Ата-бабалар рухына арналып ас берілді
Халқымызда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Ықылым заманнан дін Исламды ұстанып, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын шариғат заңдылықтарына негіздеген халқымыз өмірден өткен әруақтардың рухына Құран бағыштап, еске алуды ұрпақтан-ұрпаққа аман етіп, елдің бекем бірлігімен, тату тірлігімен үлгілі үрдісті қалыптастырған. Осынау игі ниет аясында Орта Жүздің Найман руының Балталы, Бағаналы аталығынан тарайтын ұрпақтар жылдағы дәстүрге сай арнайы ас беріп, ата-бабаларының, ағайын-туыстарының рухына Құран бағыштады.
Құдайы ас Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы орталық мешітте ұйымдастырылып, оған еңбек ардагерлері, ел ағалары, ат үстінде жүрген азаматтар мен бір атаның баласындай бірлікті ту еткен іргелі әулеттердің үлкен-кішісі жиналды. Сауабы мол басқосу қасиетті Құран-Кәрімнің аяттарын оқумен басталып, ауылға белгілі азамат Марат Ташимов оқылған Құранның сауабын бабалар рухына бағыштап, дұға тіледі. Мұнан кейін ақсақалдар мен ел аналары рет-ретімен сөз сөйлеп, өз естеліктерін айтып, тарихи маңызы зор мағлұматтарды жаңғыртты. Сондай-ақ күні кеше арамызда жүріп, Алла Тағаланың жазуымен бақиға бет түзеген ағайын-туыс, бауырлар туралы, олардың игі істері, адамгершілік қасиеттері мен ел дамуына қосқан үлесі жөнінде әңгімеледі.
Негізі қазақ елінің тарихы мен әлеуметтік даму кезеңдеріне зер салсақ, ата-бабаларымыздың елдің қалыптасуы, өсуі, өркендеуі жолында хал-қадірінша үлес қосқанын анық аңғарамыз. Тарих қойнауынан сыр тартсақ, Найман елінің бір бұтағы Балталы, Бағаналыұрпақтары әркез игілікті істердің бел ортасынан табылған. Десе де қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады. Сондықтан біз бөлінуден аулақпыз, бірігуге, ата-балаларымыз салған сара жолды жалғап, ортақ Отанымыздың дамуына атсалысуға мүдделіміз. Бүгінгі Құдайы аста үлкендер жағы да, ел ағалары мен еңбек ардагерлері де осындай сүбелі ойлар айтты. Қазақ елінің, ата-бабамызға ата қоныс болған Қызылорда облысының дамуына тілеулестігін білдірді.
Айта кету керек, жылдағы үрдіске сай жыл сайын сәуір айының соңғы жексенбісінде А.Тоқмағамбетов ауылындағы қорымның ішін, айналасын тазарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бірер жыл бұрын халықтың бірлігімен қорымды кеңейту, тегістеу, қоршалау жұмыстары атқарылып, оған үлкен-кіші біркісідей атсалысты. Мұнан бөлек ауыл мешітінің асханасында мамыр айының соңғы онкүндігінде арнайы Құдайы ас беру дәстүрі де ұйымдастырылуда. Мұндағы мақсат – ата-балалар рухына Құран бағыштау, ағайынның ынтымақ-бірлігінің артуына ұйытқы болу.
Елдің бірлігімен өткізілген Құдайы астан үнемделген қаражат ауыл мешітіне табысталатын болды. Мұнан бөлек көпшіліктің ұсынысымен түсірілген фотосуреттер Құдайы асқа қатысқан әулет үлкендеріне таратылады деп нақтыланды. Сонымен қатар жиналған қауым жыл сайын сәуір айының соңғы жексенбісінде А.Тоқмағамбетов ауылындағы қорымның ішін, айналасын тазарту жұмыстары жүргізуді жалғастыру бастамасын құптады. Қорыта айтқанда, ата-бабалар рухына арналып берілген Құдайы ас ағайынның ауызбіршілігін қалыптастырып, ел ағаларының ақ батасымен, қасиетті Құран-Кәрім аяттарын оқумен түйінделді. Осы ретте сауабы мол жұмысты ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға, жеңгелеріміз бен келіндерімізге алғыс айтып, ризашылығымызды білдіреміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