Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылқалам шебері

Қылқалам шебері

«Жақсы салынған суретте көп сөздің түйіні бар». Бейнелеу және сурет өнері – өнер атаулының ішіндегі ең бір ерекше де көркем руханият қазынасы, қазығы. Жалпы бейнелеу немесе сурет салу – адамзаттың өмір сүріп отырған ортасының өнер тұрғысынан түсінуіне, эстетикалық талғамының дұрыс қалыптасуына жол көрсететін ең алғашқы ілім. Қай жағынан алып қарасақ та қылқалам өнерінің қоғамда алар орны да, тәрбиелік маңызы мен мәні де өз алдына ерекше. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Аманкелді ауы­лының №42 Қ.Баймағамбетов атындағы мектеп-лицейдің білікті ұстазы Абылай Сәрсембаев ауыл балаларына бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйретіп, шығармашылығын шыңдап, ұлттық сәндік өнерімізді оқыту негізінде оқушылардың сана-сезімдерін қалыптастыруда аянбай еңбек етіп келеді.

Қылқалам шебері Абылай Бөле­байұлы 1982 жылы Аманкелді ауылын­да дүние есігін ашқан. Білікті маман ұлттық құндылық саналатын сурет өнеріне тосыннан келмеген. Ол бала күнінен сурет салғанды ұнатып, өзінің бойындағы ерекше дарыны мен сурет өнеріне деген қызығушылығын сол кезден-ақ байқаған. Міне сол сәттен-ақ ол өзінің болашақ мамандығын таңдап қойған болатын. Мектепті тәмамдаған соң, 1999 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алады. Сурет салуды жетік меңгерген маман алғашқы еңбек жолын 2003 жылы өзі туып-өскен Аманкелді ауылының №42 мектеп-лицейінде сурет және еңбек пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған. 20 жылдан астам уақыт шәкірт тәрбие­леп, ұстаздық қызметін абыроймен атқарып келе жатқан қылқалам шебері 2022 жылдан бері ауылдық мәдениет үйінде сурет үйірмесінің жетекшісі ретінде қызмет етіп келеді.


– Сурет өнерімен жүйелі әрі үз­діксіз айналысу – бейнелеу мәде­ниетінің ұлттық дәстүрлерін сақтауға, сондай-ақ табиғатты аялауға үйрете отырып, балалардың суретке деген талғамы мен қызығушылығын арттырып, одан әрі дамытады. Бейнелеу өнері сабақтары – баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін тиімді құралдардың бірі болып саналады. Әр сабақ сайын бала айналасындағы әсемдікті, әдемілікті байқап, сезінуге үйреніп қана қоймай, қоршаған ортаның сұлулығы мен ғажайыптарына ерекше ықыласпен қарап, соны түсіне, сезіне бастайды. Сурет өнері тек өнер ғана емес, ми тынықтырып, жан дүниені тыныштандыратын арт терапия деп те саналады. Өзіме баламен жұмыс жасаған ұнайды. Және осы өнер­ді ұнататындықтан үйірмедегі екі-үш сағаттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаламын. Балалардың ұя­лы телефонға телміргеннен гөрі осындай үйірмелерге қатысып, бос уақытын тиімді пайдаланғаны дұрыс деп санаймын. Алдағы уақытта да жос­пар құрып, талантты оқушылармен жұмыс жалғастырамын деген ойдамын. Сурет өнері сурет құралдарынсыз жүрмейтіні белгілі. Ал құралдар біршама қаражатты талап етеді. Оны көп ата-ана алып беруге шамасы келмейді немесе бос әурешілік санап алып бермейді. Осы жағы қиындау. Алайда жеке кәсіпкер Жадыра есімді апайымыз құралдармен жабдықтап, қамтамасыз етіп келеді. Бұның өзі үлкен көмек. Өнермен айналысу үшін жайлы кабинет пен қажетті құралдар болғанына қуанамын, – дейді Абылай Сәрсембаев.

Өз ісінің хас шебері аудандық мәдениет үйінің бейнелеу өнері үйірме сабағында суретке қызығушылығы мен дарыны бар оқушылармен жүйелі жұмыс жасап, талантын ұштап, түрлі сайыстар мен байқауларға қалдырмай қатыстырып, қолдау көрсетіп келеді. Жалпы үйірмеге жас ерекшелігіне қарай 20-дан аса оқушы қатысады. Осы үйірме жұмысының нәтижесінде шәкірттері түрлі аудандық, облыс­тық, республикалық сайыстарда жоға­ры көрсеткіш көрсетіп, талай таланттылардың арасынан топ жарып келеді. Мәселен, Ақнұр Базарбек және Нұрила Серікбай атты үлгілі шәкірттерді ерекше атап өтуге болады. Олар бірнеше сайыстың жеңім­паздары және осы үйірме ашылғалы бері мүлдем қалмай, тұрақты түрде қатысып, жауапкершілікпен қарап келеді. Үйірме аптасына екі рет өтеді. Одан бөлек үйірмеге қатысу тегін. Бұл балалар үшін таптырмас мүмкіндік. Үйірменің балаларға берері көп.

Ұлт мәдениетін зерделеуде сурет және бейнелеу өнері үлкен ықпал етеді. «Өнер – бұл дүниені түсінуді іздеген әрі түсінікті ету үшін жасалған ой еңбегі... Бұл – суретші қолы тиген барлық затты жүрек айнасымен көрініс қылу» дейді француз мүсіншісі Роден. Сурет өнері қай уақытта да ой-сананы дамытып қана қоймай сұлулыққа үн­дейтін бірден-бір өнер түрі.

Алтынай Қайратқызы
02 шілде 2024 ж. 243 0