Ардагердің ақ батасы
Бұл оқиғаның болғанына 6-7 жыл болып қалды. Ол кезде аудан әкімі Ғанибек Қазантаев еді. Қапелімде аудан басшысы шұғыл шақырып: «Мәке, ерекше бір тапсырма бар. Әрі-бері ойланып, сізге сеніп отырмын» деді түйеден түскендей төтесінен. Ол не тапсырма? Маған бұл беймәлім болатын.
Артынша анықтағанымдай, ерекше тапсырма дегені – облыс әкімінің қорытынды есеп беру жиналысына Ұлы Отан соғысының ардагері батагөй ақсақалымыз Яхаңды апарып қатыстырып, аймақ халқына бата бергізу екен. Соңынан оны ауылға алып қайту да маған жүктелді. Алғашқыда бұл тапсырманы жеңіл-желпі қабылдап, оңай іске жатқызғанмын. Сөйтсем, әкімнің айтқан ерекше тапсырмасы оңай шаруа емес екен.
Әкім білмесе «ерекше тапсырма» деп айтпайды ғой. Бәрін қойшы, ұятты айтсайшы, абыройсыздық деген аяқ астынан екенін қайдан білейін. Болар іс болып, бояуы сіңген соң жасырып қайтейін, бұл оқиғаны бастан-аяқ баяндайын.
Жиналыс болатын күні жеңіл көлікпен алдыма қосымша уақыт салып Яхаңмен қалаға тарттық. Абыз ақсақалды қаланың орталық алаңы жанындағы досымның үйіне түсіріп, шәй-суын беріп, аздап дем алдырып алдым. Арасында үйдегі қаумалаған қауым жиналысқа дейін уақыттың «кеңдігін» келтіріп, қарт солдатты әңгімеге тартты. Яхаң жетім өсіп, балалық шағын Тереңөзекте тауқыметпен өткізіпті. Ашаршылық белең ала бастағанда Ташкентте тұратын ағайындарын паналап, қолына барады. Сол жерде зауытқа жұмысқа орналасып, соғыс басталғанда майданға аттанады. Сібір облыстарының бірінде пулеметшілерді дайындауға арналған қысқа оқуды бітіріп, Ленинградты азат етуге қатысады. Талай қиян кескі шайқасқа қатысып, неміс фашистерін Германияға дейін қуып барады. Пулеметшінің көмекшісі болып мыңдаған шақырым жолдарды жаяу артқа тастағанда солдаттың иығынан 23 келі тартатын пулеметтің оқ қағары түспепті.
Майдангер Берлин түбінде аяғынан ауыр жарақат алып, Ұлы Жеңісті әскери госпитальда қарсы алады. Жарақатының беті бері қарап, бірінші топтағы мүгедек болып, елге оралады. Ол кезде әскердің тәртібі бойынша бірінші топ мүгедегіне еліне жеткенше қасына көмекші медбике қосып жібереді екен. Қайтарда сол медбике орыс қыздың Мәскеу қаласындағы жалғыз тұратын шешесінің үйіне барып түседі. Әскердің заңы бойынша соғысқа қатысқандарға шеніне қарай айлық төленетін болыпты. Сол ақшаға қыз шешесімен бірге Яхаңды базарға апарып, барлық әскери киімін жаңалатып, аяғына офицердің былғары етігін алып береді. Құрым етік киіп өңі жайланып, жолға жарайтындай халге келген соң пойызға шығарып салады. Қыз ары-бері әуре болмасын деп, іс сапар құжаттарын аудандық әскери комисариат мөрімен куәландырып, кейін хатпен салып жібереді. Кеудесіне қадалған «Қызыл Жұлдыз» ордені мен басқа да медальдарды жарқыратып тағып алған ағамыз әскерге шақырылған жері Ташкентке қарай жол тартады.
Бәрі Аралдан басталды. Пойыз тоқтаған қай перрон да лық толы адам. Бірі баласын, бірі бауырын, бірі күйеуін сұрап жеті күлшесін пісіріп, дәмін ұсынған ел адамдары бұл кісінің еріксіз көңілін бұзады. Қазалы станциясында тұрғындар сан сұрақтың астына алып, Яхаңды қоршап алды. Бері қарай Қармақшы мен Жалағашта да осы жағдай қайталанады. Жоқ іздеген кісі көп. Өте аянышты. Туған жері Теренөзекке жақындағанда ерте кеткен әке-шешесі, балалық шағы, ауылдың жалаң аяқ басқан ыстық топырағы, жоқтықтың, жетімдік пен ашаршылылықтың азабы еріксіз еске түседі. Жанардан тамшы жас мөлдіреп ағып кете берді. Қайта-қайта орамалмен сүртіп әлек. Ел көрмесін дегендей теріс бұрылып, жасырған болады. Бірақ адамның ішкі толқынысы дес бермейді екен. Тағыда туған ауылының үстінен бөтен адам болып басқа елге кетіп бара жатқаны батады.
