Президент спорт саласы әрдайым мемлекеттің басты назарында тұратынын айтты
– Былтыр «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға бірқатар маңызды түзету енгізілді. Мемлекеттік деңгейде басымдық берілетін спорт түрлері айқындалды. Соңғы бес жылда елімізде спорт саласын дамытуға 616 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жалпы, қазір осындай нақты шаралар өз нәтижесін беріп жатыр деуге болады. Спортшыларымыз жаһандық аренада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекетіміздің беделін көтеріп жатыр. Осы орайда, параойындарда 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартқан Айсұлу Сүлейменованың қайсарлығын ерекше атап өткен жөн. Айсұлу Сүлейменова қазақтың рухы биік, намысы зор батыр қыздарының жолын лайықты жалғастырып келеді. Ол тағдырдың қиын сынағына тап болса да, тек қана алға ұмтылып, көпке үлгі болып жүр. Қазір Құрылтай депутаты ретінде азаматтық борышын адал атқарып, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Қазақ «Күш – білекте емес, жүректе» дейді. Расында асқақ арман мен мұқалмас жігер тоғысқан жерде алынбайтын асу жоқ. Сондықтан параспортшылардың бойындағы жанкештілік пен табандылық әрдайым зор құрметке лайық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
t.me/aqorda_resmi
t.me/aqorda_resmi









