Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаздың алғашқы айында ауа райы қандай болады?

Жаздың алғашқы айында ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» РМК 2024 жылдың маусым айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп жазады Egemen.kz.

Метеорологтардың мәліметінше, маусым айының алғашқы онкүндігінде Қазақстан аумағында тұрақсыз ауа райы сақталады.

Жиі жаңбыр жауып, кей күндері нөсер құяды. Найзағай ойнап, қатты жел соғып, бұршақ жаууы да ықтимал. Тіпті онкүндіктің басында және ортасында республиканың солтүстігінде, орталығында, шығысында, оңтүстік-шығыс аудандарының таулы және тау бөктерінде түнде қарға ұласатын жаңбыр жауады деп болжанып отыр.

Ал ауа температурасы жиі құбылады.

«Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында, шығысында түнде сынап бағаны -5+3°С-тан +2+10°С-қа дейін, күндіз +5+13°С-тан +20+28°С-ты көрсетсе, Қазақстанның оңтүстік жартысында түнде -3+5°С-тан +8+15°С-қа дейін, күндіз +13+23°С-тан +25+30°С-қа дейін жылы температура болады. Батыста күн райы түнде +8+18°С-тан -3+7°С-қа дейін, күндіз +18+25°С-тан +8+15°С-қа жетеді», делінген «Қазгидромет» хабарламасында.

Айдың екінші және үшінші онкүндігінде Иран аудандарынан келетін жылы ауа массаларының әсерінен ауа температурасы біртіндеп жоғарылайтыны болжанған.

«Республиканың солтүстігінде, орталығында, шығысында ауа температурасы түнде +10+18°С дейін, күндіз +25+35°С, оңтүстік жартысында түнде +15+23°С дейін, күндіз +30+40°C ыстық болады.

Маусым айының екінші және үшінші онкүндігінің кей күндерінде атмосфералық фронттардың өтуімен найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Осы күндері ыстық бәсеңдейді. Солтүстікте, орталық және шығыс аймақтарда ауа температурасы күндіз +15+25°С дейін, оңтүстікте +20+28°С-қа жетеді», делінген «Қазгидромет» хабарламасында.

Жалпы маусым айында орташа айлық ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2° жоғары, еліміздің батыс аймақтарында нормада болады.

Ал жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, елдің қиыр батысында нормадан көп, Қазақстанның оңтүстік, орталық өңірлерінде нормадан аз болатыны болжанып отыр.

Фото: 24.kz
27 мамыр 2024 ж. 141 0