Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Айшықты нысан – ел ажары

Айшықты нысан – ел ажары

Ауданымыздың көркеюі, гүлденуі – тұрғындар үшін маңызды. Әдемі, таза жерде жүріп-тұру денсау­лығымыз үшін де тиімді. Ауданымыз бүгінде күн санап жаңарып, жасарып келеді.

Қазіргі аудан келбетін осыдан он жыл бұрынғымен салыстыра алмайсыз. Себебі жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталық алаң, негізгі көшелер, көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, ауданымыздың көркі көз тартады. Қоршаған ортаның таза әрі әдемі болуы ең алдымен өзімізге жақсы және сырттан келген қонақтарға да жағымды әсер сыйламақ.

Осы ретте аудан көлемінде бірнеше жоба іске асырылып жатқанын атап өту керек. Нақтылай айтсақ, аудан орталығы мен ауданға қарасты ауылдық округтерде жалпы құны 8 миллиардтан асатын 22 жоба жүзеге асуда.

Оның ішінде электрмен қамту бойынша Қалжан ахун және Шаған ауылдық округтерінде күрделі жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Сәуір айында басталған мерзімді жұмыстарды күз мезгілінде аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған жоба бойынша бірқатар жұмыс іске асып үлгерген.

Сондай-ақ биыл ауылдық округтерді газдандыру бойынша қарқынды жұмыстар қолға алынған. Табиғи газдың игілігін кент тұрғындары бірнеше жылдан бері көріп келеді. Бүгінгі таңда тиісті жұмыстар жалғасын тауып, көршілес жатқан ауылдық округтерді де газдандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Бұған дейін бірнеше жыл бұрын кент орталығы толық газдандырылса, былтырдан бастап Қалжан ахун ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп келеді. Қазіргі таңда А.Тоқмағамбетов және С.Сейфуллин ауылдарына табиғи газ жеткізу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ кенттегі жаңа шағын ауданды газбен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл орайда тиісті қаржы бөлініп, газ құбырлары тартылып, мердігер мекеме жұмысқа кірісіп кетті.

Жаңарып, гүлденіп келе жатқан Бесарық ауылындағы спорт кешенінің құрылысы да тиісті сала мамандарының бақылауында болса, инженерлік коммуналдық инфра­құрылым бойынша екі нысанда қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Болашақ чемпиондарды спортқа баулитын кешен құрылысын «SCS Инжиниринг» ЖШС жүргізсе, жаңа шағын аудандағы жол сапасына «Ак тоган» ЖШС жауапты. Бүгінгі таңда аталған екі жоба бойынша да тиісті жұмыстар шамамен жүз пайызға орындалған.

Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету – көпшілік денсаулығының басты кепілі екені даусыз. Осы ретте ауызсумен жабдықтау құрылысы бойынша кент орталығынан бөлек Аманкелді және Шаған ауылдық округтерінде барлығы 4 нысан жұмысы жүгізілуде. Су құбыры желісінің құрылыстарын мердігер мекемелер «Жанарту» ЖШС және «Алтын айдарлы», «СК Орда-құрылыс» ЖШС жүргізуде.

Сонымен қатар қазіргі таңда Жалағаш-Тереңөзек тас жолы бойынан тұрмыстық қатты қалдыққа арналған полигон құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС атқаруда. Полигон шаруа­шылық және өндірістік аймақтардан тұрады. Өндірістік аймақта тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинай­тын арнайы алаң, сүзгіш құдығы орналасады. Мұнда жылына 3500 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыпталмақ.

Сонымен қатар кент орталығындағы «Тағзым» алаңын жөндеу, басты көше А.Иманов көшесі бойындағы жасыл белдеуді абаттандыру, Қ.Бөдеев көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жолы мен науа құрылысы жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Руханият жылы» қарсаңында бой көтеріп жатқан «Руханият» алаңы құрылысын да ауыз толтырып айтуға болады. Аманкелді елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория ғимаратының күрделі жөндеуден өткізілуі – тұрғындар үшін атқарылып жатқан игі істердің бірі. Және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы жобалар негізінде 20 көшенің автомобиль жолдарын жөндеуге күш салынуда. Айта кетейік, аталған жобалар аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары аудан әкімінің және сала мамандарының тікелей бақылауында.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
16 шілде 2024 ж. 210 0