Ауылдың ақшаңқан үйлері көлбеңдеп көрінгенде көңіл тіптен толқып кетті. Қызыл вагоннан балдағын сүйретіп сыртқа шықты. Тағы да сол халық нөпірі қоршап алды. Олардың бірін де танымайды, алайда ауылдас болған соң ет-жақының секілді. Туған жердің жұпар иісі аңқып тұр. Станция басы азан-қазан жайма базар. Аялдаған уақыт аяқталып, пойыз жүруге бекінді. Кенет ту сыртынан әлдебіреудің «Яхия» деген дауысы естілді. Бұның жүрегі аузына тығылып, көзі қарауытып есін жиғанша ол қапсыра құшақтай кетті. Бұл дауыс өмір бойы есінде қалды. Сөйтсе сыртынан шырамытып таныған кенттің ауылнайы, найман руынан шыққан атақты Ахметтің Әлиі екен. Қоярда қоймай ол жігіттерге вагондағы заттарын алдыртып пойыздан түсіріп алып қалады. Үйіне апарып бір ешкісін сойып құдайы тамақ беріп, Қарақойлы ағайындарына қосып, отбасын құруына да үлкен көмегі тиген екен жарықтықтың. Сөйтіп батыр ағамыз Ташкенге жетпей өз еліне, өз ауылы Теренөзекке «бұйырған» екен. Содан бері үйлі-баранды болып, үкіметке қызмет істеп, немере-шөбере сүйіп, Құдайдың берген жасын жасап келеді.
...Ал енді бастапқы әңгімемізге, әкімнің ерекше тапсырмасына көшейік. Бізге арналған орынға отырмас бұрын ақсақал ғимараттың төмен бөлігіндегі дәретханаға шығып алды. Шамалы жеңілдегендей болды. Жиналыстың аты жиналыс емес пе, ол екі-үш сағаттай уақытқа созылды. Ұзарған сайын мазасы жиі бұзылады. «Күлсең кәріге күл, жасын берсін» дегендей, жиналыс үстінде үш рет жертөлеге түсіп, қайта көтерілдік. Қазір театрға барған сайын төменге түскенде осы оқиға есіме түсіп, күлкім келеді. Қысылғанда ең ұзақ жол болып көрінгені де рас. Біз келесі рет жертөледен көтеріліп келе жатқанда облыс әкімі халықтың соңғы сұрағына жауап беріп, сахнадан түсіп, есікке жақындап, сәл кідірген екен. Дереу жүгіріп барып залдың ортасындағы микрофонды алып, төменнен көтеріліп келе жатқан Яхаңның аузына тоса қойдым. Батагөй ақсақалым жүрісін тоқтатпай, батаны бастап жіберді. Кейін Ғанибек Қонысбекұлы айтқандай, театр толы қауым қолын жайып, тікесінен-тік тұра қалыпты. «Дауыс қайдан шығып жатыр?!» деп ел ес жиғанша біз де залдың ішіне еніп үлгіріппіз. Яхия ақсақал сөзінен жаңылмай, мәнді де мағыналы ақ батасын беріп, қол жайған кісілердің ризашылығын алды. Далаға шыққанымда барып сездім қысылғаннан көйлегім қара терге малынып шылқылдаған су костюмімнен өтіп кетіпті. Осы кезде барып ерекше тапсырманың жауапкершілігін түсіндім. Артымыздан әкімдіктің жігіттері жүгіріп келіп: «Сіздерді облыс әкімі шақырып жатыр» деді. Облыс басшысы Қырымбек Көшербаев қазақтың салт-дәстүріне сай Яхаңа алғысын айтып, иығына құндыз жағалы шапан жапты.
Ауылға келе жатып біраз ойға шомдым. Алла бұл кісілердің көрген қиындығын бізге, ұрпағымызға бермесін деп тіледім. Қанша қиындық көрсе де мойымаған, тауқыметтен тайсалмаған, тағдырды төзіммен жеңген нағыз батыр адам екенін ұқтым. Бейбіт өмірде де бейнет кешті, маңдайы терге малшынып, қара еңбектен қашпады. Есесіне ел құрмет тұтты, төрге оздырды. Ғасырдан озған ғұмыры сүйегі асыл, жүрегі батыл бейнесін ғана білдіріп болашақ ұрпаққа тілектес болып келеді. Күнделікте ауыл тіршілігінде Тереңөзектің көшесінде жаяулатып жүретін, ғасырдан озған Яхаңды көргенде қаһармандық жолы және жанымда қалған осы бір оқиға есіме оралды.
Марат ОМАРОВ