Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерді ел мүддесі өсіреді

Ерді ел мүддесі өсіреді

Құдай берген қабілетінің арқа­сында «Білікті ұстаз», «Үздік директор» биігіне көтеріліп, асқаралы асудың ұшар басына абыроймен жеткен Сламбек Шахапұлы Қаюповтың өткен өмір жолына, маңдай тері төгілген еңбек соқпағына іштей риза болмайтын онымен үзеңгілес, замандас аудан, ауыл адамы жоқ шығар, сірә. Ол кісінің адамгершілікке толып тұрған ғажайып мінезі, «ақырын жүріп, анық басатын» байсалдылығы мен зерделі еңбекқорлығын оның «Әкеден – ақыл, шешеден – мейір» көріп өскен тектілігінен іздеген жөн.

Құлболды ишан, Бекберген бақсы, Қожықовтар, Сәбира Майқанова, Лапиндердің табандарының ізі, алақандарының табы қалған киелі өлке Қоғалыкөл ауылында 1960 жылы 30 қарашада туған Сламбек досым бүгінде зейнет жасына келіп зор құрметке бөленуде. «Адам – өз өмірінің сәулетшісі» дейтін болсақ, даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмірінің соқпағын өзі сомдайды. Оның мәнді де сәнді, мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір иесінің қасиетіне байланысты.

Ауылдағы №44 «Октябрь» атын­дағы орта мектебін 1977 жылы бітіріп шыққан 46 жас түлек, өз бас­тамаларымен жоғарғы оқу орнына құжат тапсырудан сол жылы бас тартыпты. Туған ауылының әл-ауқатын көтеруге атсалысу мақсатында егін шаруашылығында диқаншылық кәсіп­ті меңгеруге бел буған екен. «Сол жылы еңбектен жұққан кәсіби диқан­шылық мектебі өміріме әлі де серік болып келеді» деп есіне алады Сәкең. «Талаптыға нұр жауар» дегендей уақыт өте келе Сыр өңіріндегі жоғарғы білімді мұғалімдер дайындайтын Н.В.Гоголь атындағы институтқа түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Мамандығымен қоса алған «әскери аға лейтенант» шенінің арқасында Беларуссияның Жодино қаласында азаматтық борышын абыроймен өтеп келеді. Жас офицер туған ауылына келісімен табандай 10 жылдан аса ауыл жастарының ұйымы комсомол комитетін және сов­хоздың кадр жөніндегі аға инспектор қызметтерін атқарады. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ауыл адамдарының қай-қайсысына да оңай болған жоқ. Нарыққа көшкен ел оның ішінде ауыл адамдарының алғашқыда көшке ере алмай қиналып қалғандығы бәрімізгеде белгілі. Шаруашылық дағдарысқа ұшырап, егін егілмей қолдағы азын-аулақ малдар күн көріске айырбастала бас­тады. Бюджет қызметкерлері алты айлап айлық ала алмай, қызметтің де қыры кетіп қолынан келгендер дорба арқалап саудаға шықты. Сол жылдары мектепте қарапайым мұғалім болып жүрген Сламбекке аудан басшыларының көзі түсіп, оған мектеп директоры қызметін ұсынып, сенім артты. Ауылдағы ең үлкен үкіметтен қаржылан­дырылатын меке­мені басқару оңай болған жоқ. Айлықтың кешігуі себеп болып, күнкөріс үшін ұстаздықтан тыс уақыттарын сауда кәсібімен байланыстырған қаншама мұғалімдер болды. Оның үстіне жарықтың қайта-қайта өшуі, жылуды бір қалыпта ұстап тұруға арналған небір қилы-қилы тіршіліктер қазір көрген түстей болып елестейді. Заман қанша өзгер­генімен 1937 жылы негізі қа­ланған мектеп ұжымы өзінің аумақтағы тарихи орнын және білім үлгірімін төмендеткен емес.
Білім ошағын білімге, бірлікке қарай жетелеп басқару басшының қарымы мен қабілетіне байланысты. Сламбек Шахапұлы жиырма жылға жуық мектеп ұжымын басқарып қана қоймай, Сырдария аудандық мәслихаттың 4, 5, 6 шақырылымдағы депутаты, білім саласы бойынша ауданның мәслихаттағы тұрақты кеңесінің төрағасының қызметтерін атқарды. «Ер адам жаспен өспейді, жауапкершілікпен өседі» деп ата-бабамыз айтқандай, Сламбек осы жылдар бойы «Аудандық бюджет» деп аталатын үлкен тайқазаннан бөлінетін қаражатты іскерлігі, біліктігі және беделі арқылы ауылына молынан бағыттап, ел қажеттілігін өтейтін көптеген әлеуметтік құрылыстарды салдыруға мұрындық болды.
Аудандық мәслихатқа үш рет депутат болу да оңай шаруа емес. Ол үшін ауыл округі сайлаушыларының алдындағы аманатына берік, елдің құтты диірменін алға сүйрейтін беделді, сенімді адам болу керек. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекер айтпаған болу керек аталарымыз. «Өз ауылымның басы болмасам да, сайының тасы болайын» деп жүріп-ақ Сәкең біраз шаруа тындырғанын көріп отырған ел куә. Ол ұзақ әңгіме, реті келгенде ол туралы да жазылар.

Абыройлы азаматтың ауылшар­уа­шылық және білім саласына қосқан үлесі, саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысып қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны елеусіз қалған жоқ. Аудан, облыс әкімдері және Білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен қоса, бірнеше рет мемлекеттік марапаттарға да ие болды. Ұстаз қауымының ең жоғарғы марапаты «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері атанды. Қазақта «Бір адам құдық қазады, мың адам су ішеді. Сауап қазғандікі, рахат ішкендікі» деген сөз бар. Туған ауылына салт-дәстүрге негіздеп ұзақ жылдар еңбегімен сауап жинап қызмет атқарған Сламбек Шахапұлының шаңырағының отанасы Салтанат Жақанқызымен үш бала тәрбиелеп, немере сүйіп, өрісін кеңейтіп отыр. Қазақ «Би бол, би болмасаң да би түсетін үй бол» деген сөз бар. Осы ретте ардақты азаматтың дастарханының кеңдігі, қонақжайлылығы бір бөлек. Сламбек Шахапұлының жылдар бойы жинаған байлығы мен мақтанышы – оқытып, тәрбиелеп, мектебінен ұшырған шәкірт­тері. Осы шәкірттері арқылы ол «өз құндылығын» жасап, өмірден орнын тапқан азамат.

Марат ОМАРОВ
30 сәуір 2024 ж. 193 0