Өнегелі өмір өрнегі
«Аудандағы клуб, кинотеатр, универмаг дүкені – барлығының құрылысы өз қолымыздан шықты ғой. Кезінде дүркіреп тұрған ғимараттар уақыт ағынымен өзгеріп, қазір атауы, бағыты да өзгерген» деп бастады ағай әңгімесін. Айтып отырғаны – өзіміз жиі бас сұғатын қазіргі «Серікбол» дүкені, түрлі іс-шаралар өткізетін мәдениет ошағы – кент мәдениет үйі екенін түсініп, құлағымыз елең ете қалды.
Өткен күн – қазір тарих. Әсіресе тек қазіргі жай-күйі ғана көз алдымызда тұратын кейінгі буынға аудан орталығына сән беріп тұрған зәулім ғимараттардың тарихы қызықтырақ. Мұса Қозыбаев – қанша жыл өтсе де сыны мен сыры кетпеген аудандағы маңызды ғимараттарды салған құрылысшы. Отыз жылдан астам құрылыс бөлімінде жұмыс істеген қария денсаулығы сыр бермейінше осы саладан қол үзбеген.
Кейіпкеріміз 1950 жылдың тумасы. Тереңөзек кентінде дүниеге келіп, осы ауданның ұзақ жылғы тарихымен бірге жасасып келеді. Ауданның өсуі-өркендеуі, талай сындарлы сәттерден өтуі – бәрі-бәрі бұл кісілердің көз алдында күні кешегідей сайрап тұр. Екінші дүниежүзілік соғыс бітіп, ел тұрмысы енді ғана аяққа тұрып келе жатқан тұста дүние есігін ашқан кейіпкеріміздің тағдыры оңай болды дей алмаймыз. Кішкентай кезінде әкесі науқастанып, үйдің тірлігі, отбасын асырау Мұса ағамыздың еншісінде болған. Әдетте ауыр тағдыр адамды ерте есейтеді деп жатамыз. Кейіпкеріміз де әкесінің үмітін ақтау үшін небәрі 16 жасынан бастап ауыр жұмысты қол еткен. Кеңес үкіметі кезінде кәсіптік-техникалық училищеде білім алып, 1967 жылы құрылыс саласында еңбек жолын бастаған. Білгені мен тәжірибесі аға буынның тәрбиесімен үйлесім тауып, құрышқол құрылысшы талай зәулім ғимараттың іргесін қалаған.
– Уақыт зымырап өтіп жатыр. Құрылысты бала күнімде кәсіп етіп бастап едім. Үйренгеніміз көп болды. Аудандағы маңызды мекемелердің әр кірпіші қолымыздан қаланды. Аудандық емхана, прокуратура мекемесі, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауылындағы, Іңкәрдариядағы мектеп – бәрінің алғашқы тасы қалай қаланғанына дейін көз алдымда. Кейін соңымыздан ерген буынға біз де білгенімізді үйреттік. Көшеде көре қалса әлі күнге «ұстаз келе жатыр» деп тікесінен тік тұрып, сәлемдеседі. Жиырма бес жыл бригадир болдым. Адал еңбек пен маңдай тер адамды ешқашан жерге қаратпайды. Бұл менің әлі күнге балаларыма, немерелеріме айтып отыратын басты қағидам, – дейді Мұса Қозыбаев.
Жұмыс бабында қауіппен қатар келген тұстар болғанын да жасырмады кейіпкеріміз. Ауыр еңбекті қол етіп, қазіргі таңда денсаулығы сыр бергені де жасырын емес. Бірақ адал еңбек ағамызды шыңдаса, құрыш білектің қуатын жұмсап салған ғимараттардың қызығын кейінгі буын әлі күнге көріп келеді.
