Үлгілі елді мекендер қатары артуы тиіс
Қазіргі Тереңөзек кентіне қарасты О.Мәлібаев елді мекені бұрын бөлек ауыл еді. Бұл ауыл Қалжан ахун ауылына жақын орналасқан, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан елді мекен. Аталған ауылдардың өсіп-өркендеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Небір қиын кезеңдерде елді мекен тұрғындары бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетіп, еңбекпен, ертеңгі күнге деген сеніммен аумалы-төкпелі кезеңдерді еңсере білді.
Өтпелі кезеңде шаруашылықтың жұмысын ширатып, тізгінді қолға алған Алданберген Құлбаев елді мекендерді құрылыс алаңына айналдыра білді. Жетпіс бес жастағы «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасымен жақында кездесудің сәті түсіп, өткен ғасыр еншісіндегі елеулі жұмыстарды айтып берген болатын.
1985 жылдың маусым айында А.Құлбаев «Партияның ХХІ съезі» атындағы совхозға директор болып бекітіледі. Бұл қоғамдық құрылыс өзгерер алдындағы ауыр кезең еді. Шаруашылық бұл кезде әбден тұралаған, орталық 7 шақырым жердегі Қалжан ахун ауылына көшірілген, техника талан-таражға түскен. Кеңсе, клуб үйі жоқ болса, мектеп ғимараты апат алдында. Жұрттың көбі жұмыссыз, сәуір айында жайлауға көшуге тиіс малшылар әлі ауыл маңында отыр.
– Ол кезде Алматыда Ауыл шаруашылығы Министрінің бұйрығымен бекисің. Министр Ресейден келген. Министрлікке Қазалыдан бір жігіт және мен бардым. Екеуміз Ауыл шаруашылығы министрінің қабылдауында болып, арнайы бұйрықпен осы қызметімізге тағайындалдық. 1985 жылдың 16 маусым күні «Қызылдихан» совхозына келдім. Ауылдық клубта жиналыс болды. Ауданның барлық директоры жиналғаны есімде. Сонда «Қызылдихан» совхозында 6 жылда 4 директор ауысыпты. Ауыл тозған, совхоз жұмысы тоқтаған. Қалжан ахун совхозы осы Қызылдихан совхозының бір бөлімшесі болған. Гаражға барсам, техника жоқ, малшылар жайлауға көшпеген, жоңышқа ору жұмыстары басталмаған. Жалпы, совхоз жұмысы тұралап қалған. Директор болып бекігеннен кейін 3 күн бойы кеңсеге бармай, гаражда жүріп, бәрін басынан бастадық. Жұртшылық «кеңсеге келмейтін бұл қандай директор» деген көрінеді. Содан гаражда жұмысшыларға тапсырма беріп, екі-үш күннің ішінде малшыларды жайлауға көшіріп, 3-4 жаткалы комбайнды шөпке салып, совхоз жұмысы жандана бастады. Сол кезде совхозда 5000 сиыр, 1000 бас жылқы болған. Бірақ жем-шөп мәселесі күрделі еді. Бақташылыққа ешкім бармайды. Бұған дейін 22 адам сотты болған. Барлығы қорқады. Содан біртіндеп бұл мәселені шеше бастадым. Ол кезде Қонысбек Қазантаев Жалағашта қызмет істейді. Ол кісі ауылдағы Айман Байетов, Орынтай Махамбетов, Асан қариямен кеңесіп, бірлесе отырып жұмыс жасауды айтқан. Содан осы үш кісімен ақылдаса отырып, шаруашылық жұмысы реттеле бастады, – дейді Алданберген Бодыбайұлы өткен күндерді ой елегінен өткізіп.
Көзкөргендер, сол кезде қызметте болып, қазір ардагерлік кезеңге жеткен аға буын өкілдері жақсы біледі, А.Құлбаев елді мекендерді құрылыс алаңына айналдырды. Он құрылысшы бригадасын дайындап, онда барлығы 102 адам еңбек етті. Шаруашылықта 3 миллион кірпіш шығарды. Ресейдің Красноярск аймағындағы Иркутск облысынан орман шаруашылығы өндірісін ашты. 50 адам Камаз, шынжыр табанды трактор, бульдозер, «ГАЗ-53», «УАЗ» секілді 10 техникамен тайга ішінен ағаш кесіп, ауданға жылына 7,5 мың текшеметр ағаш, тақтай жіберіп отырды. Мұның бәрі үлкен еңбек, іргелі ізденістердің жемісі еді.
1986 жылы ХХІ партсъездіктер облыс шаруашылықтарына үндеу көтеріп, жылына 35 тұрғын үй салуды міндетіне алды. Төлеу Сүлейменов құрылыс прорабы болып, күніне бір үйдің іргетасы қаланып, бұл игі іске жұмыстан бос уақытында кеңсе қызметкерлері де атсалысты. Бригадирлер Самұрат Сейсенов, Владимир Кархалев, Кеңескүл Ілиясова, Жақсығали Еспанов, Гүлнар Досжанова, құрылысшылар Амансерік Әлтешов, Бердібек Әшірбеков, Мырқы Мырзабаев, Самұрат Қалиевтер ерекше еңбек етті. Ел үшін еңбек еш кеткен жоқ. Бірліктің, өзара түсіністіктің арқасында 1986 жылы 33 тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков бұл үйлердің сапалы салынғанын ерекше атап өтіп, ризашылығын білдірген еді. Тұрғын үйден басқа орта мектеп, клуб үйі, балабақша, монша, амбулатория, еңбек тынығу лагері, ал аудан орталығынан мұражай ғимараты салынды. Көшелер де кезең-кезеңімен асфальттанды, тал-терек отырғызылып, ауыл келбеті өзгерді.
– Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруымен қатар, мәдениеті де артты. Совхоздың кәсіподақ ұйымына қарасты екі клубтың жұмысы жыл өткен сайын жаңғыра түсті. Орталықта жаңа үйлер, егіс басында дала қостары салынды, жаңа жатақхана, монша пайдалануға берілді. Соғыс ардагерлері мен құрметті еңбек демалысындағылар санаторияға, демалыс үйлеріне, туристік сапарға жолдама алды, – дейді Алданберген Құлбаев.
Қазіргі Қалжан ахун ауылында да шаруашылық адамдарының елеулі еңбегінің арқасында халық игілігі үшін нақты жұмыстар жасалды. Атап айтатын болсақ, «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарының 70 пайызы жаңа үйге көшті. Сандарды сөйлетсек, төрт жылдың ішінде 78 үй бой көтеріпті. Бұрын балшықтан аяқ алып жүре алмайтын ауыл көшелеріне тас төселіп, асфальтталып, адам танымастай өзгерді. Ауыл үстімен автокөлікпен өтіп бара жатқан тұрғындар «Жасыл желекке жамылған ауыл» деп атаған көрінеді. Ауылға ауыз су жеткізіліп, мәдениет үйі, монша, қырман, тағы басқа мекеме ғимараттары шаруашылық есебінен салынып, мектеп үйі шаруа қожалық қызметкерлері мен халықтың асары арқылы бой көтерді. Балалар тамақтанатын дәрігерлік амбулатория салынды. Мұндай медициналық ғимарат басқа елді мекендерде болған жоқ. Сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ернияз Омаров арнайы ашылуына қатысып, алғыс білдірген.
– Мұндай жұмыстарды жүзеге асыру бұрыннан ойымда болатын. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының агрономдық факультетін бітіріп, еңбек жолым Шаған ауылындағы «Тереңөзек күріш» совхозында звено жетекшісі ретінде басталып, егін ектік. Бірыңғай жастар еңбекке білек сыбана кірісіп, 1974 жылы жыл қорытындысымен мол өнімге қол жеткізді. Сол жылы еліміздің әр аймағынан бір адамнан, Қызылорда облысынан жастар жетекшісі ретінде мен Ресейдің Ленинград облысындағы Лодейное поле өлкесіне демалысқа жолдамамен бардық. Бұл өлкенің көшелері тап-таза, гүлденген, төрт қабатты әсем үйлер салынған. Жалпы, мәдениет қалыптасқан, үлгілі елді мекен. Сол өлкені көргеннен елге келіп, шаруашылық тізгінін қолға алған соң құрылыс жұмыстарын жүргіздік, көшелерді жөндедік. Ауылдарды үлгілі елді мекен қатарына қосуға бар күш-жігерімізді жұмсадық, – дейді білікті басшы.
Жақында А.Құлбаев Қалжан ахун ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде ардагерлер мен жастарға елді мекенді үлгілі ету бастамасын қайта қозғап, орнықты ойлар мен пайымды пікірлер ортаға салынды. Байырқалы бастамаға ауылдағы Болат Дүйсенбаев, Сара Тілеуберген секілді аға буын өкілдері, тұрғындар мен жастар қолдау білдірді. Алданберген Бодыбайұлы «Үлгілі елді мекендер қатары артуы тиіс. Олардың қатарында Қалжан ахун ауылы да болуы қажет. Ол үшін жастар еңбекке бейім болып, ауылда тәртіп болуы керек. Көшелер таза болып, ағаштар егілу керек. Мәдениеттілік үлгісін көрсетуіміз керек. Бұл бағытта біз жыл сайын қаражат бөліп отыратын боламыз» деп өз жоспарымен бөлісті. Осы ретте биыл атқарылатын жоспарлы жұмыстар Қалжан ахун ауылының әкімдігімен келісілген. Ауыл әкімі Ғ.Акбаровтың айтуынша, елді мекендегі Абай көшесінің бойындағы бақтың ішін абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Егін науқаны аяқталған уақытта бақ ішіндегі ойын алаңдары қайта жаңартылып, заманауи талаптарға сай болмақ. Елді мекендер гүлденсе, тұрғындардың да әлеуеті жақсаратыны анық. Сондықтан үлгілі елді мекендер қатары көбейе берсін.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Ердос БЕРКІНБАЕВ