Тағдырына көндіккен сарбаз
Тұла бойы селк еткен Темірбектің ұйықтамағанына бүгін тоғызыншы күн. Қолындағы димедролдың екеуін салдырғанымен, осы жолы да мүлдем көз ілмеді. Ағзаға ешқандай әсері болмайтын дәріден күдерін үзген жас жігіттің сырқаты күннен-күнге асқынып бара жатқандығы көрер көзге аянышты. Тепсе, темір үзетін баласының мұндай хәлге түскеніне әкеcі қапалы. Тарс-тұрс еткен дауысынан жүз оянатын әкенің жүрегі қарс айырылардай күй кешеді. Үйдегі жеті перзенттің тәрбиесі бір бөлек, Темірбегінің жағдайы бір бөлек алаңдататыны мәлім. Үнемі Тәңірден ұлының амандығын сұрайтын Әсербайдың қайбір шықпас жаны қалды дейсің.
Осыған дейін бар азапты тартқан Темірбектің денсаулығындағы кінәрат жеткілікті. Сан түрлі сырқаттың салдарынан оңала алмай жүрген жас жігіт адам төзгісіз өмірінің болғанын қаламаса да, бірнеше жыл бұрын бақилыққа аттанған анасының тілеулес екенін сезді. Сонау ел асып, улы радиация жұтқан сәттерді еске оралтқанда өмір сүруге деген құлшынысын арттыра түседі. Шын мәнінде, ұйқысыз таңдарды атыратын Темірбек сонау 1986 жылы орын алған Чернобыль апатын жоюға қатысқан сарбаздың нақ өзі.
****
Шырт ұйқыда жатқан Украина халқын дүр сілкіндірген Чернобыль атом электр станциясының 4-энергоблогында орын алған апаттан сан мыңдаған адам зардап шекті. Жойқын жарылысты әскери борышын Белоруссия елінде өтеп жүрген Темірбек теледидардан тамашалаған болатын. Көршілес жатқан елдің қайғысына ортақтасқан сарбаздар күнделікті әскери дайындығын үзбеді. Командир пәрменімен салмағы ауыр қару-жарақты мойнына асынып, полигон басынан табылады. Әскердегі дамылсыз әрбір күннен барынша шыныққан Темірбектің ротасын ауыр сынақ күтіп тұрды. Қылшылдаған жастардан құралған ротада 2 қазақпен бірге, орыс, өзбек секілді бірнеше ұлттан келген сарбаз бар. Барлығы 2 жыл уақытты артқа тастап, туған ауылға қайтуды мақсат етеді. Әлгіндегі Украина еліндегі Чернобыль апатының зардабын жоюға әскер жұмылдырылғанына 6 ай уақыт өткен. Кенеттен Темірбектің ротасы командирден бұйрық алады.
– Сарбаздар, тұрыңдар, тез-тез қимылдаңдар.
– Сендер осы сәттен бастап оқу-жаттығу жиынына барасыңдар. Дайындықты бастау керек. Алда жол ұзақ.
– Құп, командир мырза! Осылайша, сарбаздарға беймәлім оқу-жаттығу жиынына дайындық қызу басталды. Алдағы 400 шақырым жолды еңсеруге тиісті Темірбек бастаған ротаның кез келген сарбазында ешқандай қорқыныш байқалмайды. Жоғарыдан келген бұйрықты орындау үшін жолға шыққан Темірбек «Зил 131» жүк көлігін тізгіндеді. Жүк көлігінің артында байланыс қызметіне арналған кабель тиелген. Шындығында, тарам-тарам, кедір-бұдыр жолдың қиыншылығын сезінбеген сарбаздар алдында нағыз ауыртпалық күтіп тұрған еді. Көршілес орналасқан елдің шекарасына енген бойда әскери және жол полициясы 12 жігіттен тұратын ротаны күтіп алды.
– Қай жақтан келе жатырсыңдар?
– Белоруссия елінен.
– Не себепті?
– Әскери борышын өтеп жатқан сарбаздармыз. Оқу-жаттығуға жіберді.
– Атаңның басы оқу-жаттығу. Сарбаздар, сендерді Чернобыль апатын жою мақсатында жұмыс істеуге аттандырды.
– Біз өмірімізді құртқымыз келмейді. Кері қайтамыз.
– Бұйрықты ешқашан бұзуға болмайды. Үнжұрғасы түскен ротаның жігіттері апат болған аумаққа еніп кете барды.
****
Шын мәнінде, атом электр станциясының радиусы 30 шақырымды алатын аумақтағы халықты басқа елді мекендерге көшірген екен. Радиацияның қақ ортасына түскен Темірбектің ротасына залал келтірілген аймаққа кабель жүргізу қызметі міндеттелген. Әскерде жүргенде байланысшы бола білген рота сарбаздары күні-түні еңбек етуіне тура келді. Қашып кетуге ешбір мүмкіндік жоқ. Барлық жерден бақылау күшейтілген. Қыбырлаған жан баласы апатқа ұшыраған аймақты залалсыздандыруға барын салуда. Оның арасында радиацияны жұтқан жандардың көбісі бақилыққа аттанған. Анығында, 4 мыңнан аса адам қаза тапқан елеулі оқиғаның ауыртпалығын тартқан Темірбек секілді тағдыр иесі қаншама.
Хоиники қаласына тұрақтаған сарбаздар ауыл маңындағы жеміс біткенге қызыға қарайтын. Алмадан бастап, көптеген жеміске көзі түскен олар үнемі жеп жүретін-ді. Осындай сәтте жергілікті полиция тарапынан ескерту жасалды.
– Азияттар жемісті жеуді тоқтату қажет. Өлгілерің келмесе, таза өнімді тұтынуды әдетке айдалдырған абзал.
– Табиғи өнім. Талдан үзіп жеп жатырмыз.
– Айналайындар, бұлардың радиациясы жоғары – деген жергілікті полиция өкілі сарбаздарға 1 жәшік таза алманы тастап кете барады. Күнделікті кабель тартатын сарбаздар тамақтан кенде болмағанымен, бірте-бірте денсаулықтан айырылып жатты. Олар 45 күнде өмірінің соңына дейін зардабы тиетін радиацияны қабылдаған еді.
Адамзатқа орасан шығын әкелген апатты жою барысында Темірбек хәлі аянышты жүздеген тағдыр иесімен жолықты. Апаттан қорғану мақсатында 6 ай бойы лагерьге қамалған Хоиники халқының балаларын мектепке тасыды. Бірі әкесінен, бірі жақын туысынан айырылған кез келген баланың болашағы бұлыңғыр еді. Ауылға қайтуды әркез аңсайтын Темірбек радиоактивтік ластануға ұшыраған аумақта Әбілхан досымен ажырамастай бірге жүреді. Ақтөбелік жігітті жанынан тастамайтын Темірбек азғантай уақыттың ішінде генералдардың сеніміне кіреді. Үйге қайтар тұста жауапты басшылықтың мақтау қағазын алғанымен, қанға сіңген радиация күші мәңгілік бойында сақталатыны қорқынышты.
– Жігіттер, жарайсыңдар, ерік-жігерлеріңнің арқасында радиацияны жоюға жұмыс жасадыңдар. Туған жерге оралуға рұқсат!
– Көліктерің бізде қалады.
– Менің «Зил 131» жүк көлігім жаңа. Заводтан жақында шыққан көлікті қалай тастап кетем?
– Сарбаз, бері қара. Анау моргті көріп тұрсың ба?
– Иә.
– Осы жаққа келген сендейлердің көлігін сол жаққа тастағанбыз талай. Темір де радиациямен уланады. Сонда Белоруссияға барып, улы затты халық арасына таратпақшымысың. Ондайға жол берілмейді.
– Құп, жолдас командир!
****
Хоиники халқымен етене араласып кеткен сарбаздар өз елдеріне оралады. Жарылыс болған аумақта жүрген 45 күнді санадан өшіру мүмкін емес. Әлгінде ғана ұйқысынан оянып кетіп, көз іле алмай жатқан Темірбектің сырқаты оқиға болғаннан кейін, араға 4 жыл салып белгі берген. Келіншегі Раушанмен отау құрып, отбасылық өмірді сезіне бастаған жас жігіт есінен танып қалуды шығарған.
1990 жылдың 1 мамырында орталық алаңда халықтар бірлігі мерекесін тойлауға халық көп жиналған. Орталық алаңға жақын маңда тұратын Темірбек үйінен ұзай қоймаған сәтте есінен танып қалады. Жедел-жәрдем заматында ауруханаға жеткізгенімен, жас жігіттің сырқатын дәрігер біткен таба алмайды. Осындай жағдай қайталана бергеннен болар, барлық жағынан ол қажып, шаршаған. Көпшілік жерде тынысы тарылып, ауа жетпейтін хәлге жеткен. Әкесі Әсербай ұлының жағдайына алаңдаулы. Тереңөзек кентіндегі ескі аурухананың табалдырығын тоздырған жас жігітті Алматыдағы әскери госпитальға жіберуге ұйғарым жасалады. Радиацияны бойына сіңіріп алған Темірбекті медициналық тексеруден өткізу барысында ағзаның біршама бөлігі зақымдалғаны анықталады. Кезінде Хоиники жерінде жүргенде улы затты денеден шығару үшін 50 грамм ішу керектігін жиі еститін. Дегенмен, сарбаз басқа түскенді жеңу үшін барлық айла-амалға барады.
Алматыдан ауылға келгенде ол білікті дәрігер Шынболаттың бақылауында болады. Бір жылдары Украина еліне семинарға барған дәрігер улы радиацияның зардабын ғалымдардан естіп, біледі.
– Темірбек, сенің қаныңда радиация әркез жүретіндігін білесің бе?
– Иә, сол маңдағылар айтты ғой.
– Оның ағзаны зақымдайтын күшінің ықтималдылығы жоғары.
– Бұның емі бар ма?
– Әрине, бар. Тек ұзақ уақыт емделуге тура келеді. Осылайша, жаңадан үміт пайда бола бастаған Темірбек өз денсаулығы үшін барынша емделуге кірісті. Көптеген шипажайға барған оған өмірдің әрбір уақыты бағалы. Өзі секілді Чернобыль апатын жоюға атсалысқан замандастары да, талай уақыт бойдағы сырқатпен алысып келеді.
****
Өмірдің мәнісін түсіне білген адамға Темірбектің басынан өткен оқиғасы айрықша әсерін тигізетіні рас. Әсербай ақсақал мен келіншегі Раушанның көрген қиыншылығы артта қалған. Әрине, сүйген жары отбасы тіреуінің үнемі қасынан табыла білген. Қазіргі уақытта Темірбектің денсаулығы түзелген. Дертіне шипа тапқан оның ширақ қимылы мен спортқа деген құлшынысы өткен сәттерді ұмыттырған.
Қашан да көңілі сергек жүретін ел ағасы биыл 58 жасқа қадам басты. Иә, осыдан 30 жыл бұрынғы оқиғаның зардабы кімге болса да оңайға соқпады. Сырқатын ұмыта бастаған Темірбек осы күні немересін қолына алып, бақытты ғұмыр кешудің жан-рахатын сезінеді.
– Раушан, білесің бе?
– Нені айтасың?
– Менің дертімнен айығып, ел қатарлы жүруімнің басты себебі – сенің адал махаббатың мен тілеулес көңіліңнің арқасы.
– Мүмкін, арнайы аппараттың көмегінен болар.
– Ол да бар. Дегенмен, барлығы сенің арқаң.
– Аппараттың ба, әлде менің бе?
– Шын айтам, отбасым, балаларым болмаса мен кіммін?
– Сен біз арқасүйейтін ер азамат екеніңді ұмытпа.
– Қайран, әке-шешем, осы күнді көрмегені өкінішті.
Бұл – диалог ерлі-зайыптының арасында ертеректе орын алған. Санада өшпейтін жойқын жарылыстың зардабы Темірбек үшін мәңгілік сақталатыны анық. Бірақ, ешқашан мойымайтын ел ағасы ата-анасына серт берген. Сертінен таймайтын оның қажыр-қайратын бар ауыртпалық атаулы еңсере алмасы анық. Жол үстінде кетіп бара жатқан Темірбектің телефоны шыр ете қалды. Тұтқаның ар жағынан әйелінің дауысы шықты.
– Атасы, үйге қашан келесіз? Тамақ дайын.
Телефонның ар жағынан жарының дауысын естіген Темірбек үйге жетуге асықты. Себебі, үйде балалары алдарына қойған тамақты бастамай әкесін күтіп отырған. Міне, нағыз бақытты сезіне білген ел ағасының әрбір күні осылай жалғасып келеді.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