Қазақстанда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған аймақтарда оқушылар қашықтан оқиды
Су тасқыны болған аймақтарда оқу онлайн форматқа көшеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың жұмысы аясында 88 білім беру ұйымы 4-тоқсанда қашықтан оқиды.
Қашықтан оқу су тасқыны қаупі аймағында орналасқан 56 білім беру ұйымында, сондай-ақ эвакуацияланғандарды қабылдау пункттері белгіленген 32 мектепте ұйымдастырылған.
"Осы дүйсенбіден бастап 3 миллионнан астам қазақстандық оқушы үшін 2023-2024 оқу жылының төртінші тоқсаны басталады. Сонымен қатар су тасқыны болып жатқан аймақтардағы мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшеді. Оқу-ағарту министрлігінің білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету бойынша аумақтық басқармалары, сондай-ақ облыстық білім басқармалары бар. Эвакуациялық орталықтардағы балаларға қажетті көмек көрсету үшін психологиялық қызметтер қолданылады. Балалар барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілген: киім-кешек, оқу құралдары және қашықтан оқуға арналған техникалық құралдар. Эвакуацияланған 1-4 сынып оқушыларын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылып жатыр", – деді ведомствоның ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Төтенше жағдай кезінде тәуекелдерді барынша азайту және оқу үдерісін жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Ақтөбе облысындағы колледждердегі сабақтар қашықтан оқу форматына көшірілді.
Фото:Н.Нұржаубай