Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілегі перзентіне таудай болған

Тілегі перзентіне таудай болған

Тілегі перзентіне таудай болған,
Жүрегін әкелердің баурай да алған.
Жаны асыл аналар-ай, жабырқасаң,
Сезетін жай-күйіңді шалғайлардан.
Тағдыры басқа-басқа болғанымен,
Тәлімі бір-бірінен аумай қалған.

Шашқандай күн шуағын көктем келіп,
Анасыз өсіп-өніп, көктeр ме едік?
Еріксіз құшағында елжірейсің,
Жүрегің жылуынан кеткенде еріп.
Тілсе де өзектерін ащы уайым,
Жүрсе де сан сынақты көптен көріп,
Сыр бермей бәрін шыдап көтеретін,
Аналар неткен нәзік, неткен берік.

Шет жүрсең сарқылмайтын сағынышың,
Артық қой ақ ананың қадірі шын.
Ол сенің жанға рахат сая бағың,
Сен оның жалғандағы жарығысың.
Бейнеттен аянған жоқ олар бізді,
Ешкімнен кем қалдырмай бағу үшін.
Біздер ше, айтарлықтай не жасадық?!
Көңілін анамыздың табу үшін!

Нұр жүзін әжім жапқан ізгі аналар,
Ұл-қызым жүрсе дейді ізбен адал.
Көбірек көңіл бөлсек, одан басқа,
Ештеңе дәметпейді бізден олар.
Жайқалған жапырағы ана – шынар,
Балаға мейірімнен панасы бар.
Мұң тұрса қапияда қабағыңа,
Қашан сен қуанғанша аласұрар.
Иманы артығырақ болса кімнің,
Анасын разы етуге сол асығар.
Ардақтап тілін тапсаң тірлігіңде,
Алдыңнан жәннат бақтың
жолы ашылар.

Сен десе мейірімі ала бөтен,
Ол әркез қамқорың боп қалады екен.
Тұрғыны жеті миллиард жер бетінен,
Жан таппайсың жанашыр анаға тең.

Ұл өсірген ұғымын биік қылып,
Қыз өсірген қылығын сүйікті ғып.
Мейірімнен жаралған жүректегі,
Бар жылуын жүзіне жиып күліп.
Бауырына басатын аналар-ай,
Құшағына кең әлем сыйып тұрып.

Таңдайыңа төсінен тамған нəрі,
Тəтті болған шекер мен балдан-дағы.
Ана деген аяулы мейірбаның,
Оны ұмытып бала жоқ жанған бағы.
Ең үздік аспаз да сол жалғандағы,
Тіл үйірер аузыңа салған дəмі.
Тілеуіңді тілеуден шаршамайтын,
Қандай бақыт анаңның бар болғаны.

Алтынды қолда барда бағалашы,
Жүзіне қабақ шытып қарамашы.
Сəбиін тəттім дейтін аналарға,
Баланың бал екен ғой баламасы.
Алдымен өзін қойып, бізді ойлайды,
Оларға уайым емес қара басы.

Қанағат қылса бірі қара суға,
Ал бірі жұртпен жақсы жарасымда.
Бірінің жылуы көп жүрегінде,
Бірінің ақылы мол санасында.
Бәріне ризалықпен сүйсінесің,
Көргенде іштей қайран қаласың да.
Кейінгі ұл-қыздарға үлгі етердей,
Тәлім бар қазақтың әр анасында.

Қуаныш ҚОЛХАЕВ
07 наурыз 2024 ж. 106 0