Қауіп қайдан демеңіз
Бала қауіпсіздігіне баса назар аудару керектігі қоғам өмірінде жиі қозғалатын өзекті мәселе. Бүгінде ата-ананың бақылауынан тысқары қалатын жас жеткіншектер оқыс оқиғаға тап болатыны анық. Өткен жылдың 1 маусымында Оқу-ағарту министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, елімізде 6,6 миллион бала тұрады екен. Оның ішінде, былтыр 724 сырдариялық нәресте жарық дүние есігін ашып, әр отбасыға қуаныш сыйлады. Оқу жылы аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шыққаны мәлім. Соңғы қоңырау соғылған сәттен үш ай бойы кез келген ата-ананың қарауында болатын олардың аман-есен болуы мұқият қадағаланады. Күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігін ескеріп, жан-жақты сараптауға бекіндік.
Суға шомылу қайғылы жағдайға ұшыратады
Мамыражай маусым, шіліңгір шілде, аптап ыстыққа толы тамыз. Бұл айларда бала бір сәтке үйге сыймайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан баланың көбісі су айдынында шомылуға әуестенетіні бар. Денесі күнге күйген бала біткен рұқсат етілмеген жерге суға түсіп, артынан қайғылы жағдай орын алып жатады. Мәселен, өткен жылы еліміз бойынша суға шомылу кезінде 51 бала құтқарылған. Сонымен қатар 53 бала суға батып кеткені анықталған. Аудан көлемінде қайғылы жағдай болмас үшін төтеншей жағдайлар бөлімінің мамандары арнайы рейд жүргізіп, профилактикалық іс-шарада су айдынындағы қауіпсіздікті жан-жақты түсіндірген болатын.
– Облыс аумағындағы су айдындарында, әсіресе, «Сырдария» өзенінде жылда адамдардың әртүрлі себеппен бақытсыз жағдайға ұшырауы жиі кездеседі. Судан зардап шеккен азаматтардың, балалардың қаза болуына «Сырдария» өзені мен кез келген каналдың толықтай зерттелмегені бірден-бір себеп. Мәселен, ағысы жылдам, терең, жағасы тік жар жерге түсу қауіпті. Судың салқындығын ескермей, жүзе білмеудің салдарынан суға батып кетеді.
Негізгі мәселе – ата-ананың баласын бақылаусыз қалдыруы. Аталған қарапайым қауіпсіздік ережесін көпшіліктен сақтауды және айтып келмейтін табиғи құбылысты ұмытпау керектігін сұраймыз. Аудан тұрғындарына судағы қауіпсіздік талабын сақтамаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 440, 412 – бабымен әкімшілік жауапкершілік көзделгенін айта кетейін, – деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қанат Шарафадинов.
Негізінен, осы күні тиісті бөлімнің мамандары үздіксіз суға түсу ережесін балаларға түсіндіруде. Біріншіден, суға түсу кезінде кемеге, жүзу құралына жақын бармау керектігі ескеріледі. Екіншіден, камерамен, тақтаймен, басқа да жүзуге болмайтын құралмен суға шомылуға болмайды. Мұнан бөлек, ескерту белгісі берілген кезде судан дер кезінде шығу керектігі маңызды. Сондай-ақ таныс емес жерге, жағалаудан суға сүңгуге қатаң тыйым салынады. Сала мамандары су температурасы 18 градустан төмен болған жағдайда шомылудан бас тартқан жөн екенін де ескертеді. Қолдан жасалған жүзу құралын пайдалану да қауіпті. Сынған банкі мен әйнекті суға лақтыру – адам өміріне қауіпті саналады.
– Менің 3 ұлым бар. Жаз мезгілінде рұқсат етілмеген жерге суға шомылу қауіпті екенін ескертіп отырамыз. Бүгінде бала тәрбиесіне селқостық танытпауымыз қажет. Күнделікті баспасөз бетінен баласы суға кетіп, қайғы жамылған отбасы жайында оқып жатамыз. Мұндайда балаға қаталдау қарап, суға түсуге рұқсат етпеген жөн. Шындығында, жұмыстан шыға алмайтын ата-ана үйдегі баласының немен айналысып жатқанынан бей-хабар. Осындай салғырттық салдарынан өскелең ұрпақ өмірімен қоштасуда – дейді Тереңөзек кентінің тұрғыны Нұржан Бақытбеков.
Терезеден қарғыған балаға кім жауапты?
Есепті мерзімде ата-ананың немқұрайлы қарауы себебінен облыс көлімінде баланың терезеден құлауы бойынша 8 жағдай тіркелген. Ал өткен жылы терезеден құлаған 14 баланың ішінде 1 сәби қаза тапқан. Баланың табиғи қызығушылықпен ашық терезе алдында қауіп-қатерге бейім болуын сала мамандары анықтаған. Әсіресе, 3-7 жастағы бала терезеден құлау қауіп-қатеріне жиі ұшырайды екен. Осыдан 2 жыл бұрын қызылордалық Сәбит Шонтақбаев пен Сағи Жылқышиев 8 қабаттан 3 жасар қызды құтқарып қалғаны мәлім. Ал жақында елорданың тұрғын кешенінің бірінде ілініп тұрған 5 жасар баланы 7 сынып оқушысы Ақан Әкімжанов құтқарып қалды. Өз кезегінде Астана қаласынның әкімі Жеңіс Қасымбек ерлік көрсеткен оқушыны ата-анасымен бірге қабылдап, 1 миллион теңге сыйға берді.
