Тазалықты мешіттен бастау керек

Жақында Алматыдаға туыстарымыз аудандық мешітке келіп, құдайы ас берді. Асқа ауданның үлкен-кішісі жиналды. Көршілес аудандарда да ағайын-туыс келіп, арнайы қатысты. Сонда айтылған ой-пікірді құлағымызбен естіп, мешіт төңірегінің тазалығын, абаттандырылуын көзімізбен көрдік. «Сырт көз – сыншы» демекші көрген-білгенімізді жазып, айтпасақ болмас деп ойладым.
Мешітке апта сайын келетін жамағаттың қарасы қалың. Оның басым көпшілігі жастар. Кейде ойлаймын, сол бір қауым елді жинап алып, жұмақ пен тозақ туралы уағыз-насихат айта бергенше, бір күнді белгілеп, мешіт айналасын тазартуға мән бермей ме екен?! Бұл жұмысты ұйымдастыру мешіт имамының қолынан келеді. Тек оған азаматтық жанашырлық, тазалыққа деген игі ниет пен көзқарас керек. Меніңше, жақсы бір бастамашыл азамат болса, жамағат мешіт айналасын тазарту жұмысына белсене атсалысады. «Әкімдіктің қызметкерлері келіп тазалап бергені дұрыс» деп отыра берсек, келген-кеткен жұрт күле қарап, сын айтып, мін тағып кетеді. Сондықтан тазалықты мешіттен бастау керек деп есептеймін. Қасиетті мекеннің кіреберісінен бастап жерін қопсытып, қарықтап, талдар мен гүлдер егіп, тап-тұйнақтай қылып қойса, онда мешітке деген қоғамның да көзқарасы өзгереді деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім, мұны газет жариялауы да, жарияламауы да мүмкін. Осы ауданның бір өкілі және газеттің оқырманы ретінде азаматтық ұстанымымды айтуды өзіме парыз санаймын.
Д.ДӘУІТОВА,
тұрақты оқырман