Білікті дәрігер болғым келеді
Жас түлектер енді аз уақытта алтын ұя мектебімен қоштасып, қолдарына орта білімі туралы аттестат алады. Түлектердің алдыңғы легі білім сынағы – ұлттық бірыңғай тест тапсыруда. Алда мамандық таңдау мақсаты тұр. Мектеп бітірушілерге бағыт-бағдар беру мақсатында медицина мамандығы бойынша Астана медицина университетінде білім алып жүрген Інжу Қайыржанқызымен газет тілшісі сұхбаттасқан болатын. Назарларыңызға ұсынамыз.
– Інжу Қайыржанқызы, қиын да жауапты мамандық дәрігер болуды армандайтын жастар көп. Сол жастың қатарында өзің де барсың. Медицина мамандығына оқуға түстің, арманыңа бір табан жақындап келесің. Дәрігер мамандығына оқуға түсу үшін жас түлектерге қандай бағыт-бағдар берер едің?
– Әрине, жас түлектер мамандық таңдау алдында тұр. Бұл жауапты кезең бәріміздің басымыздан өтті. Сондықтан мектеп бітірушілер ең алдымен таңдайтын мамандығына байланысты пәндерге көңіл аудару керек. Яғни, медицинада биология және химия пәндерін бүге-шүгесіне дейін оқып, дайындалса, міндетті түрде тиісті баллын алады. Медицина мамандығын таңдамас бұрын ең алдымен өзіңе сұрақ қоюың керек: «Мен бұл мамандыққа өз қалауыммен түскім келеді ме? Мен не үшін дәрігер болғым келеді?» деген сұраққа жауап берсең ғана медицинаға құжат тапсыруға болады. Өйткені дәрігер болу оңай емес. Университет қабырғасында жүргенде бос жүру, емтихандардан оңай өтіп кету деген болмайды. Аса жауапты да қиын мамандықты меңгеру үшін өмір бойы оқып, талмай еңбек етіп, өзіңе үлкен жауапкершілікті алатыныңды түсінуің қажет. Дәрігер болу үшін ең алдымен осы мамандыққа деген үлкен сүйіспеншілік керек. Мамандықты шын жүрегіңмен қалау арқылы барлық қиыншылықтан сынбай өтетін боласың.
– Өзің білім алып жатқан оқу орның туралы айтып берсең... Қандай мамандықтарға даярлайды, оқу орнының өзгелерден ерекшелігі бар ма?
– №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейді 2021 жылы бітіріп, Астана медицина университетіне оқуға түстім. Бұл оқу орны талай жас түлектің арманы екеніне күмәнім жоқ. Біздің университетте медицина бағыты бойынша барлық мамандыққа оқытады. Сонымен қатар фармация, қоғамдық денсаулық сақтау, мейірбике ісі және тағы да басқа барлық медицинаға қатысты мамандықтар бар.
Ең басты ерекшелікті айтсам, жоғарғы оқу орнының елордада – Астана қаласында орналасуы. Оқу орны еліміздегі 30 үздік университеттің қатарына кіреді. Сонымен қатар студентке халықаралық алмасу бағдарламалары қарастырылған. Яғни шет елге шығып оқып келуге болады. Халықаралық ынтымақтастық аясында Астана медицина университеті АҚШ, Жапония, Еуропа және Ресейдің оқу орындарымен серіктестік туралы келісімдер жасаған.
– Болашақ дәрігер ретінде медицинаның қай саласын таңдайсың? Мықты маман болғаныңда медицинаға қандай жаңалық әкелер едің?
– Қазір елімізде ең көп таралған қауіпті дерт – қатерлі ісік. Бұл дерт кішіні де, үлкенді де құрығына іліндіруде. Онымен күресті дүниежүзі жүргізгенімен, нақты емі табылмай келеді. Сондықтан болашақ дәрігер ретінде осы саланың маманы, онколог болғым келеді. Медицина саласының ең маңызды әрі қиын саласының бірі деп ойлаймын. Онкология терең ғылыми білімге, аналитикалық дағдыларға және науқастарға жанашырлықпен қарау секілді қасиеттерді біріктіреді. Арманым мықты маман ретінде қатерлі ісікпен күресуге үлес қосу және адамдарға өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесу. Сонымен қатар ең қиын сәттерде оларға қолдау көрсетіп, ауруды жеңе алатынына сендіргім келеді. Мақсатым – осы ауруды емдеу және алдын алудың инновациялық әдістерімен жұмыс жасау.
Медицинаға енгізетін жаңалыққа келетін болсам, ең алдымен онкологиямен ауыратын адамға ерте диагноз қоюды қарастырар едім. Көбіне онко ауруды, ауруға шалдығып асқынып, 3-4 дәрежеге кетіп қалғанда біліп жатады. Сол себепті емі көп күш, қаражат, уақытты талап етеді. Ал бұл қаншама төзімді қажет етеді. Барлық адамның ерік-жігері ауруды жеңуге жете бермейді. Сондықтан келешекте жасанды интеллект арқылы немесе медициналық анализдер арқылы аурудың алғышарттары енді пайда бола бастаған кезде анықтап, диагноз қоюды медицинаның жетістігі немесе жаңалығы деп білемін.
– Елімізде соңғы жылдары тарап жатқан басқа да дерт түрлерін жеңудің жолы қандай деп ойлайсың, мүмкін жаңа технологиялар енгізу керек пе, әлде адамдардың саламатты өмір салтын ұстануы әсер ете ме?