– «Ақанның ата-анасына ержүрек ұл өсіріп, лайықты тәрбие бергені үшін алғысымды білдіремін! Ақан сол сияқты оқуда да, спортта да жетістіктерге жетіп жүр! Мұғалімдері мен сыныптастары ол туралы адал дос, саналы және жауапкершілігі мол оқушы деген пікірде. Ақанға планшет пен бір миллион теңге сыйға берілді. Сондай-ақ болашақта колледжге немесе университетке түсу кезінде де көмек көрсетеміз», – деп жазды елорда әкімі Instagram парақшасында.
Жалпы, ата-ана назарынан тыс қалатын қауіпсіздік ережесін төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы бізге зерделеп айтып берген еді.
– Бала терезе алдында ойнаудың қауіпті екенін түсінетін жаста емес. Үлкендердің ешқайсысы оларға бұл жағдай туралы түсіндірмейді. Терезеден құлау оқиғасы көп жағдайда ата-ананың баланы қараусыз қалдыру салдарынан болады. Осыған байланысты ата-ана өте сақ болу керек, және кішкентай бүлдіршінді терезесі ашық бөлмеде жалғыз қалдырмаған дұрыс. Балаңыздың жанында болғаныңызбен, өз назарыңызды басқа нәрсеге аударған мезетте кішкентай балғын өз өмірімен қоштасуы мүмкін. Барлық жиһазды бала терезе алдына шыға алмайтындай етіп, жанынан алшақ қойған абзал. Егер бұл мүмкін болмаған жағдайда, балаға терезеге жақын орналасқан керует немесе басқа да жиһаздың үстіне ойнауға рұқсат бермеу керек. Ешқашан терезенің маса торына сенбеу керектігін айтып келеміз. Аталған дүние құлаудан сақтауға арналмаған. Анығын айтқанда, маса торы қайғылы жағдайдың орын алуына әкеліп соғады. Терезені төменгі жағынан емес, жоғарғы бөлігінен ашқан пайдалы. Бала терезені өз еркімен аша алмау үшін, терезеге бекіткіш орнатылғаны жөн, – деді Қанат Шарафадинов.
Тілсіз жау тығырыққа тіремесін
Тілсіз жаудың ең қауіптісі саналатын өрт оқиғасы кейбір уақытта баланың қатысуымен орын алатынын жақсы білеміз. Тәулік бойы баласын қараусыз қалдырып, жұмысбасты атанған ата-ана кішкентай балғынның өміріне алаңдамайды. Осы жылдың есепті мерзімінде Сырдария ауданында жыл басынан бері 13 өрт және 39 өртке жатпайтын жану оқиғасы тіркелген. Өрт оқиғасының салдарынан қаншама отбасы барлық жағынан зардап шекті. Осындай оқыс жәйттің себепкері бала болуы да, ықтимал. Маңызды мәселені ескерген тиісті бөлім бастығы баланың тентектігімен орын алатын өрт оқиғасын болдырмау жолын жіктеп бізге жеткізді.
– Баланың тентектігінен пайда болатын өрт себебінің талдауы көбінесе отқа абай болмауы, жеткіліксіз бақылау мен ата-ананың перзентінің бос уақытын дұрыс ұйымдастыра алмағандықтан туындайтынын көрсетеді. Демалыс уақытында оқушы ересектердің қарауынсыз жиі қалады. Бұл кезеңде балалардың отпен ойнауынан туындайтын өрттің шығуы арта түседі. Пәтерде немесе жеке тұрғын үйде жалғыз қалған бала үлкендерге еліктеп, сіріңкені алып, қағазды жағуы, электр жылытқыш құралғысын тоққа қосуы, тіпті, жылыну үшін от жағуы мүмкін. Кейде ересектерден көргенін жасап, бала темекі шегуге талпынады. Бұған әрине, сіріңкені жасырып қоймайтын, іс-әрекетін қадағаламайтын, олардың ойынына зер салмайтын, пешті жағуды тапсырып, оны қарауға қалдыратын ата-ана кінәлі екені сөзсіз. Баланың көпшілігі көбіне «құпия орында», яғни, құрылыста, шатырда, жертөледе немесе үйде отпен ойнағанды ұнатады, – дейді бөлім бастығы.
Тілсіз жау орын алмауы үшін назарда болатын ережеге мыналар кіреді. Біріншіден сіріңкені баланың қолы жетпейтін жерде сақтау, екіншіден, ұлыңызға темекі сатып алуға тыйым салу, үшіншіден, баланы үйдің сыртынан құлыптап кетуге болмайды. Әсіресе кіші жастағы балаға жылыту құралғысын, газ плитаны және тағы басқа қауіпті тұрмыстық техниканы қосуға тыйым салынады. Әрбір ересек адамның міндеті – баланың отпен ойнауына жол бермей, оларға өрттің қаупін түсіндіру болып табылады. Кейде азаматтар жану белгісін байқаса да, оған жете мән бермей, ұзақ уақытқа дейін өртке қарсы қызметті шақырмайды. Осындай жағдайда өрттің аумағы ұлғайып, көбінесе көпшілік келеңсіздікке тап болады.
