Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірдің бір қызығы бала деген

Өмірдің бір қызығы бала деген

Отбасы – сүйіспеншілік пен береке-бірлік тоғысқан махаббат пен бақытқа толы киелі мекен. Ал сол отбасының мызғымас тірегі, баға жетпес байлығы, мәні де сәні, ұрпағының жалғасы бала екені сөзсіз. «Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш бала сүю» деген екен батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Расында, әр адам үшін отбасын құрып, ұрпақ сүю – үлкен бақыт.

Жаңадан отбасын құрған жас отбасының ең асыға күтетіні былдырлаған сәби дауысы. Жастар отбасылы болған соң, ағайын-туыс пен жора-жолдас «тоғыз ай тоғыз күннен соң шілдехана-бесік тойға келейік» деп тілекші болып жатады. Иә, мұндай ізгі ниеттің айтылғаны дұрыс. Дегенмен қазіргі таңда сәбилі бола алмай жүрген отбасылар қаншама. Бұл тақырып соңғы кезде үлкен мәселеге айналып барады. Тіпті бұның соңы отбасылардың екі жаққа кетіп, ажырасуына себеп болуда.


Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда 20 мыңға жуық отбасы перзент сүйе алмай жүр екен. Дәрігер мамандардың айтуынша, жас жұбайлардың бірінде белсіздік болса, бірінде бедеулік, ал кейбірінде суық тию сияқты, жатырдың қабынуы және тағы да басқа өзіндік бірқатар себептері анықталған дейді. Елімізде соңғы уақытта белсіздік пен бедеулік ауруы көбейіп, белең алуда. Қуанышқа орай бүгінгі медицинаның өздігінен босана алмайтын жандарға көмектесе алатындай қауқары бар. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Көбісі бедеулік диагнозы қойылса, мүлдем балалы бола алмайды деп ойлап жатады. Ақ халатты абзал жандардың айтуынша бұл қате әрі жансақ түсінік. Бүгінгі таңда оны емдеудің түрлі әдіс-тәсілдері бар көрінеді. Ал оған үлкен шыдамдылық пен сабырлық қажет. Себебі, тексерілудің өзі шамамен 2-3 айға созылуы мүмкін.

Бедеулікті бұрындары тек әйелдерден ғана еститін едік, ал қазір бұл ерлер қауымының арасында өте жиі кездесіп жүр. Бір өкініштісі, қазақ отбасында мұндай тақырыптағы мәсе­лені көбінде әйел адамға ысырып қоятыны барлығына белгілі. Қазіргі уақытта мамандарды әсіресе ерлердің денсаулығы алаңдатуда. Сол себепті бұл диагноз әйелдер мен ерлерде бірдей қатар жүретін ұмытған жөн. Акушер-гинеколог мамандарының тәжірибесінде әрбір алтыншы отбасына бала сүю бақыты бұйырмай, ЭКО-ға жүгінуге мәжбүр екенін айтып, және олардың саны артып келеді деп дабыл қағуда. Эко – бұл қарапайым тілмен айтқанда жасанды ұрықтандыру. Дәлірек айтқанда, экстракорпоральды ұрықтандыру – әйелдің денесінен тыс, яғни жасанды жағдайда жұмыртқаны ұрықтандыруға мүмкіндік беретін көмекші репродуктивті технология. Жұмыртқа жасушасы әйелдің денесінен алынып, «құтыда» жасанды ұрықтандырылады. Алынған эмбрион бірнеше күн бойы инкубатор жағдайында ұсталады, содан кейін одан әрі даму үшін жатыр қуысына ауыстырылады.

– Қазіргі таңда Қазақстанда орта есеппен алғанда 15 пайызға жуық отбасы бала сүюді аңсап жүр. Жаңа технология көмегімен балалы болу бақытына қол жеткізіп жатқандар да аз емес. Мемлекет тарапынан осындай отбасыларды қолдау мақсатында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында тегін квота қарастырылған. Менің ойымша сәбилі бола алмай жүрген отбасыларға бұл үлкен қуаныш, таптырмас мүмкіндіктің бірі. Тұрмыстық жағдайы төмен, шама-шарқы жетпейтін қаншама отбасы бар. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бір перзентке зар болып жүрген талай жандардың үміт отын жақты. Негізінен елімізде жасанды ұрықтандыру 1996 жылдан бері қолданыста. Сол уақыттан бері 25 мыңнан аса сәби өмірге келді. Аталған медициналық емнен тегін өту мүмкіндігі 14 жылдан бері қолжетімді болып келеді. Елімізде соңғы екі жылда экстракорпоральды ұрықтану арқылы 10 мың бала өмірге келіп, қаншама отбасының шаңырағы шаттыққа кенелді, – дейді Сырдария аудандық емханасының бас акушер-гинекологы Нейла Темірханқызы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Осы орайда экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артқан. Мыңдаған отбасы осы бағдарламаның игілігін көріп, сәби сүю бақытын сезініп отыр. Елімізде «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында бірқатар игі істер жалғасын табуда. Бұл бағдарлама бедеулік диагнозы қойылған азаматтарға арналады. Аталған бағдарламаға қатысудың бірқатар талаптары мен шарттары қарастырылған. Бағдарламаға қатысу үшін ең алдымен Қазақстан азаматы болуы тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі қажет. Одан бөлек 18 бен 49 жас аралығындағы жандар қатыса алады. ЭКО-ға жолдама алу үшін ең бірінші тұрғылықты тіркелген мекен-жай бойынша емханаға бару міндетті. Сол жерде жолдама алуға өтініш берушіні бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Онан соң бірқатар тексерістен өтіп, 12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары техно­логиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындық жұмыстары басталады. Пациент экстракорпоральды ұрықтандыру клиникасын өзі таңдай алады. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы жылына тек бір рет қана тегін жасалады.

