Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰРПАҚ КҮТУ – ҰЛАҒАТТЫ ІС!

ҰРПАҚ КҮТУ – ҰЛАҒАТТЫ ІС!


Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта.  Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.
Әрбір нәрестенің дүниеге келуі – бұл ғажайып және қайталанбас ерекше оқиға. Әйел ана болубақытына кенеліп, сәби бағып-қағу кезінде  көптеген жаңа сезімдерге бөленеді.  Отбасындағысондай қуанышты  кезең – бұл әрине ұрпақ күту. Кіп-кішкентай, қорғансыз нәресте болашақта Сіздің үмітіңіз, қуанышыңыз және тірегіңіз болады. Бірақ ол Сіздің қолыңызда. Болашақ ана енді өзі үшін ғана емес, нәресте үшін де жауапты. Болашақ нәресте ешқандай мұқтаждық көрмей, дұрыс өсу үшін  жүкті әйел дұрыс тамақтанып, күніне  кемінде 70-100 грамм ет /құс ет немесе балық/, бұршақ дақылдары /ас бұршақ,  үрме бұршақ, маш, жасымық/, сүт өнімдерін /сүзбе, ірімшік,  сүт, айран, қатық, шұбат/,  400 грамм жеміс пен көкөніс /көбінесе сары және жасыл түстілерін: асқабақ, сәбіз, болгар бұрышы, қырыққабат және т.б./ жеу керек. Темірдің жетіспеушілігі қан аздыққа әкеледі. Оның пайда болудың бір себебі, аспен бірге шәй ішу. Шәйдің құрамындағы  танин, тағамнан бөлінетін темірдің сіңуіне кедергісін келтіреді.
Қазіргі уақытта медицина саласында отбасын жоспарлау денсаулық мектептері қызмет атқарады. Бұл мектептің басты мақсаты – отбасылық жұптарға немесе репродуктивті жастағы тұлғаларға отбасын құруды алдын ала жоспарлауы жатады. Мысалы; жүктілікті жоспарлау, бала күтімі, қажетсіз жүктілікті, бала көтеру уақытының арақашықтығын жоспарлау, ата-ананың жасына байланысты бала көтеру және тағы да басқалары.
Әрбір әйел өз жүктілігінежауапкершілікпен қарауы тиіс, бұл оған ана болу және өмірге  денсаулығы мықты баланы дүниеге әкелу бақытын сыйлайды.

ЖШС «Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» Сырдария ауданы бойынша маманы
Г. Жаналиева
18 мамыр 2018 ж. 1 097 0