Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қардың қанша түрі бар?

Қардың қанша түрі бар?

Ақ ұлпа жауған ақ қардың қыс көркіне әсемдік беріп, айналаны тазалық пен ақ мамыққа бөлеп жататынынан бөлек өзіндік қыры мен сыры барын білесіз бе?

Кішкентай қар түйіршіктері майдалап жауғандай көрінгенімен, олардың формасы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Ал қардың 90 пайызы ауадан тұрады. Жерге баяу қалқып түсетіні де сондықтан. Тіпті ғалымдар қардың жер бетіне түсуінің жылдамдығы сағатына 0,9 шақырымды құрайтынын да анықтаған.

Жаймен қалықтап қар жауып тұрған ауа райында асықпай, қиялға ерік беріп серуендеген қандай тамаша, иә?! Ал сіз қардың су бетіне түскенде өте жоғары жиілікпен дыбыс шығаратынын білгенсіз бе? Бірақ ол дыбысты адам құлағы ести алмайды. Бұл дауысты тек балықтар қабылдай алады.

Қардың түсі тек аппақ болады деп ойласаңыз, қателесесіз. Қызғылт түсті қар да болады. Ондай тек биік тау бөктерлерінде, полярлы аймақтарда ғана кездеседі.

Аспаннан баяу ғана жерге құлдилаған қар түйіршіктері негізінен бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бірақ ол жай көзге аңғарылмайды. Үлкейткіш арнайы құралмен қарасаңыз, қар түйіршіктерінің бірінен бірі өтетін сұлу бейнесін анық аңғаруға болады. Бір қызығы, сонша шақырым жерден жерге құлдилаған қар түйіршіктері кеңістікте бір-бірімен жабысып қалуы мүмкін емес, соқтығыспайды да. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, қар қиыршықтарының жеті түрі бар. Ал қазақ халқында қардың мезгілі мен басқа да жай-күйіне орай ақша қар, алақанат қар, анжыр, боз қырау, жапалақ қар, жылбысқы қар, көбік қар, күпсек қар, күртік қар, қасат қар, қылау, қырау, омбы қар, сонар қар, сіреу қар, үрме қар, ұлпа қар сияқты толып жатқан атауы бар.
Әлемдегі ең үлкен қар түйіршігі АҚШ-та 1887 жылы 28 қаңтарда тіркеліпті. Алып қар ұлпасының ұзындығы 38 сантиметр болса, ені 20 сантиметрге дейін жеткен.

«Тт» ақпарат

03 ақпан 2024 ж. 188 0