2021 жылдың соңында «Аңсаған сәби» бағдар­ламасының алғашқы сәбиі дүниеге келген болатын. Сәби сүю Дана есімді кейіпкеріміз үшін қол жетпес арман еді. Дегенмен армандар орындалатынына оның көзі жеткендей. Тоғыз жыл балалы болуды аңсап, бір сәтке үмітін үзбеген ол үмітінің ақталып, оң нәтиже бергеніне әлі күнге сене алар емес және бәріне шүкіршілік етеді.


– 9 жылдан бері күткен қуанышымыз –осы. Сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Осы «Аңсаған сәби» бағдарламасын қабылдаған Президентімізге рахметімізді айтамыз. Барлық аңсаған аналарға осындай бағдарламалар арқылы көбірек квота бөлініп, ана бақытын барлығы сезінсе екен деп тілеймін, – дейді Дана Өмірбекова.

ЭКО әдісін жасатудың бағасы шамамен 1 миллион теңгеге дейін барады. Ал жекеменшік клиникаларда ЭКО-ның бағасы 1 миллион теңгеден басталады. Бірақ оның нәтижелі болу болмауына ешқандай кепілдік берілмейді. Тегін квота жүктілікке кедергі келтіретін қандай да бір ауыр ауруы бар адамдарға берілмейді.Тегін квотаны тек ерлі-зайыпты отбасылар ғана емес, сонымен қоса заңды некеге тұрмаған әйелдер де алуға толық құқығы бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей жасанды ұрықтандырудың тегін квотасы жылына тек 1 рет қана беріледі, және жүктілік сәтті болмаған жағдайда қайта кезекке тұруға болады.


Жасанды ұрықтандырудың пайдасы мен зияны, артықшылығы мен кемшілігі туралы көптеген пікір бар. Бірі бұл әдіспен жүкті болғандар қатерлі ісік ауруына шалдығуы мүмкін десе, ал екіншісі мұндай жолмен дүниеге келген балаларда кейіннен қиындықтар туындайды деседі. Дегенмен жасанды ұрықтандырудың оң немесе теріс жақтары әлі толық зерттелмеген, алайда назар аударатын өзіндік ерекшеліктері бар. Егер де бедеулікті емдеу әрекеттері нәтижесіз болса, онда ЭКО әдісіне жүгінген жөн дейді мамандар. Эконың кемшіліктері тек әйелдің жалпы жағдайында және артық салмақ қосуында. Бірақ бұл мәселелер уақытша және оның шешімі де бар. Балалы болудың жанында бұл салыстыруға да келмейтіндей мәселе екені сөзсіз.

– Қазіргі кезде көп қыз-келіншектер дұрыс күтінбейді, денсаулығына салғырт қарайды. Көптеген зиянды тағамдар мен түрлі химиялық сусындарды тұтынады. Оның құрамы мен жасалу әдісіне мән бермейді де. Одан бөлек суық күндері өте жұқа киініп, аяққа және тағы да басқа маңызды мүшелеріне суық тигізіп алады. Тағы бір айта кететін жайт, көп жастардың жыныстық сауаттылығы өте төмен. Оның себебі ата-ана тарапынан балаға бұл жөнінде толыққанды ақпарат берілмейді. Бұл жөнінде тек отбасында ғана емес, мектеп қабырғасында да айтылуы тиіс. Жыныстық сауаттылықтың болмауынан қазіргі қаншама жас қыздар инфекциялық ауру жұқтырып, ерте жүктілік және түсік тастаудың құрбаны болып отыр. Сонымен қоса соңғы кезде денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізетін көбінесе шылым, электронды вейб және сол сияқты зиянды заттарды пайдаланып жүрген қыздарды көреміз. Сол себепті бұл жағдайға бей-жай қарамай, үлкен жауапкершілікпен қарау керек деп кеңес беремін, – дейді білікті маман.


Бүгінгі медицинаның дамуы адамзатқа үлкен мүмкіндік беріп отыр. Соның ішінде жасанды ұрықтандыру арқылы қаншама отбасыға өлшеусіз бақыт сыйлады. Жаңа технология заманында адамның жатырына қолдан бала салу ғылымдағы ең үлкен жетістік екені даусыз. Игілікті істің жаршысы, қаншама отбасына бақыт сыйлаған ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Әр шаңырақты нұрға бөлеп, екі жанның ортасындағы махаббат пен сүйіспеншіліктің бекем болуына бірден бір себепкер – бала. Сондықтан «Адамның бір қызығы бала деген...» деп бекер айтылмаған.

Фото:ERNUR.KZ


А.Қайратқызы


01 маусым 2024 ж. 113 0