Өрт қауіпсіздігін сақтау аса маңызды
Облыста жыл басынан бері 191 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға азайған. Жауапты сала мамандарының берген мәліметінше, өрт оқиғаларының басым бөлігі тұрғын үй секторлары мен автокөліктерде орын алған. Бұл туралы облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Арман Дастенов мәлімдеді.
– Тіркелген өрт оқиғаларының көбі тұрғындардың қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан болып отыр. Балаларды қараусыз қалдыру, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеу, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудың салдарынан осындай жағдай орын алады. Мәселен, 4 маусым күні қаладағы Абай даңғылында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің 3 қабатында пәтердің жатын бөлмесіндегі тұрмыстық және электрондық заттары толығымен жанып кеткен. Өрт кезінде 11 адам эвакуацияланды. Одан бөлек, 13 сәуірде Арал ауданына қарасы Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан «Қамбаш» олимпиадалық және қосымша білім беру орталығының моншасы жанып, зақымдалған. Мұндағы өрт оқиғасының шығу себебі электр пештің ақаулығынан қысқаша тұйықталуынан пайда болған. Аталған факті бойынша әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 140 бабына сәйкес лауазымды тұлғаларға айыппұл шарасы көрілді. Осы сәтті пайдалана отырып тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздік ереже талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз. Сонымен қатар, Департамент тарапынан төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында профилактикалық жұмыстар өз жалғасын табатын хабарлаймыз,- деді Арман Мамайұлы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі