Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білімді ұлт: Сапалы білімнің жаңашыл бастамалары

Білімді ұлт: Сапалы білімнің жаңашыл бастамалары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласын дамыту мен оқу процесінде заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану аясын кеңейту бағытында Үкіметке тиісті тапсырма берді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдіктері, білім басқармалары нақты шаралар қабылдап, атқарылар жұмысты айқындады. Бұл жұмыс жергілікті жердегі ауыл мектептерінде де жүйелі ұйымдастырылып, педагогтар білім беру жүйесінің жаңашыл бастамаларын меңгеруде.

Президент ұстаздармен кездесу жиынында «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет» деп атап өтті. Бұл сөз құндылықтардың бағасы қай кезде де биік екенін тағы бір дәлелдеді. Себебі адамзатты кемел ойға тек білім мен өнер ғана жетелейді. «Білімді ұлт – ел болашағы» деп бекер айтылмаған. Осы ретте «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының маңызы ерекше. Ұлттық жобаны жүзеге асыру тек білім беру саласы қызметкерлерінің ғана міндеті емес, бұл іске әр ата-ана, қоғам мүшесі атсалысуы керек. Өйткені ұлттық жобада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру мәселелері кеңінен қарастырылған.

Ұлттық жобаның негізгі басымдықтарына тоқталар болсақ, бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Бұл міндетті орындау арқылы 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100%-ға жеткізу көзделген. Ал екінші міндет – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту (PISA). Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Ұстаздардың білімін жетілдіру, кәсіби тәжірибесін арттыру үшін оқытулар, арнайы семинарлар мен жиналыстар өткізілуде. Үшінші міндет мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз етуге бағытталған. Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланғаны да көңілге қуаныш ұялатады. Осы орайда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Қызылорда облысында 12300 орындық 21 мектеп салынатынын айтып өткеніміз жөн. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Құралсыз iс iстелмейдi һəм құрал қандай болса, iстеген iс те сондай болмақшы. Iстiң толық жақсы болуына мектеп сайлы һəм жақсы болуы шарт» деген сөзі баланы оқытуға, ең бірінші жайлы да заманауи мектептің керегін еске салады. Жайлы мектептің біреуі Тереңөзек кентінің орталығынан салынбақ. Бұл мектепте оқушылардың білім алуға барлық жағдай жасалады. Ұлттық жобаның төртінші міндеті – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. Яғни 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетін болады. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендейді деп жоспарланған. Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Осы бес міндет сапалы әрі уақытылы орындалса, білім беру саласында нақты нәтижелерге қол жеткізіледі.

Лена МАЙХАНОВА,
№131 Т.Қозыбаев атындағы
орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

10 мамыр 2024 ж. 174 0