– Заманауи ауруларды жеңу кешенді тәсілді қажет етеді деп есептеймін. Бір жағынан, геномдық реттілік пен телемедицинаны қоса алғанда, диагностика мен емдеудің озық әдістері сияқты жаңа технологияларды енгізудің тиімділігі зор. Зерттеулер көрсеткендей, қандай да бір дендеген ауруды жеңуде әлеуметтік және экономикалық жағдайды ескеру өте маңызды. Мысалы, халықтың барлық тобы, соның ішінде табысы аз топтар үшін медициналық көмекке қолжетімділік маңызды рөл атқарады. Ақпараттық технологиялар дамыған заманда адамдар өз бетінше ізденіп білім деңгейін көтеріп, ауру туралы ақпарат алуы да көп нәрсенің алдын алады. Сондай-ақ адамдардың өмір сүру жағдайы да баса назар аударатын мәселе.
Дәрігерлікке оқып жатқан болашақ маман ретінде ұғынғаным – жаңа технология, диагностика және емдеу әдістері, вакцина және т.б. аурумен күресудің тиімділігін айтарлықтай арттырады. Сондықтан денсаулық сақтау саласында ғылыми зерттеулер мен инновацияларды қолдау – басымдыққа ие факторлар.
– Өзің дәрігердің бойындағы қандай қасиеттерге қызыға қарайсың? Білікті дәрігер болу үшін білім алу ғана жеткілікті деп ойлайсың ба?
– Болашақ – жастардың қолында. Жаңа ғасырдың жастарына үлкен мүмкіндіктер берілуде. Әсіресе, медицина саласында қызыға қарайтын жаңа тың тәсілдер пайда болуда. Ең алдымен дәрігер болу үшін адамда үлкен жүрек болу керек. Жүрегі таза, мейірімді адам дәрігер болады. Науқасты емдейтін де дәрігердің жылы алақаны мен мейірімді жүзі, сөзі. Бала кезімнен ақ халат киген дәрігерлердің осындай жақсы қасиеттерін көріп өстім. Адамның сеніміне ие болу үшін өзіңнің бойыңнан да жақсы қасиеттер табылуы керек. Ал терең білім мен тәжірибе сөз жоқ жаны дерттен құлазыған адамға жаңа өмір сыйлайды. Әдетте дәрігер қателеспеуі керек дейді. Иә, дәрігер қателігі адам өмірін қияды. Сондықтан болашақ дәрігер ретінде адамдарға өмір сыйлағым келеді.
– Дәстүрлі сұрақ – туып-өскен ортаң, ардақты ұстаздарың, отбасың туралы айтсаң...
– Әркімге «туып-өскен жері – Мысыр шаһары» демекші, қайда жүрсем де туған жерден асқан ыстық мекен жоқ. Мен үшін туған жеріме тең келетін жер жоқ. Қасиетті Тереңөзек топырағынан нәр алып, №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде білім алдым. Сынып жетекшіміз Парасат Айтанованың оқушысы болғаныма қуанамын. Себебі ұстазымыздың арқасында біз тәртіпсіз білімнің түкке тұрмайтынын түсіндік. Әрдайым бізге тәртіпті болуды үйретіп, бізге шын жанашыр болды. Мейірімді, нағыз өз ісінің маманы. Алтын ұя мектебімнің барлық ұстаздары ардақты, барлығы жүрегімде ерекше орын алады. Әрбірінің берген өнеге-тәрбиесі, білімі барлығы есімде.
Дәрігер мамандығына оқуға түсуіме бірден бір септігін тигізіп, бір жылдан астам уақыт бойы ҰБТ-ға дайындаған Үміт Жағыппарқызының еңбегіне құрметпен қараймын. Үміт Жағыппарқызы – өте білімді, түсінігі мол, білікті мұғалімдердің бірі. Барлық ұстаздарға айтар алғысым мол.
Отбасым туралы да мақтанышпен айта аламын. Әрдайым қасымнан табылып, мектепте өткен барлық іс-шараға мені қолдауға келетін, әрбір ісімде ақ батасын беріп, қолдап жүретін ардақты Жаныкүл әжем бар. Әжем маған әрдайым ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін айтып отыратын. Әкем Қайыржан мен анам Маринаның тұңғышымын. Олар қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Сонымен қатар менің Жанат тәтем бар. Ол кісінің менің тәрбиемде алатын орны бөлек.
– Мектепте белсенді оқушы болдың, жоғарғы оқу орныңда да белсендісің бе? Жалпы қоғамдық жұмыстың ортасында жүруге уақыт табыла ма?
– Оқу мен қоғамдық жұмысты ұштастыруға қай кезде де үлгіруге болады. Мақсатым – медициналық білім алу және өзімнің көмегімді қажет еткендерден аямау. Белсенді студент ретінде университеттің Студенттер кеңесінің мүшесімін. QAZMED – медицинаның еріктілер ұйымына 2-курста іріктеуден өтіп, сонда өтетін іс-шараларға қатысамын. Хоспистағы наукас қарт адамдарға барып көмектесеміз. Балалар үйіне барамыз, халықтың медициналық сауатын ашамыз. Осы өткен 3 жылдың ішінде жақсы білім алып, еліміздің медицина саласына өзімнің үлесімді қосатын дәрігер болу үшін аянбаймын.
– Таудай талабыңа нұр жаусын. Туған жердің түлегі ретінде алған білімің, медицина саласына қосатын үлесің зор болсын!
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
Пікір 2