Өндірісті дамыту жолдары қаралды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалуын саралады.
Еске салсақ, 7 ақпан күні Мемлекет басшысы Үкіметтің жаңартылған құрамының отырысында еліміздегі өндірісті тың серпінмен дамыту қажеттігін атап өтіп, орта бизнеске нақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беруді міндеттеді. Алға қойылған тағы бір мақсат – индустрия саласында орта кәсіпкерлікті қалыптастыру.
Аталған тапсырмаларды сапалы орындау үшін аймақта өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жұмыс жасап тұрған өндірістерді кеңейтіп, жаңа өндірістерді ашуға басымдық беру керек.
«Алдағы бесжылдықта құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын 65 инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы жоспарланған. Жобалар аясында 8500 жұмыс орны ашылатын болады. Биыл 28 млрд. теңгенің 12 жобасы іске қосылуы межеленген. Оның ішінде 5 жоба Қызылорда қаласына, 2 жоба Шиелі ауданына, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Жаңақорған аудандарына 1 жобадан тиесілі. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, осы жобалардың мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Салық жүктемелеріне байланысты көп жағдайда орта бизнес ұсақталып, микро және шағын бизнес күйінде жұмыс жасауда. Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен, қаржы институттарымен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тиісті шараларын атқарыңыздар»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мемлекеттің қаржылай қолдауының басым бөлігі микро және шағын бизнесті дамытуға бағытталғанын атап өткен облыс әкімі кәсіпкерлердің орта бизнеске айналу талпынысын сүйемелдеуді тапсырды. Өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, бизнес ахуалды жақсарту мәселесі күнделікті бақылауда болуы тиіс.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі