Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихы толағай мәртебелі мектеп

Тарихы толағай мәртебелі мектеп

Білімнің қайнар бұлағының негізі мектептен қаланатыны анық. Қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деп тағылымы терең ой қозғайды. Бүгінде ауыл мектептерінің білімді ұрпақ тәрбиелеуде бәсі биік. Білім бетінің бүгінгі шығарылымын аудан орталығынан шалғайда орналасқан білім ордасы №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейге арнамақпыз. Өз кезегінде білім ошағынының өткен оқу жылындағы атқарылған ауқымды жұмысы жөнінде мектеп-лицейдің директоры Жанболат Назаровпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Жанболат Опабекұлы, тарих – біздің істеріміздің өткенінің куәсі демекші, өзіңіз басқарып отырған мектеп-лицейдің тарихына тоқталып өтсеңіз...

– Өскелең ұрпаққа 93 жыл сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие беріп келе жатқан іргелі білім ордасының тарихы әріден бастау алады. 1931 жылы «Шіркейлі» каналының сол жақ жағалауындағы «Шығанақ» деген жерде жер кепеде мектептің іргесі қаланды. Ең алғашқы болып Әбілқайыр Құлымбетов пен Жарылқасын Шөкенов басшылық еткен мектептен 8 оқушы білім алған. Атап айтқанда, Е.Төрехожаев, Ж.Құдай­бергенов, Ә.Ыдырысов, С.Артықов, Қ.Майлы­хожаев, М.Жақыпов, Д.Мусаев – білім ошағы­ның алғаш­қы түлектері. Еңбек және соғыс ардагері Жаңа­бай Азаматов 1937 жылы жеті жылдық білім оша­ғын қайта құрды. 1940 жылы мектеп директоры Смағұл Тұрғанбаев болды. 1960 жылдан бастап сегіз жылдық мектеп болса, 1967 жылдан бастап ор­та мектеп болып негізі қаланды. Он жылдық орта мектеп сол кездегі мектеп басшысы Ж.Азаматовтың басшы­­лығымен шаруашылық қар­жысынан салынған екен. Ауыл орталығынан 1977 жылы қос қабатты 300 орын­дық мектеп салынды. ҚР Министрінің қаулысы бойынша 1996 жылы Сырдария ауданы №129 Қызылту орта мектебіне ақын, жазушы Әбіраш Жәмішев есімі берілді. Жаңа заман талабына сай 2015 жылы 600 орындық заманауи үлгідегі тағылымды білім ордасы пайдалануға берілді. Мен білім ордасына 2014 жылдан бері басшылық етіп келемін.

– Мектептің бүгінгі жағдайы мен педагог мамандардың құрамы қалай?

– Мектебімізге 2019 жылы лицей статусы берілген. Қазіргі таңда мектеп қабырғасында 635 оқушы білім алуда. 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бо­йын­ша 11 сыныпты 38 оқушы бітірсе, биыл 32 оқушы алтын ұядан түлеп ұшпақ. Оның ішінде 4 «Алтын белгі» және 3 «Үздік аттестатқа» үміткер бар.

Біздің мектебімізде 32 сынып комплектісі жасақ­талған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде 32 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Бүгінде тағылымды білім ордасында тәжірибелі мамандар жетерлік. Әркез білімді ұрпақ тәрбиелеуде қалтқысыз еңбек етіп жүрген ұлағатты мұғалімдер өз білгенін жас мамандарға үйретіп, тәжірибе алмасып отырады. Бүгінде мектепте 90 мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде 11 педагог-зерттеуші, 32 педагог-сарапшы, 40 педагог-модератор бар.

– Оқу жылы барысында білім алушылардың қол жеткізген жетістіктерін айтып берсеңіз?

– 2023-2024 оқу жылы біздің мектебіміз үшін жеңісті жыл болды. Осы ретте, «Қазақстан балалары шексіз әлемде» балалар киносы бойынша республикалық фестивалінің аудандық кезеңіне 9 сы­­нып оқушылары Нұрмат Ғафурұлы мен Ерасыл Айтмұратов қатысып, «Алғыс хатпен» марапатталды. Талапты оқушылардың жетекшісі білікті ұстаз Аружан Жарылқасын екенін айта кету орынды. «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауының аудандық кезеңі­нен «Менің ашық университетім» номинация­сынан 10 сынып оқушысы Зехра Қуаныш І орын, «Мен Қазақстан азаматымын» номинациясынан 8 сынып оқушысы Айлита Насрадинова І орын, «Жақсылық керуені» номинация­сынан 8 сынып оқушысы Нұрсезім Абдрахманқызы ІІІ орын жеңіп алып, марапатталды. Қатарынан оза шапқан білімді оқушылардың жетекшілері Мөлдір Ақылбаева, Индира Қабылова, Ғазиза Смағұлова екенін айтып өткен жөн. Мұнан бөлек «Қазақстанның жеті кереметі» номинациясы бойынша білікті ұстаз Данагүл Жұмабекованың жетекшілігімен 11 сынып оқушысы Бибіажар Қыдырхожаева ІІІ орынды жеңіп алса, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» номинациясы бойынша Асылзат Әділбек ІІ орынды қанжығалады. Дарынды оқушының білімін шыңдап, бәйгеге қосқан ұстазы – Айдана Сейтасқарова. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен республикалық «Бала­лар оқулары» байқауына Әйгерім Райсова жетекшілік еткен 10 сынып оқушысы Хан­шайым Ақылбек қатысып, жүлделі І орын тұғырынан көрінді. Химия, биология және география пәндері бойынша мектеп оқушыларының «Жас зерттеуші» ІІІ об­лыстық ғылыми-зерттеу жобалар байқауының химия секциясында «Су химиясы» бағыты бойын­ша 9 сынып оқушысы Ақерке Рүстемова І орын алды. Ақеркені білім сайысына жетелеген ұстазы Әйгерім Саменованың еңбегі зор.