Бас редактордың тапсырмасымен, жұмыс уақытында кейіпкеріміздің шаңырағына арнайы бас сұқтық. Аға да, апа да үйде екен, құрақ ұшып қарсы алды. Мұса Қозыбаевтың зайыбы Съезкүл Оразаева – саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған жан. Бала тәрбиелеу ісінде елеулі еңбек сіңірген ардагер №35 мектеп-лицейдің ардагері, бүгінде бастауыш ардагерлер ұйымының мүшесі. Зейнет демалысына шықса да, қоғам өмірінен, бала тәрбиелеу ісінен бір сәт қол үзген емес. Журналист болып кейіпкеріңді зерделеу үшін шаңырағына барғанда жан-жағыңды бақылап, әр сөзді қалт жібермеуге тырысасың. Отау құрғандарына елу жылға жуықтаған қариялардың арасындағы сыйластық кейінгі буынға үлгі. Бір-біріне қамқор болып, сіз-біз десіп отырған жандардың өнегелі өмірі де, саналы ғұмыры да кейінгі буынға тәрбие көзі боларлықтай.
Балаларына тәлімді тәрбие беріп, адалдықты әркез өсиет ететін жандардың үш баласы бар. Бүгінде оқуын оқып, түрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген жандар ата-анасына немере-жиен сүйгізіп, бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған жайы бар. Үлкені Айгүл – ана жолын жалғап, ұстаздық мамандықты кәсіп еткен. Ұлдың үлкені Айбек – ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмыс істейді. Ата-ананың бабын келтіріп отырған келін Назым – жеке кәсіпкер. Кіші ұл Айдос – ветеринария саласының маманы. Қазыналы қарттыққа үлкен абыроймен жеткен ақылгөй қариялар бүгінде ұл-қыздан тараған екі жиен мен алты немеренің сүйікті ата-әжесі.
– Мен орыс тілі пәнінен сабақ бердім. Бір салада табан аудармай еңбек етіп, зейнет демалысына шықтым. Ағаңмен 1978 жылы шаңырақ көтердік. Қазір немерелердің қызығына тоймай, осылардың тілеуқоры болып жүрген жайымыз бар. Отбасымызбен қазақы құндылықтарды, салт-дәстүрді берік ұстауға тырысамыз. Бірақ балалардың бірнеше тілді қатар меңгеруін құп көріп, жастайынан орыс тілін де игертуге күш саламыз. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген. Аудандық газеттің әр нөмірін жібермей оқимыз. Газетке жарияланатын мақалалардың тақырыптық ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Оң өзгеріс, алға жылжу, ұдайы ізденістің нәтижесі, журналистердің қажырлы еңбегі әр мақаладан анық көрініп тұрады. Жұмыстарың жемісті болсын, айналайын, – деп жылы лебізін білдірді Съезкүл апай.
Иә, ата-анаға «балаң жақсы» дегеніндей, бізді де газет туралы оң пікірлер арқаландырады. Айтпақшы, Мұса ағаның еңбегі жоғарғы басшылықтан ұдайы еленіп отырған. Кеңес заманындағы марапатты былай қойғанда, кейінгі жылдары алған «Алғысы» да жетерлік. Соның ішінде 2018 жылы алған ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің арнайы «Құрмет грамотасының» шоқтығы биік. Одан бөлек әр жылдардағы облыс, аудан әкімдерінің және құрылыс басқармасы басшыларының Алғыс хаттары да бар. Бұл – құрыш қолды құрылысшыға халықтың, елдің, құрылысшы қолынан шыққан ғимараттардың игілігін көріп келе жатқан көптің алғысы десек, артық айтқандық емес.
Ер азаматтың үш міндетінің бірі – ұрпағына үй салу болса, түгел аудан әлі күнге игілігін көріп келе жатқан ғимараттардың кірпішін қалаған қарияның қызығынан қиындығы көп салада атқарған еңбегі орасан. Адамды құрметке бөлейтін – еңбек. Өнегелі ісімен кейінгі ұрпаққа тәлімді тәрбие беріп отырған қазыналы қариялар ұрпағына әркез адал еңбекті үгіттейді. Сіз-біздігі жарасқан жандарға зор денсаулық тілегіміз келеді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