– Қоғамды тұрмыс билеген уақытта ата-ананың көбісі баланы үйде жалғыз қалдыруға мәжбүр. Құлыптағы баланы бақылауынан тыс жалғыз тастауға болмайтындығы айтылса да, маманның пікіріне құлақ аспаймыз. Отбасында жалғыз бала оқыс оқиғадан секем алып, бойын қорқыныш билеуі мүмкін. Кәсіби маман ретінде айтарым, баланың жүйкесіне теріс әсер беретін оқыс оқиғадан алшақ ұстаған тиімді. Кей жағдайда бір дүниені жасаған уақытта жеткіншек дәрменсіз күй кешеді. Осындай сәтте баламен ересек кісі секілді сөйлесіп, қауіптің алдын сейілту керек, – дейді аудандық отбасын қолдау орталығының психологы Айда Маханбетова.
Бүгінде жұмыс уақытын қысқартуға байланысты өткір мәселе қозғалып келеді. Түн ортасына дейін қағазбастылықтан арыла алмайтын жандар жеткілікті. Тұрмыс жағдайын жасау үшін сәбиін 6 ай немесе 1 жаста күтушінің қарауына қалдырып, жұмысқа асығатын ата-ана көп.
Баланың бас ұстазы ата-ана екенін ұмытпайық!
Біз көтерген үш мәселе де, өз өзектілігін жоймайды. Одан бөлек, мектеп жасындағы баланың тәртібі де, әрбір адамды ойлантуы керек. Адами фактордың қатысуымен орын алатын оқыс оқиға баршылық. Жасөпірімнің өзара төбелесуі, түн мезгілінде бей-берекет жүруі, үлкенді-кішілі қылмыс жасауға бейім болуы – асқан жауапты болуды көздейді. Жүйткіген көлікті басқару, мектеп жасынан ішімдікке, шылымға әуестену іс-әрекеті баланы еш уақытта ақтап ала алмайды.
Сараптамалық мақаланы дайындау барысында №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің ұстаздарының ұсынысы негізінде түнгі рейдке шыққан болатынбыз. Рейд барысында орталық көшелерде кездескен білім алушыларға уақытылы үйіне қайту жөнінде ескертілді. Дүкеннен немесе тамақтану орнынан шыққан оқушы 23.00-ге дейін жүруге уақыты бар екенін алға тартады. Құқығының бар екеніне жүгінеді. Мұндайда сынып жетекшісі ата-анасына хабарласып, түн мезгілінде баласының қандай дүниемен айналысып жүргенін айтуы керек. Көшені аралау кезінде ата-ананы рейдке қоса алып шығу керектігіне көзіміз жетті. Мәселен, қуыс көшенің бірінде екі жасөспірім ұстаздардан тығылып тұрғанын анық байқадық. Беймезгіл уақытта көшеде жүрген оларға қатаң ескерту жасалды. Егерде белгіленген уақыттан асқанда жасөспірімді құқық қоғаушылар ұстаса, ата-анасына заң шеңберінде шара көріледі.
– Мектеп бағдарламасына сәйкес, күнделікті сынып сағаты өткізіледі. Оқушыға түнгі уақытта жүрудің қауіптілігі айтылғанымен, рейд кезінде аудан орталығындағы мектептерде оқитын білім алушыны кезіктіріп жатамыз. Әрине, біз ата-анамен ұдайы байланыс жасап отырамыз. Қазіргі уақытта телефонға телмірген ата-ана көп. Әлеуметтік желіден бас алмайтын кейбір жас отбасының мүшесі баласының жүріс-тұрысына немқұрайлы қарайды. Бала үйге келгенде қандай іс-әрекет жасағаны жөнінде есеп сұрамайды. Кәмелет жасқа толмаған баланың тәрбиесіне көңіл бөлмейді. «Қамысты бос ұстасаң, қол кеседі» демекші, жауапкершлік ата-ана тарапынан да, болуы тиіс, – дейді мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зәуре Білісбаева.
Түйін: «Бүгінгі баланы үйдегі ата-ананың тәк-тәгі емес, әлеуметтік желінің тик-тогы тәрбиелеуде». Бұл сөз – облыстың бас ұстазы, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановтың жақында ғана өткізілген кеңейтілген мәжілісте айтқаны еді. Расында, әлеуметтік желіден бас алмайтын бала бос уақытын текке өткізуде. Бұл баланың денсаулығына да, болашағына да зиян. Сондықтан тәрбиеге көңіл бөлу, тілсіз жаудан сақтану, ең алдымен тегеуріні мықты әкенің пәрменіне, тәйт деп бар жамандықтан тыйып отырған ананың ақылына қатысты екенін айтудан шаршамаймыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