Оқушыларымыз әр жыл са­йын өтетін аудандық, облыс­тық, республикалық пәндік олимпиадаларға бел­сене қатысып, жоғары нәтижемен жүлделі орындардан көрініп келеді. Ауыл мектептеріне арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша респуб­ликалық олим­пиададан Ханшайым есімді оқушымыз І орын­ға ие болды. Дарынды оқушының жетекшісі Перизат Ақылбекова екенін айта кетейік. Республикалық «Ай­қанат» ауыл оқушыларына арнал­ған олимпиадасына 9 сынып оқушысы Данияр Жұбаныш қатысып «IQANAT HUGH SCHOOL OF BURABAY» грантын ұтып алды.

Сондай-ақ, шахматтан 7,9,11,13,15 жастағы жасөс­пірімдер арасында өткен об­­лыс біріншілігінде Айнель Жұмаділдақызы мен Алтынай Үсенқызы, Рашид Байдаулет ІІІ орын, «Ең жас ойыншы» номинациясын Расул Серікбол жеңіп алды. Сабина Абылай Қырғызстан мемлекетіне барып шахматтан І орын, Египеттегі Шарм Эль Шейх қаласында шахматтан сайысқа қатысып алдыңғы бестікке ілікті. Оқушылардың спортқа қызығушылығын арттырып, бәйгеге қосып жүрген Үсен Маханбетов екенін айту орынды.

Оқушылармен қатар білікті ұстаздардың да жетістіктері жетерлік. 2022-2023 оқу жылының қоры­тындысымен «Ұлттық мектеп лигасы» аясында өткізілген іріктеу жарысында жалпы командалық есепте біздің мектеп ІІІ орын иеленді. Психолог мамандар арасында өткізілген «Үздік психолог кабинеті – 2023» облыстық байқауында «Ең көңілді мекен» номинациясымен мектеп психологы Қалдыгүл Сәрсеналиева, «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауының аудандық кезеңінде өзінің интеллектуалдығын, кәсіби шеберлігін көрсеткені үшін Насихат Досжанова, Айдана Сейтасқарова ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталған болатын.

– Мектепте тәрбие саласы бойынша ат­қарыл­ған жұмыстарға тоқталсаңыз...

– Мектепте 2023-2024 оқу жылына арналған тәрбие жоспарлары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министр­лігінің «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» негіз­ге ала отырып жасалды. 1-4 сыныптарға, 5-7 сыныптарға, 8-11 сыныптарға кешенді жоспар дайын­далып, жылдың басында бекітіліп, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде.

«Біртұтас тәрбие бағдарламасын» негізге ала отырып «Ұлттық мүдде», «Ар-ұят», «Талап» құнды­лықтары негізінде тәрбие бағыттарында, тәрбие сағат­тарда, жобаларда және пәндерде, яғни пәнмен байланыс­тырып осы құндылықтарды баланың бойына сіңіру жолға қойылған.

Мектептегі «Даналық мектебі» клубы жұмысы «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Жеңгелер кеңесі», «Аға қам­қор­лығы» бағыттары бойынша жоспарланып, түрлі іс-шаралар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып тұрады.

Сонымен бірге ата-аналармен Аталар мектебі, Әже­­лер мектебі, Жеңгелер мектебі, Ата-аналар комитетінің жұмыстары, «Тоғыз айға – тоғыз жоба», «Төрт тоқсанға – төрт өнер», «Жеткіншектің жеті жарғы­­сы», «Еңбегі адал жас өрен» аясында тәрбиелік іс-шара­лар ұйымдастырылды.

Ұлттық мұраны қастерлеу, еңбекке баулу, құнды­лықтарды дарыту міндеттері жүзеге асырылуда. «Оқу­ға құштар мектеп» жобасы бойынша мектебіміз тірек мектебі болып бекітіліп, балалар кітапханасында беріл­­­ген тізім бойынша шығармаларды талдау, сахналау жұмыстары басты мақсатымызға айналды. «Мектеп театры» жобасы, «Ұшқыр ой» дебат клубының жұмы­­­сы қоғамның өзекті мәселелерін көтеруге мүм­кін­дік беруде.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
08 маусым 2024 ж. 130 0