Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басқарма басшысы үздік педагогтармен кездесті

Басқарма басшысы үздік педагогтармен кездесті

Бүгін облыс орталығындағы Сейілбек Шаухаманов атындағы білім-инновациялық лицейінде басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы “Үздік педагог” конкурсы, республикалық кәсіби байқауларының жеңімпаздары мен шебер-педагогтер және “Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы” кадрлық резервіне өткен ұстаздармен кездесіп, еңбегімен еленген мамандарды марапаттады.

Айта кетейік, басқарма басшысы аймақтағы білім саласын дамытуға зор үлес қосып жүрген қызметкерлердің мәртебесін көтеріп, еңбегін қолдау және ынталандыру мақсатындағы келелі кездесулерді жиі өткізеді. Бүгінгі кездесу білікті мұғалім болуға талпынған саладағы жас мамандарға үлкен ұмтылыс сыйлады.

“Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты әрі күрделі жұмыс. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау өте маңызды міндет. Бүгінде облысымызда 23 мыңнан астам педагог бар. 10 жыл қатарынан өткізілген республикалық “Үздік педагог”байқауында өңіріміздегі жеңімпаз педагогтардың үлесі жоғары болуда. Бұл -жоғары көрсеткіш. Алда Сіздер бағындырар белестер әлі де көп. Облысымыздың білім сапасын арттыруда атқарып жүрген еңбектеріңіздің игілігін көріңіздер”,- деді бас ұстаз өз сөзінде.

Мұнымен қоса, Асқарбек Темірбекұлы ел-халық болып көтеріп берген мұғалім мәртебесінің үдесінен шығуды, ұстаз ұстынына лайық болуды, басты қағида ұлтқа, ұлт аманатына адал болуды мақсат етуге шақырды.

Кездесуде педагогтар өз жобалары туралы кеңінен баяндады. Робототехникадағы жаңа бағыттар, еңбекке баулу сынды әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін шыңдау, білім беру жүйесіндегі әдістер жайында сөз қозғап, аймақтағы білім саласының өзекті мәселелері жөнінде ойларын ортаға салды.

Шара соңында басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы барлық үздік педагогтер мен бүгінгі кездесу спикерлерін марапаттады.

©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
08 ақпан 2024 ж. 121 0