Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірде Президент тапсырмалары сапалы әрі уақытылы орындалады

Өңірде Президент тапсырмалары сапалы әрі уақытылы орындалады

Кеше ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен селекторлық режимде Үкімет отырысы өткізілді. Жиында Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын және Үкіметтің 12 желтоқсандағы кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Жиынға министрлер мен онлайн режимде өңір әкімдері қатысты.

Ведомство басшылары Президент тапсырмаларын орындау бойынша атқарылған жұмыстарды тізбектеп, алдағы міндеттерімен бөлісті.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмалары уақытылы әрі сапалы орындалуы қажет екенін қаперге салып, министр мен өңір әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

- 2023 жылы бізді жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдер күтіп тұр. Біз Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен тапсырмаларын сапалы іске асыру үшін барынша күш салуымыз керек. Сондай-ақ, біз форс-мажор жағдайларға барынша тез әрекет етуіміз қажет. Әр министр өз саласы бойынша тапсырмалардың 100%-ға орындалуына кепілдік беруі тиіс. Ал әрбір әкім жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық мәселелердің сапалы шешілуін қамтамасыз етуі керек, - деді Әлихан Смайылов.

Селектордан кейін Үкімет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері мен өзге де мәселелерді саралады.

Президент тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды, яғни бірінші кезекте жылу беру маусымы қалыпты режимде өтуі қажет екенін тапсырған болатын. Бұл ретте аймақта жылу проблемасын түбегейлі шешудің жолы ретінде қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасы қаланды.

«Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлескен жұмыстар 2025 жылы аяқталып, жаңа нысан ел игілігіне беріледі. Бұл қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз етеді.

Облыс әкімі соңғы уақытта тұрғындар тарапынан газдың қысымына байланысты шағымдар түсіп, көпқабатты және жер үйлерде жылу деңгейі төмен екенін алға тартып, қала әкімі мен жауапты сала басшыларының жұмысын сынға алды. Бұл тұрғыда жұмысты ретке келтіру үшін орынбасары Мархабат Жайымбетовке, қала әкімі мен басқарма басшысына нақты тапсырма берді.

- Соңғы апталарда күн күрт суыта түсіп еді, қала аумағында жылудың деңгейі төмендеп кетті. Тұрғындар тарапынан түрлі шағымдар түсті. Бұл мәселенің шешімін шұғыл түрде шешіп, жылу беруді қалпына келтіру керек. Қажет болса, мамандарыңызбен бірге үйлерді аралап, жағдаймен жіті танысып шығыңыздар. Қысқа дайындық кезінде де мен бұл мәселеге бірнеше рет тоқталдым. Бірақ, жұмыс нәтижесі аз.

Көмір қорына да халықтың алаңдаушылығы болмауы тиіс. Қажетті мөлшерге сай қор қалыптастыру тікелей міндеттеріңіз. Жұмысты күшейтіңіздер,-деді Н.Нәлібаев.

Президент жүктеген тағы бір міндет - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында агроөнеркәсіп кешенін, оның ішінде өңдеу саласын дамыту. Бұл бағытта облыс әкімі бірінші орынбасары Серік Қожаниязовқа ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру аясындағы шараларды одан әрі жалғастыруды тапсырды.

Өңдеу саласын дамытуға бағытталған 28 инвестициялық жобаның уақытылы әрі сапалы іске асырылуын бақылауға алу қажет деді. Тұрғындар үшін алдағы апта ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне кәсіпкерлерді белсенді түрде шақырды.

Жиында қала мен аудандардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне де талдау жүргізілді. Негізінен, аймақта 11 ай қорытындысымен бірқатар макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты.

Тек, өнеркәсіп саласында төмендеу факторы жалғасып, өндірілген өнім көлемі 1,1 пайызға азайды. Бұл мұнай көлемінің төмендеуіне байланысты. Ал, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 171,4 млрд. теңгеге жетіп, өсім 0,3 пайызды құрады. Бұл ретте Қазалы, Қармақшы, Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласында төмендеу орын алған. Облыс әкімі аты аталған әкімдерге жұмысты күшейтіп, нәтиже көрсету қажет екенін баса айтты.

Аймақ басшысы қала, аудандар мен басқармалардың бюджетті игеру барысындағы көрсеткіштерін де саралады. 11 айдың қорытындысындағы талдау көрсеткендей, ең төменгі көрсеткіш Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласының бюджеттерінде қалыптасқан.

Облыс әкімі жыл соңында бюджет қаражатын мақсатты түрде игеру жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуді, қолға алынған жобалардың уақытылы әрі сапалы болуына басымдық берілетінін жеткізді.

- Қала, аудан әкімдері экономикалық көрсеткіштерге тоқсан сайын емес, ай сайын мән берулеріңіз қажет.

Жыл қорытындысымен орындалған міндеттер мен жұмыстарымыз Үкімет тарапынан бағаланады. Сондықтан Ұлттық жобалар, мемлекеттік және даму бағдарламаларында облысқа, оның ішінде салаға жүктелген нақты көрсеткіштер мен индикаторларға қол жеткізуіміз қажет.

Басты мақсат – өңір экономикасын дамытуға бағытталған жобаларды мерзімінде, сапалы, заңды жүзеге асыруымыз қажет,-деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімі жиын барысында берілген әрбір тапсырма өзінің тікелей бақылауында болатынын жеткізді.


Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
15 желтоқсан 2022 ж. 343 0