығына орай «Ән көгінде» атты аудандық әнші­лер байқауы жоғары деңгейде өткізілген.

Сонымен қатар Ақжарма ауылдық мәдениет үйі облыстық «Үздік клуб» байқауына қатысып, жүлделі ІІІ орын­мен марапатталуы мәдениет қызметкерлерінің мерейін тасытты. Еңбек майталманы, аты аңызға айналған батыр, Ленин, Октябрь революциясы орденінің иегері Тұрсын Балапанов атындағы «Еңбек ер атандырады», жергілікті ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Балашбек Шағырұлының ту­ға­нына 80 жыл толуына арналған «Жырым сенсің туған жер» атты жазба ақындар мүшәйрасы облыстық деңгейде ұйымдастырылған және жақсы баға алған мәдени іс-шара қатарында болғанын айту керек. Сондай-ақ өткен жылы «Таз­шаның аманатын арқаладым» атты облыстық ақындар айтысы өткізіліп, ауыл мәдениетінің деңгейін өсірді. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, қоршаған ортаны сүю, табиғатты аялау мақсатында екі жыл қатарынан облыстық «Алтын балық» атты балық аулаушылардың жарысы ауыл сыртын­дағы көлде өткізілген.

Жыл сайын мәдениет саласы бас­шы­­ларының қатысуымен өтетін байқауда да кәсіпорын басшысы үздік­тер қатарынан көрініп, өткен жылы облыстық «Үздік кәсіпорын директоры» кәсіби байқауында мекеме басшысы екінші орынмен марапатталды.

– Биылғы жылы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен еңбек ардагері, «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері, ауыл­­­­шаруашылық өндірісінің білікті ұйым­дастырушысы Болат Нұрсейтов атындағы «Ер есімі – ел есінде» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Мұндай іс-шараларды ауыл еңбеккерлерінің есімін мәңгі қал­дыру мақсатында алдағы уақытта да ұйымдастыра беретін боламыз. Мәдениет үйінің әдіскері Гүлмайра Ерланқызы, мәдени ұйымдастырушы Наурызбек Әлібекұлының, «Ақ әже­лер» ансамбілінің жетекшісі Аман­келді Асқаровтың еңбегін ерекше атап өтемін. Олар мәдениет үйінде өтетін мәдени іс-шараларға белсене қатысып, үйірмеге қатысатын өнер­паз­дармен тыңғылықты жұмыс жасап, ауыл мәдение­тінің дамуына өз үлесін қосып келеді, – дейді кәсіпорын басшысы.

Бибісара ЖАНӘЛІ
16 шілде 2024 ж. 250 0