Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұялы телефондарды тіркеу қашан басталады?

Ұялы телефондарды тіркеу қашан басталады?


Келесі жылдан бастап тіркелмеген ұялы телефондар байланыстан ажыратылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, ұялы телефондарды тіркеу шаралары шілде айында басталады. "Негізі, барлық процедуралық мәселелер шешілген. Тіркеу шаралары шамамен жарты жылға созылады. Дегенмен, біз аталған жұмысты барынша оңтайландыруға тырысамыз. Мысалы, абонентке SMS-xабарлама келеді. Ол өз келісімін берсе болды. Ол жағынан қиындықтар болса, жақын жердегі ұялы байланыс кеңсесіне бару қажет. Сосын онлайн тіркеу қызметін де іске қосуды жоспарлап отырмыз. Меніңше, жылдың аяғына дейін бәрін ойдағыдай шешеміз", - деді Д.Абаев xалыққа есеп беру кездесуінде.
Айта кетейік, бүгін министр Абаев келесі жылы тіркелмеген телефондарға ұялы байланыстың қосылмайтынын тағы бір мәрте еске салды.
"Осыдан екі жыл бұрын ұялы телефондады тіркеудің жаңа ережелері қабылданған болатын. Содан бері арнайы ақпараттық жүйе әзірленді. Оны іске асырудың арқасында ұялы телефондардың ұрлығын айтарлықтай азайтуға болады. Себебі ішкі істер органдары ұрланған телефонды IMEI-код арқылы бірден бұғаттай алады.
"Дегенмен, IMEI-кодтың көмегімен телефон иесін анықтау қиын болып тұр. Ал жаңа норманы толыққанды іске қосу үшін IMEI-кодты адамның жеке сәйкестендіру нөмірімен, сондай-ақ, телефон нөмірімен байланыстыру қажет. Осылайша, ұялы байланыс пайдаланушылары 2018 жылдың аяғына дейін өз құрылғыларын тіркеп қоюы қажет. Себебі 2019 жылы 1 қаңтардан бастап тіркелмеген абоненттерге қызмет көрсетілмейді", - деп атап көрсетті Д.Абаев.
17 мамыр 2018 ж. 1 249 0