Ерен ерлік ескерусіз қалмайды
Жуырда елімізде орын алған табиғи апат кім-кімге де оңайға соқпағаны анық. Бұл мұқым қазақ елінің мұңы. Батыс өңірінде болған оқыс оқиғаға Сыр құтқарушылары да өз жәрдемін көрсетті. 80 күннен аса іс-сапарда болған құтқарушылар мотопомпалар арқылы 589 мың метр куб суды тартып, 27 мың дана қаппен дамбыларға нығайту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, олар 1 395 адам мен 78 үй жануарларын, 1 487 төрт түлікті қауіпсіз жерге көшірген. Осы ретте халқымыздың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек еткен біршама азаматқа Мемлекет басшысы “Ерлігі үшін” медалін табыстады. Оның ішінде Сыр елінің құтқарушысы Еркін Әмірханов та бар.
Бүгін құтқарушылар Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына келіп, су тасқыны кезінде болған сындарлы сәттегі сезімдерімен бөлісті.
- Елімізде орын алған су тасқынының салдарын жою және алдын алу жұмыстарына Қызылорда облысының құтқарушылары Қостанай, Ақтөбе, Орал және Атырау өңірлеріне кезек күттірмейтін және авариялық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Департамент тарапынан барлығы 102 жеке құрам, 12 бірлік техника, 30 бірлік мотопомпа, 8 жүзу құралы жіберілді. Алғашқы эшалон 26 наурыз күні Қостанай облысының Амангелді және Қарасу аудандарындағы Тобыл, Торғай, Қарасу, Ойыл өзендерінің арнасынан тасып, өңірге төндірген су тасқынының зардаптарын жойып, кезек күттірмейтін авариялық құтқару жұмыстарын жүргізуге шықты. Ал, екінші эшалон 1 сәуірде Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Әйке ауылының аумағындағы Әйке көлі арнасынан тасыған тасқын судың қоршауында қалған халыққа көмектесуге аттанды. Келесі құтқарушылар тобы 11 сәуір күні Батыс Қазақстан облысы аумағындағы Жайық және Шаған өзендері арнасынан тасып Орал қаласына жақын орналасқан саяжайларды толық тасқын су басқан аймақтардағы азаматтардың мал мүлкі мен құнды заттарын эвакуациялау жұмыстарына аттанды. Осылайша, 80 күннен аса өзге өңірдегі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Сыр елінің құтқарушылары абыроймен отбасына оралды,- деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Жасұлан Түйменов.
- Үш айға жуық уақыт су тасқынанан зардап шеккен Батыс өңіріндегі ағайынға көмектесу мақсатында 102 жеке құрам аттандық. 18 сәуір күні Қызылорда облысынан аттанған барлыұ құтқару топтары біріктіріліп, Атырау облысына аттандық. Ол жерде біз үйлерін су басқан азаматтар мен олардың құнды мүліктерін, төрт түліктері мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшірдік. Сонымен қатар, өзен жағалауларындағы бөгеттерді қаптармен құмға толтырып бекіту жұмыстарын жүргіздік. Осы орайда атқарылған еңбегіміз елеусіз қалмай, ел Президентінің “Ерлігі үшін” медалімен марапатталдым. Жауапты сәтте жүктелген міндетті толығымен орындап, топан су басқан аймаққа адал қызмет еткенімді мақтан етемін,- деді Облыстық ТЖД “Жедел құтқару жасағы” РММ бөлімшесінің бас құтқарушысы Еркін Әмірханов.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі