Шина монтаждайтын шебер
Тереңөзектік Самат Дәуітханұлы бірнеше айдан бері кәсіпкер ретінде тіркеліп, жергілікті халық үшін шина монтаждау орталығын ашты. Жас кәсіпкер өз қаражаты есебінде орталықты автокөлік шиналарын жөндеуге арналған құрал-жабдықпен толықтай қамтамасыз еткен. Қазіргі уақытта автокөлік дөңгелегінің жүрісін жақсарту мақсатында көпшілікке сапалы қызмет ұсынатын талапты жас дәнекерлеу жұмысын да іске қосқан.
Біз жас кәсіпкердің жұмысымен жан-жақты танысу мақсатында шина монтаждау орталығына бас сұққан болатынбыз. Күніне онға жуық автокөліктің дөңгелегін жөндейтін Самат Дәуітханұлы «Қазақ» және Әлішер Тоқмағамбетов көшесінің қиылысында орналасқан ғимаратты кәсіпкерлік бағытқа негіздеген. Теміржол саласында 11 жылдан бері еңбек ететін жас кәсіп иесі осы қызмет түрінің қыр-сырын айтып берді.
– Нарық заманында бір орында тоқтап қалуға болмайды. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, табыс көзін еселейтін кәсіпті меңгеруге ұмтылыс керек. Біз отбасылық шағын бизнесті жандандыруға ден қойдық. Өзімнің әкем мен ағам әрқашан жәрдемдесіп, жан-жақты бағыт-бағдар беруде. Ағам Жасұлан Қашақов – 30 жылдық тәжірибесі бар дәнекерлеуші. Әрі ісіне мығым білікті маманнан үйренерім көп. Автокөлікті және өзге де темір бұйымын дәнеркелейтін шеберге күнделікті келуші қатары көп. Шина монтаждауға керекті құрал-жабдықты алуға 4 миллион теңге қаражат жұмсадық. Аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге дайынбыз, – деді шебер.
Негізінен Самат Дәуітханұлы – №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектептің түлегі. Ол – отбасында үш ағайынды. Зайыбы Айдана Болатқызымен бірге үш перзент тәрбиелеп отыр. Жаңа кәсібін жетілдіруге күш салып келе жатқан жас кәсіпкер автокөліктің 4 дөңгелегін 4 мың теңгеге ауыстырып береді. Ал дөңгелек резеңкесін жамату үшін тұтынушы 500 теңгесін жұмсайды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