Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚ АЙТСА, ҚАЛТ АЙТПАЙДЫ

ХАЛЫҚ АЙТСА, ҚАЛТ АЙТПАЙДЫ

Ертеректе төменгі жақтағы кіші жүз елінде еліне сыйлы, ел билігіндегі азаматы текті бір әулеттің көркем мінезді, парасат-пайымы, келбетіне сай келген қызын тоқалдыққа алыпты деген әңгіме елден-елге тарап, Ақмешіт маңына да жетеді.
«Жақсыны көрмекке» демек­ші, осы аймақтан орта жүздің ішінде өзі шешен әрі сері жігіт айтылған әңгіменің анығына көз жеткізу мақсатында жанына он-он бес жігіт ертіп, тарту-таралғысымен сол елге келеді. Межелі үйіне сәске шамасында «құтты болсын» айтып, арнайы қонақ екенін білдіреді. Үй иесі қонақтарды шын ықыласымен арнайы тігілген үйге жайластырып, ас-дәмін әзірлетеді. Меймандармен әңгіме-дүкен құрып, ар жағы ән-жырға ұласады.
Сері жігіт осындай дастарханды думандата отырып, жаңа түскен келіншектің әр қимылын бағып, іс-әрекетінен еш мін таба алмайды. «Ел мақтағандай кісі екен» деп отырғанда кенет әлгі келіншек шәйдің орта шенінде дыбыссыз астындағы көрпешесін жамбасына қыса, әдепті жүріспен тысқа шығып кетеді. Оның орнына өзге әйел шәй құюды жалғастырады. Өзге жұрт бұл жайды байқамай қалады.
Келген қонақтар бірнеше күн мейман болып, риза болады. Елдеріне жүрер мезгілде сері жігіт келген күні шәй үстіндегі жәйдің мәнісін білгісі келетінін айтады. Сонда үй иесі:
– Ол кісі дастархан басындағы меймандардың кесесін ауыстырып алғанда бәкінің ұшымен оның жамбасынан түртіп қалғанмын. Сірә, сонда бәкі терең батып кеткен болу керек. Қан шығып, соны «көрсетпеймін» деп отырған көрпешесімен жамбасын басып шығып кетті, – дейді.
Сері жігіт таңырқай қарап:
– Ойпырмай! «Халық айтса, қалт айтпайды» деген рас екен-ау, – деп іштей игі ниетпен аттанып кетіпті.
Он сегіз мың ғаламның иесі бар,
Қажыған қарт даланың киесі бар,
Киесі бар? Қазақ деген иесі бар.
Бар болмысты сыйғызған бір-ақ түйін,
Даналық сөздерінің жүйесі бар, – деген екен.

Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы
09 сәуір 2019 ж. 1 158 0